"Омар Хайям – ғалым, ақын, ойшыл" атты әдеби кеш өтті
(last modified Mon, 30 Oct 2023 13:36:06 GMT )
Қаз 30, 2023 19:36 Asia/Almaty

19 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы Әлем әдебиеті қызметі бөлімі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының тікелей атсалысуымен "Омар Хайям – ғалым, ақын, ойшыл" атты әдеби кеш өтті.

Жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті қызметі бөлімі Иранның бір ақынының шығармашылығына арнап әдеби кеш өткізуді дәстүрге айналдырған. Әрине, мұндай әдеби кештер ирантанушылардың қатысуынсыз өтпейтіні анық. Сондықтан биыл да әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Ирантану бөлімінің атсалысуымен Омар Хайямның 975-жылдығына орай әдеби кеш ұйымдастырылды. Бұл кешке Алматы қаласындағы Иран мәдени орталығының директоры Х.Ағазаде, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, ф.ғ.к. Т.Қыдыр, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің деканы, т.ғ.к. Н.Б. Ем, шығыстану факультеті деканы ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD С. Жақыбаева, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі, философ.ғ.к. Д. Көкеева, Ирантану бөлімінің оқытушылары мен студенттері, ҚР Ұлттық кітапханасы Әлем әдебиеті қызметі бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова

Әдеби кеште Омар Хайямның ғалым, ақын және ойшыл ретінде келбеті ашып көрсетілетін баяндамалар жасалды. Сонымен қатар парсы тілін оқып жүрген студенттер Омар Хайямның рубаиларын парсы тілінде нақышына келтіре оқып, әдеби кештің көркін келтірді. Ал ҚР Ұлттық кітапханасы Әлем әдебиеті қызметі бөлімінің қызметкерлері Омар Хайямның рубаиларын қытай, түрік, орыс, парсы, және қазақ тілдерінде оқып қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Әдеби кештің соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді. Кеш соңында қорытынды сөзді сөйлеген ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орындасары Ажар Хамитқызы алдағы уақытта Иранның танымал ақындарының шығармашылығына арналған әдеби кештер жалғасын табатынын айтты. Парсы ақындары әлемді сұлулық пен мейірімділікке шақырушы ақындар ретінде танымал. Шынайы сұлулық пен өмірге, адамдарға және ең бастысы Жаратушыға деген махаббатты жырлаған парсы ақындарының шығармаларын оқырмандарға жеткізу баршамызға ортақ мақсат деген түйінмен әдеби кеш өз мәресіне жетті.  

Дайындаған: Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова