АҚШ пен Израиль – Сириядағы тұрақсыздықтың факторы
(last modified Thu, 15 Feb 2018 12:15:21 GMT )
Ақп 15, 2018 18:15 Asia/Almaty
  • АҚШ пен Израиль – Сириядағы тұрақсыздықтың факторы

Америкалық басшылар Сирияның әуе қорғаныс күштері тарапынан Израильдің F-16 қырғи ұшағы құлатылғаннан шамамен бір апта уақыт өткеннен кейін сионистік режимді қолдау аясында ИИР-ның Сирияда болуы аймақтың тұрақсыздануына себеп болып отыр деп уәж айтты.

Мұнымен бір мезгілде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон сәрсенбі күні Амман қаласында Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман ас-Сафадимен ортақ баспасөз конференциясында АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Никки Хейли БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қатысты отырысында Иранға қарсы ұстаным білдіріп: "Иран – Сириядағы тұрақсыздықтың факторы. Иран Сириядан өз күштерін шығаруы тиіс",-деп уәж айтты.

2018 жылдың 10 ақпанында басып алынған Голан жоталарында израильдік қырғи ұшақ құлатылған соң Сириядағы теңгерім өзгеріп, сионистер мен олардың демеушілеріне сириялықтардың позицияларына біржақты шабуылдар жасау кезеңі аяқталды, кез келген теріс әрекет Сирияның кесімді реакциясына ұшырайды деген жолдау жіберілді. Израильдіктердің Сирияға көптеген шабуылдары, сириялық күрдтерге қолдау көрсету аясында және ДАИШ-пен күрес сылтауымен АҚШ-тың Сириядағы бұлыңғыр рөлі Сирия мен аймақта тұрақсыздықтың жалғаса түсуіне себеп болып отыр. Америкалықтардың Сирияда заңсыз болуы және сионистердің әрекеттерін қолдауы лаңкестердің белсенділіктерінің жалғасуына соқтырды.

Иран Сирия Президенті Башар Асадтың заңды үкіметінің шақыруымен осы елге келіп, сондағы лаңкестермен соғысып жатыр. АҚШ лаңкестермен күресу сылтауымен коалиция құрды, бірақ бұл елдің осы саладағы саясаты бұлыңғыр. Катардың Сыртқы істер министрі Мұхаммад бен Абдурахман Але Сани сейсенбі күні Кувейтте АҚШ-тың ДАИШ-ке қарсы коалициясына мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің отырысында: "ДАИШ-пен күрес халықаралық коалициясы  лаңкестік топтардың қаржы көздерін жою үшін  ешқандай талпыныс жасаған жоқ. Өкінішке орай, бұл коалицияның кейбір ұстанымдары лаңкестік құбылысының пайда болуының себептері мен оның шынайы өзгеру үдерісіне қатысты нақты түсінікке негізделмеген",-деді.

Егер америкалық коалиция лаңкестікпен күресте шынайы рөл атқарса, бүгінде Сирия мен аймақта көбірек тұрақтылық болар еді. Сириядағы дағдарыстан 7 жыл өткенімен, бұл істің атқарылмауы АҚШ пен оның одақтастарының Сирия мен аймақта тұрақсыздық тудырушы рөлге ие екенін көрсетеді. Сирия армиясы мен оның одақтастары лаңкестерді тығырыққа тіреген кезде АҚШ лаңкестерді толықтырушы ретінде іске кірісіп отырды. Мысалы, Сирияның солтүстігі мен шығысында ДАИШ-ты жеңуге талпыныстар шарықтау шегіне жеткен күндері АҚШ іс жүзінде көмекші күш ретінде ДАИШ лаңкестеріне көмектесті.

Осы салада Сирия Сыртқы істер министрінің орынбасары Фейсал Микдад сәрсенбі күні Вашингтонның ДАИШ-тың мың мүшесін ұшақпен Раккадан Дейр оз-Зорға тасымалдағанын айтып, БҰҰ мен халықаралық қауымдастықтан Сирияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп, осы елдің егемендігін нысанаға алып отырған АҚШ-тың әрекеттерін тексеруді сұрады.

Сондықтан Сирия мен Таяу Шығыс аймағындағы тұрақсыздықтың бастауы болып отырған нәрсе Иранның Сирия немесе Иракта заңды түрде болуы мен рөлге ие болуы емес,  америкалықтар мен олардың одақтастарының Сирияға қатысты қатынасы болып отыр. Олар Сирияны нысанаға алу арқылы осы елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіруде. АҚШ-тың Сирияда әртүрлі базалар құруға талпынуы, Сирияның солтүстігінде жергілікті тұрғындардан күш қалыптастыруға тырысуы және Дамаскты химиялық қару қолданды деп айыптау жобасы, осының барлығы АҚШ-тың Сирияға қатысты саясатының аясын құрап отыр. Мұндай шаралар Иран мен Ресей сияқты ойыншылардың талпыныстарына кереғар. Бұл екі ел Сирияда тұрақтылық орнатып, Дамаск үкіметімен әріптестік жасауда сындарлы рөл атқарады.

 

Тегтер