АҚШ мұнайының бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге түсті
Соңғы бірнеше айда халықаралық нарықтардағы мұнай бағасы коронавирустың таралуы, соның салдарынан мұнайға сұраныстың азаюы және Сауд Арабиясы мен Ресей арасында мұнай бағасы үшін текетірестің пайда болуына байланысты бұрын-соңды болмаған деңгейге түсті.
ОПЕК+ тобы мұнай өндірісін күніне 10 млн баррельге төмендетуге келіскенімен мұнай бағасының түсуі тоқтамады. Келісім «қара алтын» бағасының көтерілуіне көмектеседі деген үміт болған. Бұл АҚШ-тағы тақтатасты мұнай компаниялары үшін өте нашар хабар. Жексенбі күні АҚШ-тың шикі мұнайы әлемдік нарықтарда 20 пайызға төмендеп, барреліне 15 доллардан түсіп кетті. Коронавирус дағдарысы кезінде бағаның қатты құлдырауы соңғы онжылдықтағы АҚШ шикі мұнайының ең төмен деңгейін көрсетті. Мұнымен қоса, мұнай бағасы өткен 18 жылдағы ең төменгі деңгейіне жетті. Азия нарықтарында соңғы 20 жылда бірінші рет ең төмен бағамен сатылды. Бағаның төмендеуі өткен аптада мұнай өндіруші елдердің өндіріс көлемін азайтуға келіскендерінің нарықтағы сұранысқа қатты әсер етпегенін көрсетеді. Сонымен қатар өндірілген мұнайды сақтайтын орынның азаюына алаңдаушылықтың артуы да мұнай бағасының түсуіне әсер етті.
Дональд Трамп тақтатас мұнай компанияларының мұнай өндірісін айтарлықтай арттырғанына байланысты АҚШ-тың бұл салада тәуелсіздікке жеткені туралы талай рет мақтанғанымен, қазір АҚШ мұнай бағасының бұрын‑соңды болмаған деңгейге түсуіне байланысты тақтатас мұнай компанияларының мұнай өндіруді жалғастыруының ешқандай экономикалық тиімділігі жоқ. Қазіргі жағдай жалғасатын болса, бұл компаниялар банкротқа ұшырайды.
АҚШ-та шикі мұнай бағасы төмендеген соң банкротқа ұшыраған алғашқы компания – Whiting Petroleum компаниясы. Ол Солтүстік Дакота штатындағы мұнай кен орнында жұмыс істейтін. Нарықта мұнай бағасының түсуі Техас пен Солтүстік Дакота штаттарын экономикалық тоқырауға соқтыра алады. Spects энергетикалық институтының аға сарапшысы Амрита Санның айтуынша, АҚШ бұл жолда бірнеше тұрғыдан ауыр зиян көреді. Тақтатас мұнай өндірушілері қатты шығынға батады.
Мұнай нарығы сарапшыларының айтуынша, қазіргі таңда АҚШ-та шынайы мәміле мұнайдың әр барреліне 10-15 долларға жасалып жатыр. Кейбір жағдайда мұнай компаниялары сақтайтын жер тапшы болғандықтан, тіпті сатып алушыларға мұнайды тегін алып кетсін деп үстіне ақша қосып беріп жатыр.
Pioneer Natural Resources компаниясының директоры Скот Шефилд: «Мұнай бағасы төмен қалатын болса, алдағы екі жылда АҚШ-тың тақтатас мұнай кен орындарында жұмыс істеп жатқан мұнай компанияларының 50 пайызы банкротқа ұшырайды»,-деді. АҚШ-тың мұнай кен орнында мұнай өндіру әлеуетінің жойылуы Вашингтонның қайтадан мұнай импортына тәуелді болуына соқтырады. Трамп бұрын АҚШ-тың бұдан былай Батыс Азия мұнайына мұқтаж болмайтынын айтқан болатын. Мұнай саласында осы үдеріс жалғасып, тақтатас мұнай компаниялары банкротқа ұшыраса, АҚШ-та мұнай импорттаудан басқа амал қалмайды.