БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қатысты отырысында Мәскеу Батыстың лаңкестікті қолдап отырғанын айтты
(last modified Thu, 08 Aug 2019 17:44:43 GMT )
Там 08, 2019 23:44 Asia/Almaty
  • БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қатысты отырысында Мәскеу Батыстың лаңкестікті қолдап отырғанын айтты

Сирияда 2011 жылы тынышсыздық пен бейберекеттік орнап, бір жағынан бұл елдің заңды үкіметі мен оппозиционерлер арасында азаматтық соғыс болып, ал екінші жағынан Батыс пен олардың араб серіктестері қолдаған лаңкестік топтармен күрес басталды.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қатысты отырысы сәрсенбі күні, 7 тамызда Сирияда тұтқынға алынғандар мен із‑түссіз жоғалғандар тақырыбында өтті. Бұл отырыста Ресейдің БҰҰ‑дағы өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский батыстықтарды Сириядағы лаңкестерді қолдап отыр деп айыптап: «Халықаралық қауымдастық шет елдердің қолдауымен Сирияда туындаған терең дағдарыстан кейін бұл елді қайта жөндеу үшін сөзден іске көшіп, көмектесуі керек. Біздің батыстық әріптестеріміз Сирияда лаңкестер тарапынан басып алынған аудандардың жағдайы жайлы есеп беріп, онда халыққа қандай заң жүргізіліп жатқаны туралы айтады деп күткенбіз»,‑деді.

Батыс және араб коалициясын басқаратын АҚШ 2011 жылы Сирияда дағдарыс басталғанда өз мүдделері мен мақсаттарына жету үшін, соның ішінде Сирияның заңды үкіметін құлатып, қарсыласу өзегін жою үшін осы елдегі лаңкестік топтарды, әсіресе ДАИШ пен ән‑Носрат майданын қолдауға кірісті. 8 жылдық нәтижесіз әрекеттен кейін қазіргі таңда лаңкестік топтардың толық жеңіліс табатыны бұрыннан да көбірек байқала түсті. Қазір бұл топтар әт‑Тахрир әш‑Шам тобының (бұрынғы әл‑Носрат майданы) бастауымен қақтығыстар азайтылған аудандарда орнаған атысты тоқтату бітімін бұзуға кірісті. Осы мәселе Сирия армиясы мен оның одақтастарының реакциясын тудырды. Қазір батыстықтар адам құқығы деген сылтаумен іс жүзінде лаңкестерді жақтап, Сирия армиясының олармен күресуін айыптап отыр. Сирияның БҰҰ‑дағы өкілдерінің орынбасары Луи Фалух Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қатысты отырысында АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның Сириядағы лаңкестерге материалдық және қару‑жарақпен қолдау көрсеткеніне тоқталып: «Бұл үш ел Сирияда лаңкестік топтардың жойылуының алдын алуға бар күшін салды»,‑деп қуаттады. Ол АҚШ, Ұлыбритания мен Франция делегацияларының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мінберін Сирия үкіметінің келбетін бұзу мақсатында теріс пайдаланып отырғанын қабылдауға келмейтін жайт деп атады. Фалух: «Із‑түссіз жоғалғандар мен лаңкестік топтар тарапынан ұрланғандардың тағдырына немқұрайлы қарау және басып алынған аудандардағы тұрғындардың көріп жатқан қиыншылықтарын назарға алмау БҰҰ‑ға мүше кейбір елдердің саяси екіжүзділігін растайды»,‑деді. Батыстықтардың бұл қатынасына қарамастан, Сирияның заңды үкіметі тұрақты саяси шешім жолын тауып, бұл елдегі лаңкестік ошақтарды жою үдерісін жалғастыруды баса айтып отыр.

Мәскеу Сириядағы лаңкестік топтарға қарсы соғыста Дамасктың одақтасы ретінде: «Батысты бастап отырған АҚШ Сирия дағдарысын тоқтату жолындағы ең негізгі тосқауылға айналды»,‑деп талай рет айтты. Сирия үкіметі мен осы елдің жоғары басшылары да сан рет Батыстың, әсіресе АҚШ‑тың Сирияда қақтығыстардың жалғаса түсуіне себеп болып отырғанын сынады.  

Тегтер