Иран Еуроодақ ұсынған мәтінге жауап берді
(last modified Tue, 16 Aug 2022 13:10:52 GMT )
Там 16, 2022 19:10 Asia/Almaty
  • Иран Еуроодақ ұсынған мәтінге жауап берді

ИИР Вена келісімінің жаңа алғынұсқасы туралы өзінің жазбаша жауабын еуропалық үйлестірушіге табыстады.

Иран Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахиан дүйсенбі күні "Бүгін кешке өзіміздің қорытынды жауабымызды еуропалық үйлестірушіге береміз" деп: "Егер АҚШ-тың реакциясы икемге келерлік реалистік сипатта болса, келісім жасалады. Егер АҚШ икемділік танытпаса, көбірек сұхбаттасуымыз керек",-деді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің ақпарат хатшысы Нед Прайс баспасөз отырысында "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының қазіргі жағдайына жауапты АҚШ-тың өткен қателіктерді өтеуі тиістігін ескерместен: "Иранмен ядролық келісімге қайтып оралудың жалғыз жолы мынау: Теһран "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қосымша талаптар қоюды доғаруы керек",-деді.

Америкалық басшылар Иранды шектен тыс талап етіп отыр деп көрсеткісі келеді. Ал негізі қорғану мәселелері "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан бөлек немесе Иран қосқан талаптар емес. Өйткені 2015 жылы АҚХА Басқарма кеңесінде "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының мәтінінде ИИР-дің ядролық бағдарламасына қарсы уәждерді доғару үшін саяси міндеттемелер белгіленген болатын.  

Прайс АҚШ-тың жеңіліс тапқан барынша қысым саясатын жалғастырып: "Егер Иран "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын толық орындай алмаса немесе орындауға дайындығы болмаса, біз өзіміздің санкцияларды одан ары жалғастыруға және дипломатиялық қысымдарды да пайдалануға дайынбыз",-деп сес көрсетті.

4 тамызда Венада санкцияларды жоюға бағытталған келіссөздердің соңғы кезеңі өтер алдында Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Жозеп Боррель: "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын қайта жандандыру үшін келіссөз мәтінінің алғынұсқасын дайындадық",-деп мәлімдеді. Еуропаның бұл аға дипломаты: "Біз дайындаған мәтін – болуы мүмкін ең жақсы келісім. Шешімдер дәл қазір қабылдануы тиіс",-деп уәж айтты.

Осы сөздерден бес күн өткеннен кейін Иранның аға келісімгері Әли Бағери: "Ирандық делегация келіссөздерді жылдам қорытындылау жолын жеңілдету үшін мәтіннің мазмұны мен формасына қатысты өз идеяларын ұсынды",-деді.

ИИР келіссөздердің басынан-ақ әрдайым: "Иран тұрақты да сенімді келісімге келуге дайын. Бірақ бұл салада өз жүйесінің қызыл сызықтарынан аттап кетпейді",-деп мәлімдеп келеді. Иран келісімге келу үшін еуропалық тарапқа конструктивті бастамалар мен ұсыныстар берді, тіпті мәмілеге келуге тырысты. Сондықтан егер АҚШ үкіметі Иранның қисынды әрі түбегейлі талаптарын қабылдаудан бас тартып, бұрынғыдай санкция салу саясатын жалғастыратын болса, мұны Ақ үй келіссөздерді бір нәтижеге жеткізуді аса қаламайды деп бағалауға болады.     

Тегтер