Бүгін "Шығыс елдеріне ортақ мейрам – Наурыздың мәдени және өркениеттік маңызы" атты халықаралық дөңгелек үстел өтті
(last modified Fri, 19 Mar 2021 18:54:30 GMT )
Нау 20, 2021 00:54 Asia/Almaty
  • Бүгін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Ирантану бөлімі 2021-жыл 19-наурыз күні «Шығыс елдеріне ортақ мейрам – Наурыздың мәдени және өркениеттік маңызы» атты халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге Қазақстандағы ИИР төтенше және өкілетті елшісі, Алматы қаласындағы ИИР бас консулы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары, студенттері және т.б. қонақтар қатысты.

Бұл дөңгелек үстелге Қазақстан, Иран, Тәжікстан, Дағыстан, Пәкістан, Үндістан, Босния мен Герцеговина және Өзбекстан елдерінің ғалымдары қатысып, Наурыз мерекесінің тойлану тарихы, мәдениет пен әдебиетке әсері және ұлттық мереке ретінде шығыс халықтарының өмірінен алатын орны туралы тақырыптарды жан-жақты талқылады.

Дөңгелек үстел барысында Наурыз туралы баяндама жасаған Босния және Герцеговина елінің өкілі ирантанушы, PhD Эльвир Мусич Европа елдерінің ішінде тек қана Балкан түбегінде Наурыз мерекесінің тойланатыны және оның түбі Орталық Азия және Иранмен тығыз байланысты екендігін айтты. Әлі күнге дейін түрік және парсы тілдерінде жазылған наурыз әндерінің халық арасында сақталғандығы мен әр жылы Наурыз мерекесі кезінде айтылатындығы туралы мәлімет қатысушылардың қызығушылығын арттырды.

Сағди қорының өкілі, доктор Ахмад Сафари Мұғаддам осы күнге дейін Пәкістан, Босния және Герцеговина және Қазақстан елдерінде парсы тілі курстарын жүргізгендігі мен сол кезде байқаған мәдениетаралық ұқсастықтар туралы баяндап, бұның түбі Наурыз секілді тек достық пен жаңашылдыққа шақыратын мерекеден келіп шығатынын алға тартты.

Тегерандағы Ислам Азад университетінің докторы Н.Жаберинасаб «Парсы әдебиетіндегі Наурыз» туралы баяндамасында парсы ақындарының бәрі де Наурыз тақырыбына өлең арнағандығын айтып, әр ақынның өлең нұсқаларын оқып беру арқылы қатысушыларды өзіне тәнті етті. Фирдауси, Рудаки, Сағди, Хафиз, Жәми, Омар Хайям және т.б. заманауи ақындарға дейін жүздеген парсы ақындары Наурыз тақырыбын жырлағанын және қай ғасырда да Наурыз мерекесінің Иран халқы үшін маңызды болғандығын нақты өлең жолдарымен жеткізді.

Дағыстан мемлекеттік университеті Шығыстану факультетінің аға оқытушысы, ирантанушы Галбацова Шахрузат Сурхайқызы «Дағыстанда наурыз мерекесінің тойлануы» атты баяндамасында Наурыз мерекесінің тойлану тарихы мен бүгінгі таңда тойлану барысын жан-жақты баяндады.

Ходжент университетінің өкілі доктор Ш.Тожибоев Наурыз мерекесін әлемнің 30 елі тойлайтынын және бүкіл адамзат баласына ортақ көктем мерекесі екендігін атап өтті. Табиғаттың оянуымен бірге адамзат баласы да оянады. Табиғаттан тәлім алатын адам баласы табиғатпен бірге жаңарады, көгереді және күннен күнге құлпырып өзгереді. Ескінің бәрі артта қалып, түрленген әлем жаңаша сипатта өмір сүруін жалғастырады. Адамзат баласы да тура солай өткеннен сабақ алып, алдыға қарай жаңалыққа қарай ұмтылуды осы мереке арқылы қабылдағаны туралы ойлары көпшіліктің көңілінен шықты. Наурыз мерекесінің өміршеңдігі, кең таралғандығы және ортақ мереке болуына себеп болғандығы оның философиясына байланысты екендігі айтылды.

Өзбекстан елінен қатысқан Х.Назирова «Жазба дереккөздердегі Наурыз» атты тақырыптағы баяндамасында Афрасияб заманынан бастап Орталық Азияда Наурыз мерекесі тойланатындығын айтса, өзбекстандық жас ғалым Ф.Файзолла бүгінгі күнде Наурыздың Өзбекстанда тойлану барысын баяндады.

Үндістан елінің өкілі доктор Зайнул Еба «Үндістан мен Ирандағы Наурыз мерекесі» туралы баяндамасында екі елдегі мерекенің тойлану тарихы бір кезеңнен басталатынын және жер жағдайына байланысты айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар екендігін айтып берді.

Ал Пенджаб университетінің доценті Узма Зариин Назия екі тілді ақын ретінде парсы тіліндегі Наурыз мерекесіне арнап жазған өлеңін тарту етті.

Қазақстанның өкілі ретінде қатысқан ирантанушы, ф.ғ.к. А.Қасым «Наурыздың әлем халықтарына бейбітшілік және адамгершілік жолдауы» атты тақырыпта баяндама жасады.

Қорытындылай келе, дөңгелек үстелге қатысушылар бірауыздан Наурыз мерекесінің адамзат баласының пайда болған заманынан бері келе жатқан табиғатпен тығыз байланысты жыл басын айшықтайтын және бейбітшілік пен бірігуге, жаңару мен өзгеруге үндейтін жанға ерекше жылулық сыйлайтын мереке деген шешімге тоқтады.

 

Дөңгелек үстел қонақтары
Дөңгелек үстел қонақтары
Дөңгелек үстел қонақтары

 

Тегтер