Maм 26, 2023 00:00 Asia/Almaty
  • Иранның Ғылым вице-министрі ҚҰҚПУ басшылығымен кездесті

24 мамырда Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеулер және технология министрлігінің делегациясы Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының мәдени атташесі Хосейн Ағазадемен бірге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне барып, университет басшыларымен кездесіп, пікір алмасты.

Ирандық делегация құрамында Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрінің халықаралық істер жөніндегі орынбасары Вахид Хаддади Асл, Ғылым министрлігінің Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығының халықаралық ұйымдар бойынша орынбасары Мәһди Яздан Панаһ, Ғылым вице-министрінің кеңесшісі Мохаммад Али Шабани келді.

Іс-шараға университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова, Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Закир Жұмақұлов, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Рая Әміржанова, филология институтының директоры Ашинова Кунипа қатысты. Кездесудің басында Еркін Жұманқұлова сөз алып, университеттің тарихы мен қызметіне қысқаша тоқталып, ирандық тарапты хабардар етті. Содан кейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастырушылары ирандық делегацияға университеттің ғылыми әлеуеті және мүмкіндіктерімен таныстыратын ағылшын тілінде дайындалған бейнебаян көрсетті.

Иранның Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрінің халықаралық істер жөніндегі орынбасары Вахид Хаддади Асл екі ел арасындағы ғылыми байланыстарды жандандыруда университеттердің рөлінің маңызды екенін айтып, осы салада ынтымақтастық жасауға әзірлік танытты. Хаддади Асл Иранда қыз балалардың білім алуына ешқандай шектеу жоқ екенін, қазіргі таңда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің 55 пайызын қыздар құрайтынын атап өтті.

Иранның Ғылым вице-министрі сонымен қатар жоғары оқу орындарын тәмамдаған студент қыздардың кейін жұмысқа тұрып, жауапкершілік жүктелгенде міндеттерін ең жақсы деңгейде атқаратынын ризашылықпен тілге тиек етті. Хаддади Асл Иранда тек қыздар ғана оқитын үш университет бар екеніне тоқталып, соның бірі Шәһид Беһешти университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті арасында ынтымақтастық орнату үшін мұрындық болуға ниет білдірді.

Иранның Ғылым вице-министрі әлем бойынша тек қыздар ғана білім алатын білім ордалары ректорларының басын жақында Теһранда қосу жоспарда бар екенін хабарлап, ресми шақыртудың жіберілетінін, дегенмен осы мұрсатты пайдаланып, университет басшылығын аталған мәдени іс-шараға қатысуға алдын-ала шақырды.

Ирандық тарап осы университетте парсы тілін оқып, үйреніп жатқан студенттерге қолдан келгенше көмектесіп, жаздық демалыста Иранда өтетін тіл жетілдіру курстарына барып, қатысуға демеушілік жасайтындарын, сонымен қатар бакалавриат, магистратура, докторантураға бес білім грантын бөлетіндерін де мәлімдеді.

Кездесудің соңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде парсы тілін оқып жатқан студенттер ирандық делегация мүшелерімен парсы тілінде сөйлесіп, өздерін таныстырып, өлеңдер оқып, білім деңгейлерінің жоғары екенін танытты.

Айта кетейік, Иран Ислам Республикасының Ғылым, зерттеулер және технология министрлігінің делегациясы 25-26 мамырда өтетін ИЫҰ-15 Ғылым министрлерінің бірінші отырысына қатысу үшін Алматы қаласына келді.

Тегтер