Мәскеу отырысының Ауғанстан туралы қорытынды мәлімдемесі
Мәскеу отырысының Ауғанстан туралы қорытынды мәлімдемесінде бұл елде ұлттық бітім орнату және инклюзивті үкімет құру керегі айтылды.
14 ел, соның ішінде Ресей, Қытай, Пәкістан, Иран, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан өкілдері қатысқан осы отырыста қатысушылар Ауғанстанда барлық саяси және этностық топтардың мүдделерін қамтамасыз ететін инклюзивті үкімет құруды маңызды деп атап, лаңкестік, есірткі заттары және одан туындайтын басқа да қоқан-лоқыларды түп-тамырымен жою керегін айтты.
Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге көмектесу және инфрақұрылым, соның ішінде энергетика, тасымал және коммуникация салаларында түрлі жобаларды орындау Мәскеу отырысында баса айтылған мәселелердің бірі болды.
Мәскеу осыған дейін үш рет Ауғанстанға қатысты отырыс өткізді. 2021 жылы қазанда өткен үшінші отырысқа Талибан тобы да қатысқан болатын.
Талибан үкіметі Мәскеу отырысы алдында оған шақырылмағанын сынағанымен, отырыс барысында өз позициясын өзгертті.
Талибан үкіметінің Мәскеу отырысына қатысты ұстанымын өзгертуі бұл топтың мына жайтты түсінгенін көрсетеді: Ауғанстан туралы аймақтық және халықаралық отырыстар мен үдерістерге қарсылық білдіру Талибан үшін онсыз да шектеулі әріптестік кеңістігін одан әрі тарылта түседі.
Сол себепті Талибан үкіметі Мәскеу отырысына қатысты теріс ұстанымын жылдам өзгертіп, оған қолдау білдірді.
Ауғанстанда инклюзивті үкімет құру, ұлттық бітім орнату және жөндеу жұмыстарын бастау керегі баса айтылған Мәскеу отырысының қорытынды мәлімдемесі әлемдік қауымдастықтың Талибан тобы билікке келген бір жылдан аса уақыт ішінде маңызды деп тапқан ұстанымын қайталау болды.
Талибан үкіметі Ауғанстанда инклюзивті үкімет құру туралы бағдарлама ұсынбайынша әлемдік қауымдастықтың осы топпен қатынас түрінде өзгеріс болмайтын сыңайлы.