Коронавирус адамзат руханиятына қалай әсер етуде – сарапшы пікірі
(last modified 2020-04-08T19:20:32+00:00 )
Сәу 09, 2020 01:20 Asia/Almaty
  • Коронавирус адамзат руханиятына қалай әсер етуде – сарапшы пікірі

Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің мәдени істері жөніндегі кеңесшісі, елшілік жанындағы Иран мәдени өкілдігінің жетекшісі Әли Кебриайзаде әлем жұртын әбігерге салған коронавирус пандемиясының адамзат руханиятына қандай әсерін тигізіп жатқаны туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Коронавирус» деп аталатын қауіпті індет Ухань қаласында пайда болғаннан бері көп уақыт өтпесе де, вирустың таралу ошағына қарамастан, адамзаттың үрейі мен қорқынышын тудырған мәселе – оның секунд санап таралуында. Тіпті қысқа мерзім ішінде 200-ден астам мемлекетке таралып, адамзаттың жартысына жуығын үйде оқшаулануға мәжбүрледі. Індеттің таралу жылдамдығы, ауқымы мен деңгейі жоғары болуының салдарынан үкіметтер тек қана шетелдік азаматтардың келіп-кетуін тоқтатумен шектеліп қана қоймай, ішкі деңгейде де қатаң ережелер орнатып, ауқымды қаржы бөлу арқылы бұл вируспен күресіп жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл індет Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары адамзат пен оның өркениетіне төнген екінші ең үлкен қауіп саналады. Ол адамзат экономикасы, мәдениеті, саясаты мен жүйесіне үлкен қауіп төндіріп, алғаш рет өзінің ғылыми жетістіктерін мақтан тұтатын адамзатты өз дәрменсіздігін мойындауға мәжбүр етті», – дейді Әли Кебриайзаде.

Оның пікірінше, осындай жағдайда «Коронавирус пен одан туындаған тынышсыздық шынымен де мінез-құлықты өзгертіп, адамзаттың адамгершілік, руханият пен жаратылыстың қайнар көзіне  назар аударуына себепші бола алады ма?» деген басты сауал туындайды.

«Зерттеулер нәтижелері көрсеткендей, осы қысқа уақыт ішінде дәстүрлі қоғамдарда ғана емес, сондай-ақ заманауи әлемде де адам тығырыққа тіреліп, қысым көргені соншалықты, тіпті көптеген адамдар бұл індетті Құдайдың қаһарынан және адамзаттың немқұрайлығы мен зұлымдығынан туындаған апат деп аталып отыр. Олар Жаратушы мен адамгершілік қағидаттарына немқұрайдылық адамзат өмірінің қиындауына алып келгенін мойындайды. Адам қазір жаратылыс жүйесі мен оның басты қағидаттарын түсінуді басқа кездерден де көбірек қажет етеді», – дейді ол.

Сондай-ақ Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшісінің кеңесшісі бірқатар адамдардың өз бауырластарына қажетті мөлшерде көңіл бөлуден қалып, дұрыс өмір сүрудің жолы мен қағидаттарын ұмытып, пайдақорлықтың тұзағына түскенін өздері де мойындап отырғанын айтады.

«Осы тұрғыдан коронавирусқа басқа әлемнен көзге көрінбейтін міндет жүктелген тәрізді. Ол – адамға адамгершілікті қайта есіне түсіру. Саяси дегдарлар халықты дұға етуге шақырып қана қоймай, діннің көмегімен діни басшыларды өз ізбасарларына бұл вирусты неғұрлым тезірек жою үшін басты гигиеналық ережелерді сақтауға қажетті кеңес беруге шақырады. Тым болмағанда сырт көзге адамның өзіне оралуының бір белгісі болып көрінетін бұл рухани өтініштер мен мәлімдемелер бір топ үшін өткінші болуы мүмкін, ал тағы бір топ адам өмірі мейлі бірінші, екінші не үшінші әлемде болсын, жаратылыс ақиқаты мен өмірдің мәнін түсінбесе, орнықсыз әрі толқымалы болатынын түсінер. Қалай болғанда да, қазіргі таңда мән беріп, ойлануымызды қажет ететін маңызды мәселе – коронавирустың адамның жер бетінде даусыз әрі бәсекесіз болмысына қатысты күмән тудыруы. Осылайша, ол өмір сүру салты мен адам өмірін қастерлеу туралы үндеу немесе жаңа көзқарасты жеткізуі мүмкін. Бәлкім, адам өзіне және өміріне илаһи тұрғыдан қарау қажеттігін және қазіргі жағдайда немқұрайдылық пен бейтараптықтан ада болу керек екенін түсінер», – деп түйіндеді Иран Мәдени өкілдігінің жетекшісі.

Тегтер