Путин: Иранның ядролық келісімін сақтап қалу аса маңызды
(last modified Fri, 20 Jul 2018 14:22:46 GMT )
Шіл 20, 2018 20:22 Asia/Almaty
  • Путин: Иранның ядролық келісімін сақтап қалу аса маңызды

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Вашингтонның Иранның "Ортақ қадам" ядролық келісімінен шығуының АҚШ президенті Дональд Трамптың қате әрекеттерінің бірі болғанын және Вашингтон шыққаннан кейін бұл келісімді сақтап қалудың өте маңызды саналатынын баса айтты.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен соң халықаралық мәселелер, әсіресе ядролық келісім жайлы өз пікірін нақты айтып, АҚШ-тың "Ортақ қадамға" қатысты ұстанымдарына ашық түрде қарсылық білдірді. Ресей дағдарыстарды шешудің ең игі жолын сұхбаттасу деп біледі. Оның пайымдауынша, халықаралық қиындықтардың басым бөлігі сұхбаттасу және диалог арқылы шешіледі.

Ресей президенті Иранмен арадағы ядролық келісімді сақтап қалуды Таяу Шығыс аймағындағы тыныштықты қамтамасыз етіп, бұл аймақтағы бақыланбайтын әрекеттердің алдын алу үшін аса қажет деп есептейді. Ресей АҚШ-тың "Ортақ қадамнан" шығу туралы шешіміне бірнеше рет қарсылық білдіріп, бұл істі Иран мен халықаралық қауымдастық емес, АҚШ-тың өзі оның салдарымен бетпе-бет келетін бұрыс әрекет деп атады.

Бұл ұстанымдар Ресейдің іс жүзіндегі әрекеттерімен қатар болды. Революция жетекшісі кеңесшісінің жуырдағы Ресей сапары барысында Мәскеу құны 50 миллиард долларды құрайтын келісімге қол қойды. Владимир Путин АҚШ-тың "Ортақ қадамнан" шығуын тек саяси ұстанымдарында ғана емес, сондай-ақ тауар алмасу бойынша да қиындыққа тіреді. Еуропа одағы да Теһранды "Ортақ қадам" келісімінде қалдыруға ынталандыру мақсатында Иранға кепілдіктер беруді көздеп отыр.

Ресей мен халықаралық қауымдастық шынайы түрде "Ортақ қадам" келісімін сақтап қалуды көздеп, АҚШ-тың Иранға қарсы әрекеттерін қолдамау қажеттігін қуаттады. "Ортақ қадам" келісімі халықаралық қауымдастық үшін Иранның ядролық мәселесінің шешім жолы ретінде ғана бағалы болып отыр. Бұл халықаралық келісім барша кезеңдердегі саяси дағдарыстар үшін үлгі болатын әскери шешімнен басым түскен саяси сұхбаттасу мен диалог жүргізу мәдениетінің жеңісі есептелінеді.

Германияның Сыртқы қарым-қатынастар кеңесінің сарапшысы Кристиан Виперфорд осыған байланысты былай деді: "АҚШ Париж климаттық  келісімінен шықты. Бірақ, басқа елдер бұл келісімге берік болып қалды. Вашингтон осылайша өз-өзін жалғыз қалдырып, оқшауландырды. Дәл осындай жағдай "Ортақ қадамға" қатысты да орын алуы мүмкін".

Ресей, ҚХР мен Үндістан бүгінгі таңға дейін ашық түрде АҚШ-қа қарсы тұрып, өздерінің валюталық айналымдарынан долларды алып тастап, Иранмен сауда-саттық байланысын жалғастыратындықтарын мәлімдеді. "Ортақ қадамды" сақтап қалу Еуропа одағы мен жоғарыда аталған мемлекеттер үшін негізгі басымдыққа айналған.