Қаз 08, 2022 19:06 Asia/Almaty
  • Макрон Еуропаны күтіп тұрған қатты қыс туралы ескертті

Франция президенті Эммануэль Макрон жұма күні алдағы қыстың еуропалықтар үшін ең қиын қыстың бірі болатынын айтып: «Еуропа биылғы қыста газбен қамтамасыз етуде көптеген қиындықтарға тап болуда»,- деді.

 

Еуропалық Одақ көшбасшылары жұма күні Чехияның астанасы Прагада өткен бейресми саммитте еуропалық үй шаруашылықтары мен бизнестерін мазалап жүрген энергетикалық дағдарысты шешу үшін келісілген энергетикалық саясаттар бойынша жұмысты жалғастыратындарын айтты.

2022 жылдың ақпан айының соңында Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Еуропа АҚШ-пен бірге Ресейге қарсы ең қатаң санкцияларды енгізді.  Осыған орай, теңіз арқылы мұнай сатып алуды тоқтату және осы елден газ сатып алуды азайту арқылы Ресейдің энергетика саласына санкция салуды да Еуропа билігі Ресейге қарсы еуропалық санкциялардың алтыншы пакетінде алғаш рет ұсынды. Бұл жоба АҚШ басшылығымен және қалауымен жүзеге асырылды. Еуропа билігі Украина соғысында Ресейге экономикалық санкциялар салу арқылы қысым көрсетуге тырысты. Бірақ бұл саясат осы уақытқа дейін Еуропаға қатысты керісінше нәтиже берді. Ресейге қарсы ауқымды еуропалық санкцияларды қолдану және Мәскеудің еуропалық елдерге мұнай мен газ экспортын азайту немесе тоқтату арқылы қарсы әрекет етуі бұл елдер үшін энергетика саласында ауыр жағдай туғызды.

Сонымен қатар, Еуропаның 2023 жылғы энергетикалық жағдайы туралы бұдан жақсы болжам жоқ. Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы  Мари Уорлик сәрсенбі күні Еуропа келесі жылы бұдан да ауыр энергетикалық дағдарысқа тап болатынын ескертіп: «Қазіргі газ дағдарысын еңсеру үшін Еуропалық Одаққа мүше елдердің ынтымағы қажет»,- деді. Бұған дейін Халықаралық энергетика агенттігінің тоқсан сайынғы есебінде Еуропалық Одақ елдері Ресейден энергия импорттауды толығымен тоқтататын болса, қыс айларында энергияны пайдалануды 13 пайызға азайтуы керектігі айтылған болатын. Сондай-ақ, Еуропадағы энергетикалық дағдарыстың шиеленісуіне байланысты Ұлыбритания үкіметі қысқы маусымда энергияны бөлуге қатысты жоспар дайындады, онда газдың болмауы мен қатты суыққа байланысты төрт күндік электр қуатын өшіру болжанады.

Экономикалық сарапшылар пікірінше, Украина соғысының Еуропаға әсері мен экономикалық салдары ұзақ мерзімді болады және 20 жылдан астам уақытқа созылады.

 

Тегтер