АҚШ Мемлекеттік хатшысының Ауғанстанға сапары
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бейсенбі күні түстен кейін алдын ала жарияланбаған іссапармен Ауғанстанға барды. Энтони Блинкен мен Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанидің кездесуінде АҚШ әскери күштерінің Ауғанстаннан шығу мәселесі, осы елдің болашағына қатысты тақырыптар, бейбітшілік үдерісі мен Стамбұл отырысы талқыланды.
Ашраф Ғани осы кездесуде Ауғанстан әскери-қауіпсіздік күштерінің елді қорғауға қауқары жететінін айтып, екі ел әріптестігі үшін жаңа ая қалыптастыру қажеттігін тілге тиек етті. Ашраф Ғанидің сеніміне қарамастан Ауғанстанның қауіпсіздік жағдайына қатысты алаңдаушылықтар бар. Осы ел Парламентінің төрағасы Миррахман Рахмани сәрсенбі күні «Егер АҚШ әскери күштері Ауғанстаннан шығатын болса, бұл елде тағы бір азаматтық соғыс болуы мүмкін» деп ескертті.
АҚШ Президенті Джо Байден америкалық күштерді Ауғанстаннан шығаратынын жариялағаннан кейін Блинкен сапары ұйымдастырылды. Байден: «АҚШ-тың Ауғанстандағы ең ұзақ соғысын аяқтайтын кез келді. Шамамен 5 айдан кейін америкалық күштер Ауғанстаннан шығарылады»,-деп мәлімдеді. Содан кейін НАТО да АҚШ-пен бір мезгілде өз күштерін Ауғанстаннан шығаратын айтты.
Блинкеннің Ауғанстанға сапары бірнеше мақсатты көздегенге ұқсайды. Бірінші мақсат – Ауғанстан басшыларын Вашингтон мен Кабул қарым-қатынасының жалғаса беретініне және осы елге көмек берілетініне сендіру. Блинкен бұл салада: «АҚШ Ауғанстанға, оның қауіпсіздік және қорғаныс күштеріне дипломатиялық қолдау көрсетуін жалғастырады. Ауғанстан бейбітшілік үдерісін жеңілдетуге бағытталған талпыныстарын одан ары жалғасырады»,-деп мәлімдеді. Байден АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери амалдарға қатыспайтынын жариялағаннан кейін осы елге дипломатиялық және гуманитарлық көмек беруді жалғастыратынын айтты.
Екінші мәселе – 2021 жылы 11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан шығатын америкалық күштердің болашақтағы жағдайы. Байден үкіметі Ауғанстаннан өз әскерін шығарғанымен, бұл елде Талибан тобының мемлекеттік күштер, әртүрлі аудандар мен қалаларға шабуылдары күшейіп, шын мәнінде кең көлемде азаматтық соғыс болу ықтималын ескеріп, өз күштерін Ауғанстанға көршілес елдерге орналастыруды көздеп отырған сыңайлы.
Осы салада The New-York Times газеті АҚШ Қорғаныс министрлігі мен осы елдің батыс одақтастары арасында Ауғанстанға көршілес елдерде әскери күш орналастыру туралы келісім барын хабарлады.
Осы газеттің жазуынша, Пентагонның мақсаты – Ауғанстанның қайтадан лаңкестердің базасына айналуына жол бермеу. Пентагон аймақта қауіпсіздік бостығы қалыптасуының алдын алу үшін Тәжікстан, Қазақстан мен Өзбекстанда әскер орналастыруды талқылап жатыр. Бұл мәселе Талибан тобының Ауғанстанды қайта басып алуына алаңдау және АҚШ-та Байденнің шешіміне қарсылардың болуын ескеркенде ерекше мән-мағынаға ие болады. АҚШ Өкілдер палатасының демократ төрайымы Нэнси Пелоси Байденнің шарасын қолдаса да, кейбір республикашыл басшылар мұны қатты сынға алды. АҚШ-тың республикашыл сенаторы Линдси Грэм АҚШ күштерінің Ауғанстаннан шығарылуының салдары туралы ескертіп: «АҚШ Президенті ел әскерін Ауғанстаннан шығару туралы шешім қабылдау арқылы тағы бір 11 қыркүйек оқиғасына қарай бет алды»,-деді.
Ал бұл жағдайда Ресей АҚШ күштерінің Ауғанстаннан шығарылуының кешіктірілуін бұл елде қақтығыстардың күшеюіне жағдай жасайды деп санайды. Ресей Президентінің Ауғанстан істері жөніндегі өкілі Замир Кабулов АҚШ-тың соңғы шешімінен кейін Талибан тобының шабуылдарды күшейтенінін ескертті. Егер бұл сценарий орындалса, Байден үкіметі АҚШ күштерін Ауғанстаннан шығару жөніндегі шешімін қайта қарастыруға мәжбүр болады.
АҚШ 2001 жылы лаңкестікпен күрес сылтауымен Ауғанстанға шабуыл жасады. Алайда АҚШ пен НАТО күштерінің 20 жылдық басқыншылығы бұл елге тынышсыздық пен қатігездік көбейіп, есірткі заттар өсіріп, заңсыз тасымалдаудың артқанынан басқа нәтиже бермеді.