Ресейдің Сирияға жасалған шабуылды айыптау туралы ұсынысы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде талқыланды
(last modified Sun, 15 Apr 2018 11:15:13 GMT )
Сәу 15, 2018 17:15 Asia/Almaty
  • Ресейдің Сирияға жасалған шабуылды айыптау туралы ұсынысы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде талқыланды

Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ұсынған АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның біржақты шабуылын айыптауға бағытталған қарары тиісті дауыс жинай алмады.

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, қарардың жобасына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 3 мүшесі оң, 8 мүшесі қарсы, 4 мүшесі қалыс дауыс берген.

Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя өз елінің Сирияға шабуылды айыптаған ұсынысына дауыс беру аяқталған соң АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның халықаралық кеңістікті екіжүзділік пен өтірік айту кеңістігіне айналдырғанын айтып: "БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бейбітшілік пен халықаралық заңдардың сақталуы үшін дауысын көтеруі тиіс болған",-деді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ресейдің ұсынысына оң дауыс берген Қытайдың БҰҰ-дағы өкілі Ма Чжаосюй: "Қытай әрдайым халықаралық мәселелерді шешуде әскери таңдау жолын қолдануға қарсы болып келеді. Сондықтан Сирия дағдарысын да дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды",-деді.

Сондай-ақ, АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның өкілдері осы отырыста өздерінің Сирияға жасаған заңсыз шабуылын ақтап, қажет жағдайда тағы да шабуыл жасауға дайын екендіктерін айтты.

 

Тегтер