Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі таралды
Коронавирустың әлемге, соның ішінде Еуропаға таралуы осы құрлық елдерін ауыр экономикалық шығынға батырды. Қазір Ұлыбритания коронавирустың жаңа түрімен күресіп жатыр. Бұл – еуропалықтар үшін жаңа қауіп дабылы.
Ұлыбритания үкіметі бірнеше күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына елде вирустың жаңа түрінің жылдам таралып жатқанын хабарлады. Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсонның айтуынша, бұл вирус бұрынғы түрден 70 пайызға жылдам таралады. Осы елдің Денсаулық сақтау министрі Мэттью Хэнкок жексенбі күні Лондон қаласы мен елдің бір бөлігін қайта карантинге жабуды түсіндіру үшін коронавирустың жаңа түрінің пайда болғанын айтып, оны бақылаудан тыс деп сипаттады.
Ұлыбритания консерватор үкіметінің ғылыми кеңесшісі Патрик Уэлленстің айтуынша, коронавирустың жаңа түрі жылдам таралумен қоса, белгілі бір қалыпқа еніп алған. Желтоқсан айында науқастардың дені осы ауыр түрмен ауырды.
Ұлыбритания үкіметі қазір Еуроодақтан шығу тәсіліне қатысты осы ұйыммен ірі даудың алдында тұр. Тараптар арасында маңызды түйткілдер түйіні шешілмей қалғанын ескерсек, қазір келісімге келе алмау ықтималы зор. Ақырында Ұлыбритания Еуроодақтан келісімсіз-ақ шығуы мүмкін. Осындай сценарий орындалған жағдайда Ұлыбританияның экономикалық және әлеуметтік жағдайы ушыға түсетін болады.
Ұлыбритания үкіметі коронавирус таралған шақта бұл салада тәуелсіз жол таңдап, Еуропа деңгейінде індетпен күресу үшін ұйымдастырылған ұжымдық шаралар мен мүдделерге назар аудармады.
Ұлыбританияда коронавирус таралғаны туралы хабар жарияланғаннан кейін Еуропа елдерінің көбі вирустың таралу тізбегін тоқтату үшін қауіпсіздік шараларын қолға алды. Мысалы, Нидерланды, Италия, Бельгия, Болгария мен Люксембург Ұлыбританиямен барлық әуе қатынасын тоқтатуға шешім қабылдады. Осы арада тіпті кейбір елдер Ұлыбританиямен арада теміржол қатынасын да тоқтатты. Германия Еуроодақтың кезеңдік төрағасы ретінде «Британ вирусы» деген атпен танылған жаңа вирус түрінің таралуымен күресу жолдарын талқылау үшін дүйсенбі күні арнайы отырыс өткізуді сұрады.
Ұлыбританияда жаңа карантиндік шектеулер енгізілгеннен кейін елде көптеген кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздар саны артады деп болжанып отыр. Бұл мәселе өз кезегінде Ұлыбританияның экономикасын тұралата түседі. Мұнымен бір мезгілде теріс әлеуметтік салдарлар да болады, соның ішінде жанұя қайшылықтары артады, қылмыс саны көбейеді, психологиялық ауытқушылықтар аясы кеңейеді.