Қаз 04, 2020 20:41 Asia/Almaty
  • Иран Таулы Қарабақтағы соғыстың салдары туралы ескертті

Таулы Қарабақ аймағы Армения мен Әзірбайжан күштерінің қақтығыс алаңына айналды.

Бұл соғыс қандай себеппен басталса да, оның салдары ауқымды әрі алаңдатарлықтай болмақ. Қос тарап бір-бірін қақтығысты бастады деп айыптап отыр. Қазіргі таңда қақтығыстар күшейген соң жарылыс дауысы Иранның шекарасына жақын маңда да естіледі.

Өткен бірнеше күнде Иранның Шығыс Әзірбайжан облысындағы Ходаафарин ауданы мен Ардебиль облысының Асландуз ауданының  шекара маңына миномет снарядтарының түсуі жақын маңдағы тұрғындарды алаңдатып отыр.

Армения мен Әзірбайжан арасында қақтығыс басталған күннен бері Иран жеріне 30-дан аса миномет снаряды түсті. ИИР шекара маңы аудандарындағы әрекеттерді жіті бақылап отыр.

ИИР СІМ ақпарат хатшысы сенбі күні аймақта қақтығысушы тараптардың Иран жеріне қол сұғуына қатысты ескерту жасады. Ол, сондай-ақ, Әзірбайжан республикасының аумақтық тұтастығына құрмет білдіріп, бейбіт тұрғындарға шабуылдамау принципін сақтап, қақтығыстарды тоқтатып, байсалды түрде келіссөз бастау қажеттігін қуаттады.

Айқын нәрсе мынау: ешбір ел соғыстан пайда тапқан емес, соғыс салдарынан жазықсыз жандар көз жұмып, инфрақұрылымдар қиратылады. Оңтүстік Кавказ – Еуропаның энергетикалық тамыры саналатын маңызды аймақ. Онда соғысу коронавирус қатерімен қоса, басқа көптеген мәселелерді тудырады.    

Иран Сыртқы істер министрі  Мұхаммад Джавад Зариф Твиттердегі жеке парақшасында: «Біз жауластықты дереу тоқтатып, қайшылықты диалог арқылы шешуді сұраймыз. Көршілеріміз – басты басымдығымыз. Біз диалогқа қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Біздің аймағымызға қазір бейбітшілік керек»,-деп жазды.

Иранның сенімінше, қайшылықты шешу тек аймақ және көршілес елдердің әріптесуі мен келіссөз өткізуі арқылы ғана мүмкін болмақ. Сондықтан Иран қақтығыстарды тоқтатып, қауіп-қатерлерді жою үшін тиісті шаралар атқарады.

Тегтер