Лавров АҚШ-тың Сириядан шығатыны туралы жоспарына күмән білдірді
(last modified Sat, 29 Dec 2018 08:59:06 GMT )
Жел 29, 2018 14:59 Asia/Almaty
  • Лавров АҚШ-тың Сириядан шығатыны туралы жоспарына күмән білдірді

АҚШ президенті Дональд Трамптың желтоқсанның он тоғызы күні америкалық күштерді Сириядан шығару туралы мәлімдемесі АҚШ-тың іші мен одан тысқары жерлерде әртүрлі реакция тудырды. Ресей Сирия үкіметінің қолдаушысы ретінде өз ұстанымын мәлімдеп, Трамптың өз уәдесін жүзеге асыратынына күмән білдірді.

Мәскеу осы мәселеге қатысты ұстанымында РФ СІМ Сергей Лавров АҚШ-тың Сирия территориясынан шығу туралы үнемі өз уәдесінде тұрмайтынын мәлімдеді.

Лавров Вашингтонның күштерін Сирия жерінен шығару бағдарламасы мен келесі әрекеттерінің әлі анық еместігін баса айтып, Вашингтонның іс жүзіндегі әрекеттерін күту қажеттігін қуаттады.

Лавров Вашингтонның Сирия, Ирак және Иорданияның ортақ шекарасында орналасқан Эт-Танф әскери базасынан өз күштерін шығару туралы уәдесінің салдарына сілтеме жасап:

"АҚШ-тың біржақты түрде қауіпсіз аймақ деп атаған Сириядағы Эт-Танф әскери базасынан шығатынын мәлімдегеніне біраз уақыт болды. Алайда, олардың өз шешімін қайта қарастырғанын көріп отырмыз",- деді.

Ресейдің көзқарасы бойынша, Сириядағы лаңкестерге қарсы әрекеттердің түпкі мақсаты Сирияның егемендігі мен территориялық тұтастығын қайта қалпына келтіру болуы тиіс. Ал Вашингтонның соңғы Сириядағы әрекеттері, соның ішінде Евфрат өзенінің шығыс аймақтарында орналасуы шын мәнінде Сирияны бөлшектеп, оның заңды үкіметін әлсіретуге бағытталған талпыныс саналады.

Сол себепті Мәскеу Сирияның солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы күрдтер үстемдік ететін аймақтарды Дамаскке қайтару туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.

Ресейліктердің көзқарасы бойынша, АҚШ-тың аймақтық мүдделері мен мақсаттарына байланысты оның бұларға көзжұмбайлық танытып, Сириядан кетуі екіталай. Өткен айлардың ішінде америкалық жоғары шенді бірнеше басшы АҚШ-тың Сириядағы әскери миссиясының әлі жалғасып жатқанын мәлімдеген болатын.

Олар ДАИШ-пен қақтығыстардың аяқталуы нәтижесінде АҚШ-тың миссиясы өзгертіліп, Иранның Сириядағы күн сайын артушылық ықпалымен күресу мақсатында жалғасын табатынын айтқан. Ресейліктердің бұл көзқарасы Трамптың жуырдағы сөзіне байланысты расталды.

АҚШ президенті Трамп жуырда Иракқа жасаған сапары барысында Анбар облысындағы әл-Асад әскери базасында америкалық күштерді Ирак жерінен шығаруды көздемейтінін баса айтып:  "Егер Сириядағы әскери амалдарды жүзеге асырғымыз келсе, Иракты база ретінде пайдалануымыз мүмкін",- деп мәлімдеді.

Қорыта айтқанда, Трамп үкіметі әскери күштерді Сириядан толығымен әрі жан-жақты түрде шығармайды, тек америкалық күштерді Сириядан Иракқа көшіріп, Сириядағы әскери араласушылық әрекеттерді жүзеге асыруға дайындалмақ.

 

 

 

 

Тегтер