Рухани: АҚШ үкіметінің Иранға қарсы саясаты сәтсіздікке ұшырайды
ИИР президенті БҰҰ Бас ассамблеясының сейсенбі күні Нью-Йоркте өткен 73-ші сессиясында "Ортақ қадам" келісімінің он жылдан астам уақытқа созылған дипломатиялық талпыныс пен қасақана ұйымдастырылған дағдарысты шешуге бағытталған қарқынды келіссөздер кезеңінің нәтижесі екенін баяндап, АҚШ-тың халықаралық заңдар мен құқықтарға қайшы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бекіткен көпжақты келісімнен шыққанын айтты.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хасан Рухани АҚШ-тың халықаралық қарым-қатынас жайлы түсінігін өктемшіл деп атап: "БҰҰ өзі бекіткен қаулыларының кейбір мүшелердің сайлауалды және насихаттық ойындарының кепіліне айналуына рұқсат бермеуі тиіс",- деді.
Рухани америкалық басшылардың Иранмен келіссөз өткізу үшін көрсеткен үгіт-насихаттық әрекетіне тоқталып: "Иран қандай негізде АҚШ-тың уәдеде тұрмайтын үкіметімен жаңа келісім жасай алады?",- деді.
Рухани Иранның саясатын "соғыс та, санкция да, қоқан-лоққы және зорлық көрсету де емес, тек міндеттемеге адал болып, заң бойынша әрекет ету" деп атап: "Иран бүкіл Таяу Шығыс аймағындағы бейбітшілік пен демократияны қолдайды",- деп мәлімдеді.
Рухани Иранның аймақтағы лаңкестікпен күресіне сілтеме жасап: "Ирандықтар кешегі және бүгінгі лаңкестіктің құрбандары ретінде әрдайым лаңкестікпен күрестің алдыңғы шебінде болған және болады",- деп баса айтты.