АҚШ Орта қашықтыққа арналған ядролық зымырандарға тыйым салу келісімін орындауды тоқтатты
АҚШ Президенті Дональд Трамп 2018 жылдың 20 қазанында бұл елдің Орта қашықтыққа арналған ядролық зымырандарға тыйым салу келісімінен (INF) шығатыны туралы жариялаған еді. АҚШ-тың осы аса маңызды стратегиялық келісімнен шығуға негізгі сылтауы Ресей тарапынан оның кейбір баптарының бұзылуы болды.
Содан кейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да 2018 жылдың 4 желтоқсанында Вашингтонның Орта қашықтыққа арналған ядролық зымырандарға тыйым салу келісіміне беріктігін 60 күнге тоқтататынын мәлімдеп, осы аралықта Мәскеудің өзінің осы келісімге берік екенін іс жүзінде көрсету қажеттігін, болмаса, бұл келісімнен шығатынын айтқан.
Осы мерзім аяқталғаннан кейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы жұма күні Вашингтонның Орта қашықтыққа арналған ядролық зымырандарға тыйым салу келісімінде белгіленген міндеттемелерін орындаудан бас тартатынын мәлімдеді.
Помпеоның айтуынша, АҚШ 2 ақпан, сенбі күннен бастап 180 күнге Орта қашықтыққа арналған ядролық зымырандарға тыйым салу келісімін орындауды тоқтатады. Ресей осы келісімде көзделген міндеттемелерді орындаудан бас тартатын болса, АҚШ 6 айдан кейін бұл келісімнен толық шығады. Осылайша, АҚШ INF аясында өз міндеттемелерін орындаудан ресми түрде бас тартты. АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресейді INF келісіміндегі міндеттемелерін орындамады деп сынап: "Ресеймен қару-жарақтарды бақылауға алу туралы келіссөздер өткізуге дайынбыз",-деді. НАТО да ілезде мәлімдеме жасап, АҚШ-тың бұл шешімін қолдады. Бұған қарамастан, Еуропа АҚШ-тың бұл шарасына қатысты теріс реакция білдірді.
Вашингтонның бұл шарасы Мәскеудің қатаң сынына ұшырады. Ресейдің көзқарасынша, АҚШ-тың бұл ісі Вашингтонның халықаралық келісімдерден шығуға бағытталған жалпы саясаты аясында жасалып отыр. Трамп үкіметі осы күнге дейін көптеген екіжақты, көпжақты және халықаралық келісімдерден шықты. РФ СІМ-нің ақпарат хатшысы Мария Захарова АҚШ-тың Париж климаттық өзгерістер келісімі, ЮНЕСКО ұйымы және "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шыққанына тоқталып: "Халықаралық келісімдерден шығу АҚШ стратегиясының бір бөлігіне айналды",-деді. Мұнымен бір мезгілде Мәскеу Вашингтонның қалауына керісінше өзінің зымырандық кешендерін жоюды ойламайтынын және INF келісімін бұзбайтынын қуаттап отыр. Ресей басшылары АҚШ-тың осы келісімнен шығуды жоспарлауының аса қатерлі екенін және бүкіл әлемнің қару-жарақ жарысына түсуіне себеп болатынын сан рет айтты. Ресей осыдан бұрынырақ Ресей мен АҚШ Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары арасында осы келісім туралы қорытынды келіссөз жүргізу үшін өткен Женева отырысынан кейін АҚШ-ты аталмыш келісімге қатысты "жағдайды ушықтырды" деп айыптады. Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков өз елінің бұл келісімге беріктігін сақтайтынын баса айтты. Мәскеудің ойынша, АҚШ-тың байырғы арманы Ресейдің толығымен қарусыздандыру болып отыр.