Мысырлық сарапшы: Шешім қабылдаудағы тәуелсіздік Иранға араб әлемінде ерекше бедел сыйлады
(last modified Sun, 18 Aug 2024 15:34:04 GMT )
Там 18, 2024 21:34 Asia/Almaty
  • Мысырлық сарапшы: Шешім қабылдаудағы тәуелсіздік Иранға араб әлемінде ерекше бедел сыйлады

Мысырлық сарапшы әрі тілші: "ИИР Батыстың қысымына қарамастан, тәуелсіз шешім қабылдау арқылы араб әлемінде ерекше орынға ие болды",-деді.

Абдулла әс-Санави бір мысырлық ақпарат сайтына берген сұхбатында: "Бұрыннан бері Палестинаның жағдайын бақылап, қазіргі уақытта "әл-Ақса дауылы" операциясы мен Палестина қарсыласу күштеріне қолдау білдіріп отырған араб халықтарының алдында Иранның абырой-беделінің артқаны сөзсіз",-деді.

Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Абдулла әс-Санави: "ИИР "әл-Ақса дауылы" операциясындағы батылдығы және соңғы кездегі тәуелсіз саясатымен араб әлемінде өзіндік орынға ие болды. Өйткені Иран Батыс Азиядағы шешімдеріне бақылау жасайтын аймақтағы жалғыз ел екені сөзсіз",-деді.

Мысырлық сарапшы: «Иран өз саясатында екі ұстанымға сүйенеді: біріншісі – АҚШ пен Израильге қарсы күресу, екіншісі – Палестина мәселесін тікелей қолдау. Мұндай ұстаным араб елдері билеушілерінде жоқ",-деді.

Абдулла әс-Санави осы туралы: "Менің ойымша, Израильмен соғыста қарсыласу күштерінің жеңіске жетуін қалайтын бірде-бір араб елі жоқ",-деді.

Абдулла әс-Санави Каир мен Теһран қарым-қатынасы туралы: "Мысыр, Түркия және Иран – аймақтың үш негізгі орталығы. Бірақ қаласақ та, қаламасақ та басқа тараптарды аймақ теңгерімінен шығарып тастай алмаймыз. Бұл қайшылықтарды ұмыту дегенді білдірмейді. Керісінше сол қайшылықтарды азайтатын құралдарды іздеу керегін білдіреді",-деді.

Мысырлық сарапшы Иранның шәһид президенті Ибрахим Раиси тұсында Мысыр мен Иран қарым-қатынасында серпіліс болғанын айтып: "Енді Каир мен Теһран арасындағы қарым-қатынасты қалыптандыратын кез келді. Өйткені бұл оқиға араб әлеміне қазіргі мәселелерді немесе ықтимал проблемаларды азайтуға мүмкіндік береді",-деді.

Абдулла әс-Санави: "Интеграция болады деген үміт бар. Және бұл Иран мен Мысыр үшін өте қажет. Бірақ бұл қысқа мерзімде Мысыр өз шешімдеріне толық егемендік алмайынша мүмкін емес. Бұл шешім Израиль мен АҚШ-тың бетіне ұрылған шапалақтай болмақ. Бірақ Мысырдың шешімдерін басқаратын қазіргі экономикалық дағдарыстың саясында мұндай шапалақтың ұрылуы мүмкін емес",-деді.

Израиль режимі 2023 жылы 7 қазанда Батыс елдерінің толық қолдауымен Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында Палестинаның қорғансыз және езілген халқына қарсы жаңа жаппай қырғын бастады. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, cионистік режимнің Газаға жасаған шабуылдарында 40 мыңнан астам палестиналық шәһид болып, 92 мыңнан астамы жараланды.

1917 жылы Англияның отарлау жобасына сәйкес әртүрлі елдерден еврейлерді Палестина жеріне қоныс аудару арқылы Израиль режимінің іргетасы қаланды, ал 1948 жылы ол мемлекет ретінде жарияланды. Содан бері Палестина халқын қырып-жою және оның бүкіл жерін иемденуге бағытталған түрлі жаппай қыру жоспарлары жүзеге асырылды.

Иран Ислам Республикасы бастаған бірқатар елдер Израильдің отаршылдық режимін ыдыратып, еврейлерді бастапқы елдеріне қайтаруды қатаң талап етіп келеді.