Германия Түркияның арандатушылық әрекеттері жайлы ескерту жасады
(last modified Mon, 20 Mar 2017 09:12:03 GMT )
Нау 20, 2017 15:12 Asia/Almaty
  • Германия Түркияның арандатушылық әрекеттері жайлы ескерту жасады

Германияның Ішкі істер министрі Томас де Мезьер жуырдағы Анкара мен Берлин арасындағы текетірестерге сілтеме жасап: "Түркия мақсатты түрде Германия мен кейбір Еуропа елдеріне қарсы өрескел арандатушылық әрекеттерге барып отыр. Соңғы бірнеше апта ішінде Түркия мен кейбір Еуропа елдерінің, әсіресе Германия мен Нидерланды арасында бұрын-соңды болмаған текетірес пайда болды",- деді.

2016 жылғы 15 шілдедегі сәтсіз төңкерістен кейін Түркия мен Еуропа одағы арасында көптеген текетірес пайда болды. Түріктер осы төңкеріске байланысты ешбір анық ұстаным білдірмегені үшін Еуропаны өткір сынға алды.

Еуропа одағы да өз кезегінде Түркия үкіметінің төңкерісті ұйымдастырушылар мен оны қолдаушыларға қатысты әрекеттерін бірнеше рет сынға алып, мұндай әрекетті Анкара үкіметінің Еуропа одағына мүшелікке кірген сәттен басталған өз міндеттемелерін бұзу деп атады.

Осылайша Түркия үкіметі мен осы елдің президенті Режеп Тайып Ердоған еуропалықтардың сындарына құлақ аспағанымен қоса, Ердоған Түркияның сыртқы саясатын Шығысқа бағыттап, Еуропа одағына мүшелікке енуден бас тартуды қуаттады.

Осылайша, Анкара мен Брюссель арасындағы қатынастардың нашарлауымен қатар, Еуропа одағына мүше кейбір елдер мен Түркия арасында бұрын-соңды болмаған текетірестердің пайда болуына соқтырды. Соның ішінде германиялық бірнеше федералды жердің басшылары Түркияның лауазымды тұлғаларына түрік азаматтарына Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты референдумға қатысу үшін  үгіт-насихат жүргізу мақсатында сөз сөйлеуге тыйым салудан пайда болған текетірестердің шиеленісуі Анкараның өткір реакция білдіруіне себеп болды.

Еуропада өмір сүретін Түркияның шамамен 2,5 миллион азаматының Түркия Конституциясына өзгерістер енгізуге байланысты референдумға қатысу құқықтары бар. Бұл дауыстар Түркия үкіметі мен Ердоған үшін өте маңызды саналды. Сондықтан, Германия Түркия Конституциясына өзгерістер енгізуге байланысты басқосулар мен жиындар өткізуге тыйым салғаны үшін Ердоған сол елдің үкіметін «фашистік әрекетпен" айыптады.

Сонымен қатар, Түркия үкіметі Нидерланды үкіметінің Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлуның елге кіруіне тыйым салуы мен Нидерландыда өмір сүретін түріктердің басқосуында сөз сөйлеуге барған басқа түркиялық лауазымды тұлғаны еліне қайтарып жібергені үшін Түркиядағы Нидерланды елшісін елден шығарып, БҰҰ-на осы елдің үстінен шағым түсірді.

Бұл жағдайдың ушыққаны соншалықты, Ердоған тіпті исламға қарсы еуропалықтардың Крест жорықтары жайлы сөз қозғап, Еуропада өмір сүретін түрік азаматтарын Еуропаның болашағы деп атап, олардан өз отбасыларын кеңейтіп, көп балалы болу қажеттігін қуатады.

Дәл қазір Түркия босқындар тақырыбын пайдаланып, Еуропаға қысым жасауда. Түркия ашық түрде Еуропа одағымен арадағы босқындарды бақылауға байланысты 2016 жылжың наурыз айындағы келісімнің күшін жоюды айтып, қоқан-лоққы жасады. Мұндай әрекеттерімен түріктер еуропалық басшылардың қатты ашу-ызасын тудырды. Еуропалық басшылар Анкараның тез арада Еуропадан бөлініп, оның Еуропа одағына мүшелікке ену ықтималдығы азая түсетіні жайлы түріктерге ескерту жасады.

Түркияның Еропа одағына мүшелікке енуіне байланысты келіссөздер 2005 жылдан басталған болатын. 2016 жылдың наурыз айындағы келісімге сәйкес, Еуропа одағы мен Түркия ЕО-қа мүшелікке ену үдерісі мен визалық режимді жеңілдету мәселелері жайлы келіскен болатын. Осыған сәйкес, Түркия босқындар дағдарысына қатысты көбірек шара қолдануды өз мойнына алған.

Түркия үкіметінің осы елдегі сәтсіз төңкерісті басып-жаныштау әрекеттерінен кейін Еуропа одағы Түркия азаматтарына виза режимін алып тастау туралы уәдесін орындаудан жалтарып, бұл әрекет Анкараның Брюссельге қатысты қатты наразылығын тудырды.

Дәл қазір Еуропа одағы Түркияның Конституциясына өзгерістер енгізуге қарсылық білдіріп, бұл әрекетті Түркияны диктатура мен деспотизмге апаратын жол деп атады. Шын мәнінде, Еуропа елдерінің соңғы әрекеттерін Түркияның саяси жүйесіндегі өзгерістерге, яғни парламенттік жүйеден президенттіке өтуінің алдын алуға бағытталған шаралар деп бағалауға болады.