Хатибзаде: Иран Ауғанстан халқының жанынан табылады
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы: «Иран Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық тудыру үшін осы елдің қасынан табылады»,-деді.
Саид Хатибзаде дүйсенбі күні апталық баспасөз конференциясында Iran Press тілшісінің сұрағына жауап беріп: «Көршілес елдердің Сыртқы істер министрліктері мен Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілдері Иран Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахианмен сөйлесіп, өз көзқарастарын білдірді»,-деді.
Иранның дипломатиялық аппаратының ақпарат хатшысы: «Иран Ауғанстан халқының талап-тілегіне сай осы елде қауіпсіздік орнатуға көмектеседі»,-деді.
Хатибзаде Талибан тобының Панджшерді басып алғаны туралы: «Панджшерден келіп жатқан жаңалықтар алаңдаушылық тудырады. Кешегі шабуылдар салдарынан Ауғанстан жетекшілерінің қаза табуы өкініш тудырады. Шетелдік күштердің араласушылығы тексеріліп жатыр. Ауғанстан тарихы шетелдік араласушылықтың жеңілістен басқа еш нәтиже бермейтінін көрсетті»,-деді.
Ол Ауғанстан халқын тәуелсіздікті қалайтын өте қайратты халық деп сипаттап: «Шетелдік араласушылық айыпталады. Панджшер мәселесі саяси жолмен келіссөздер арқылы шешілуі тиіс. Ешкім бұл мәселенің азаматтық соғыспен аяқталуына жол бермеуі керек. Талибан өз міндеттемелеріне берік болуы тиіс. Панджшер қоршауы туралы ақпараттар, соның ішінде электр қуатын сөндіру, халықты аш қалдыру халықаралық құқыққа қайшы»,-деді.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Теһран үкіметінің Ауғанстан халқының қам-қайғысын азайтуға және жалпыхалықтық үкімет құруға бар күшін салатынын айтып: «Барлық қызыл сызықтар сақталуы керектігін ескертеміз. Иран Ауғанстандағы өзгерістерді жіті бақылап отыр. Халықаралық ұйымдар аймақтық елдермен бірге Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты кепілдендіруге міндетті»,-деді.
Хатибзаде: «Ауғанстандағы топтарға осы елде тұрақты бейбітшілік орнатуға көмектесеміз. Ислам революциясының жетекшісі айтқандай, қазір билікті қолға алған топтар мен болашақ үкіметтің қатынасы Иран мен басқа елдердің оларға қатынас түрін анықтайды. Олар қаншалықты жауапты әрекет етсе, халықаралық жүйеден, аймақ елдері мен Ираннан дұрысырақ жауап алады»,-деді.