Қаң 08, 2017 20:08 Asia/Almaty
  • АҚШ Асадты биліктен тайдыру үшін ДАИШ тобын құрғанын мойындады

АҚШ Мемлекеттік хатшысы елінің Сириядағы негізгі мақсатын Башар Асадты билік басынан тайдыру деп атап, Вашингтонның осы мақсатқа жетуде ДАИШ лаңкестік тобын құруға қажетті жағдай жасағанын мойындады.

Сонымен қатар, Джон Керри АҚШ-тың ДАИШ тобын құрып, оның билігін қолына алуы арқылы Сирия президенті Башар Асад дипломатиялық шешім жолын табу үшін Вашингтонның шарттарымен келісіп, билік басынан кетуге мәжбүр болатындығына үміттенгенін мойындады. Керридің мәлімдеуінше, АҚШ осы екі мақсатына жету үшін ДАИШ-тің кейбір мүшелерін қару-жарақпен жабдықтаған. АҚШ-ның Мемлекеттік хатшысы: «Вашингтон ДАИШ тобының бұрынғыдан бетер күшеюін өзі қадағалады. Алайда, Сирия үкіметінің Ресейден көмек сұрайтынын болжамады»,- деді.

Мұның алдында да АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп та сайлау науқаны кезінде ДАИШ лаңкестік тобының Барак Обама үкіметі тарапынан құрылғанын ашық айтқан еді. Енді бұл мәселені Джон Керри де мойындап отыр. Алайда, Сирия үкіметі ДАИШ тобын құрушы және қолдаушы АҚШ үкіметі екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. ДАИШ лаңкестік тобының Сирия жерлерін басып алған алты жыл ішіндегі АҚШ-тың әрекеттері оның ұдайы ДАИШ-ке қолдау көрсетіп отырғанын көрсетеді. ДАИШ тобы қылмыстарының шарықтау шегіне жеткен кезеңінде АҚШ оларды қаржылай және қарумен қамтамасыз ету арқылы Сирия үкіметі мен халқына қарсы ауыр санкциялар жариялады. АҚШ Сириядағы лаңкестерді орта және әсірешіл топтарға бөлу арқылы оларға көмек көрсетіп отырды. Сонымен қатар, АҚШ лаңкестікке қарсы коалиция құру арқылы, Асад үкіметінің рұқсатынсыз Сириядағы әскери әрекеттерге араласты. АҚШ Сирия үкіметін биліктен тайдыруды мақсат етті, себебі ол сионистік режимнің Таяу Шығыс аймағындағы ашкөздігіне қарсы күрестегі алдыңғы шептегі ел саналады. Ал Вашингтонның Біріккен Ұлттар Ұйымында Сириядағы атысты тоқтатуға бағытталған жобалары тек ДАИШ лаңкестерін Сирия әскерінің қоршауын аман алып қалу мақсатында жасалды.

Сирия үкіметі мен халқының қарсылығы лаңкестердің Алеппо қаласындағы басып алған соңғы базасынан айрылуына себепкер болды. Сирия бебітшілік келіссөздері кезеңіне жетіп, АҚШ ДАИШ лаңкестік тобының негізгі қолдаушысы ретінде өзінің Сириядағы жеңілісін мойындауға мәжбүр болды. АҚШ-ның Мемлекеттік хатшысының елінің Сириядағы үкіметті құлату мақсатында ДАИШ лаңкестік тобын құруға жағдай жасағаны туралы уәждері лаңкестікпен күресуде Вашингтонға сенім білдіруге болмайтынын дәлелдейді. Осы мәселе Мосул қаласында ДАИШ лаңкестік тобымен күресіп жатқан ирактықтарға АҚШ-тың лаңкестікпен күреске негізделген уәждеріне сенім артпауы үшін  үлкен сабақ болып табылады. ДАИШ лаңкестік тобы осы күнге дейін басып алған Сирия және Ирак елдеріне үлкен шығын келтірді. Тіпті АҚШ-тың Еуропадағы одақтастары да ДАИШ лаңкестерінің шабуылдарынан аман қала алмады. АҚШ үкіметінің жоғары лауазымды тұлғалары аталмыш лаңкестік топты құрғанын мойындағанын ескерсек, бұл ел халықаралық қауымдастықтың, әсіресе Ирак пен Сирия елдері алдында жасаған әрекеттеріне жауап беруі тиіс.

 

Тегтер