Жел 24, 2020 23:48 Asia/Almaty
  • Қазақстанда  «Ялда түні» мерекесі тойланды

2020 жылы 21 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасына қарасты «Гүлістан» үйірмесінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы ИИР елшілігі және Алматы қаласындағы Иран бас консулдығының өкілдері, парсы тілі мен әдебиетінің ұстаздары мен студенттерінің бір тобы, Иран, Қазақстан, Босния мен Пәкістанның ирантанушылары мен тілтанушыларының қатысуымен «Ялда түні» мерекесі онлайн форматта тойланды.

Tabnak ақпарат агентігінің хабарлауынша, осы басқосуда ИИР елшісі Маджид Сабер әдебиетшілер мен ғалымдардың Иран мен Қазақстан арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайту және кеңейтудегі рөлін баса айтты. Ол «Ялда түні» мерекесін ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айта келіп, Ялданы Наурыз сияқты Жер шарының көп бөлігінде тойланатын ирандық рәсім деп атады.  

Иран елшісі Ялданы жарықтың тууы, нұрдың зұлматты жеңуі, жақсырақ болашаққа үміттену, өмірдің қиыншылықтары мен қараңғылықтарынан қорықпаудың символы деп атап, коронавирус дағдарысы жойылғаннан кейін оффлайн форматта конференциялар өткізілетініне үміт білдірді.  

Маджид Сабер ирандықтардың мыңдаған жыл бұрын түрлі ғылым салаларында, соның ішінде математика мен астрономияда тарихи жетістіктерге жетіп, нақты күнтізбе жасай алғанын айтты.  

Маджид Сабер Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласында Иран елшілігі, Алматы мен Ақтау қалаларында бас консулдықтар орналасқанына тоқталып, Иран өкілдіктері әсіресе мәдениет пен университетаралық байланыс салаларында екіжақсы әріптестікті дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, онлайн басқосуға Алматыдағы Иранның бас консулы да қатысып, сөз сөйледі.  

Осы рәсімде Еуразия университеті мен ҚазҰУ Шығыстану факультетінің жауапты басшылары мен ұстаздары, Иранның Сағди ұйымы, Шәһид Беһешти университеті мен Алламе Табатабаи университетінің ұстаздары, Пәкістан мен Босниядан бірнеше ұстаз сөз сөйледі.  

ҚазҰУ мен Еуразия университетінің парсы тілі бөлімінің бірқатар студенті Хафиз Ширази сияқты атақты парсы ақындарының өлеңдерін оқыды.

Тегтер