Вашингтон басшылары америкалық күштерді Сириядан шығаруға қатысты бір шешімге келе алмай отыр
(last modified Sun, 06 Jan 2019 10:43:59 GMT )
Қаң 06, 2019 16:43 Asia/Almaty
  • Вашингтон басшылары америкалық күштерді Сириядан шығаруға қатысты бір шешімге келе алмай отыр

АҚШ Президенті Дональд Трамптың 2018 жылдың желтоқсан айының 19 күні америкалық күштерді Сириядан біртіндеп шығаратынын хабарлағанына қарамастан, америкалық басшылардың бір-біріне қарама-қайшы сөздер мен ұстаным білдіруі олардың бұл мәселе жөнінде толық түсініктері жоқтығын, тіпті оны қалай орындау керектігін білмейтінін көрсетеді.

Басында америкалық күштерді Сириядан 30 күннің ішінде шығару қажеттігін баса айтқан Трамп саяси-әскери жағдайды назарға алып, әскерилерін шығаратын мерзімді 120 күнге ұзартты.

Бұған қарамастан, америкалық күштерді Сириядан шығару жолы мен ауқымы әлі анықталған жоқ. АҚШ-тың NBC телеарнасының ел үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауы бойынша,  Вашингтон өз күштерін Сирияның солтүстік бөліктерінен шығарғаннан кейін олардың бір бөлігін  осы елдің оңтүстік аудандарына белгісіз уақытқа орналастыруды көздеп отыр. АҚШ күштерінің келесі бір бөлігі Сириядан шығарылған соң Иракқа жіберіледі деп жоспарлануда.

Бұл мәселе Трамптың америкалық күштерді Сириядан шығаруды қалап отырғанына қарамастан, Ақ үйдің қауіпсіздік командасы оны осы күштердің бір бөлігін Сирияда қалдыруға көндіргенін көрсетеді.

Шын мәнінде, АҚШ қауіпсіздік басшылары, әсіресе ұлттық қауіпсіздік  жөніндегі кеңесші Джон Болтон АҚШ-тың Сирияда болу мақсаттарын назарға алып, Трамптың жобасына қарсылық білдірді.

«Вашингтон пост» газеті 5 қаңтарда: «Трамп елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон мен Сыртқы істер министрі Майк Помпеоның америкалық күштерді Сириядан шығаруды кейінге қалдыру туралы ортақ жобасына қарсылық білдірді»,-деп жазды.

Осыдан Трамп пен Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік командасы арасында Сирия тақырыбына қатысты қайшылықтың пайда болғанын айқын көруге болады. Қарсылықтарға қарамастан, Трамп өзімшіл мінезіне салып, өз шешімінің орындалуын талап етіп отыр.

Жан-жақты қарсылық білдіріліп, америкалық күштерді Сириядан шығару жобасы орындалуының теріс салдарлары жайлы айтылғаннан кейін мынадай  тұжырым жасауға болады: АҚШ Сириядан толығымен кері шегінуді көздемеген, тіпті қазіргі жағдайда Сирияның ішкі ісіне араласып, әскери шабуылдар жасауға сылтау айтып жатыр.

Бұл салада АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон: «АҚШ-тың Сириядағы «қызыл сызықтары», соның ішінде Сирия армиясының химиялық қару қолданғанына қатысты ұстанымы өзгерген жоқ»,-деген уәж айтты.

Джон Болтон Twitter-дегі жеке парақшасында: «АҚШ Сирия үкіметінің химиялық қару қолданғанына қатысты ұстанымын өзгерткен жоқ. Бұл қару тағы қолданылатын болса, жылдам әрі қатты реакцияға ұшырайды»,-деп жазды.

Шын мәнінде, АҚШ-тың қолдауына ие болған лаңкестік топтар соңғы жылдары Сирияның кейбір аудандарында химиялық қару қолданды.  Алайда, батыстықтар, соның ішінде америкалықтар бұған көңіл бөлген жоқ.

Трамп үкіметі өз әскерилерін Сириядан толық әрі жан-жақты шығарудан бұрын өз күштерінің бір бөлігін Сириядан Иракқа тасымалдап, Сирияға әскери араласуға дайындығын бұрынғыдай сақтап қалуды көздеп отырған сыңайлы.

 

Тегтер