Израиль палестиналықтардың «Оралу құқығы» шерулеріне қарсы қатігездікті күшейтті
Палестинаның «Мизан» адам құқығы орталығы сенбі күні Газа секторында «Оралу құқығы» шеруі басталғаннан бері 267 палестиналықтың шәһид болғанын хабарлады.
«Мизан» адам құқығы орталығының мәліметі бойынша, шәһид болғандардың арасында 40 бала, 2 әйел, 8 мүгедек, 3 жедел жәрдемші мен 2 тілші бар. Шеруде кемінде 27 мың палестиналық Израиль әскерилерінің оғынан жараланды. «Оралу құқығы» шеруі сионистік режимнің басқыншылықтарына қарсы интифазаның жаңа толқыны әрі АҚШ-тың Палестинаға қарсы қастандықтарынан хабардар ету әрекеті саналады. Бұл Израиль мен оның демеушілерін қатты алаңдатып отыр. Мұның өзі әртүрлі тәсілдермен сионистік режимнің аймақтағы, әсіресе Палестинадағы басқыншылықтарын орынды деп түсіндіруді көздейтін Израиль мен оның басты демеушісі АҚШ-тың сәтсіздікке ұшырағанын көрсетеді. Палестина халқының «Оралу құқығы» шеруі түріндегі азаматтық қарсылығы қорғансыз палестиналықтар сионистік режим тарапынан басып-жаншылып жатқан жағдайда жалғасып жатыр. АҚШ, Израиль мен кейбір араб билеушілері «Ғасыр мәмілесі» келісімі негізінде халықаралық қатынасты сионистік режимнің мүддесіне қарай өзгертуді көздеп отырған жағдайда палестиналықтар қарсыласу қозғалысының әртүрлі әлеуеттеріне сүйеніп, соның ішінде «Оралу құқығы» шеруі арқылы іс жүзінде Палестинаға қарсы қастандықтармен күресу үшін жаңа майдан ашты.
«Оралу құқығы» шеруі жетістіктерінің бірі – Палестина мәселесіне баса назар аудару; екінші жетістігі – әлем халықтарының Газаның қоршауын жою қажеттігі тақырыбына көбірек көңіл аударуы. Газа секторы 2007 жылдан бері қоршауға алынған. «Оралу құқығы» шеруінің халықаралық қауымдастыққа жолдауы мынадай: палестиналықтар араб билеушілері, соның ішінде Сауд Арабиясы басшылары ұсынған шешім жолдарын қарастыруға мүдделі емес. Сауд Арабиясы басшыларының пікірінше, палестиналықтар не сионистермен бітімге келу жолын таңдап, соған қатысты шарттады қабылдауы керек, немесе тыныш қана бір бұрышта отыруы керек. Алайда палестиналықтардың реакциясы олардың басқыншылармен бітімге келу қорлығын қабылдамайтынын да, бір бұрышта үнсіз отырмайтынын да көрсетті.
Айта кетерлік жайт, Израильдің «Оралу құқығы» шерулеріне қарсы қатігездіктері күшейтілгенімен, бұл осы наразылықтарды тоқтатпағанымен қатар қарсыласу қозғалысының Палестинаның басқа аудандарында да, соның ішінде Иордан өзенінің батыс жағалауында да күшеюіне себеп болды. Осылайша, «Оралу құқығы» шеруі палестиналықтардың сионистерге қарсы наразылықтарын жалғастырып, кеңейтудің қозғаушы күшіне айналды.
Дегенмен халықаралық қауымдастықтың сионистік режим тарапынан Палестина халқына қарсы қатігездіктің күшейгеніне, соның ішінде бейбіт шерушілердің басып-жаншылуына үнсіздік танытуы бұл режимнің қылмыс жасауда одан ары жүгенсіздене түсуіне соқтырғаны ойландырарлық жағдай.