Иран Ауғанстанда бейбітшілік пен қауіпсіздік болуын қалайды
Иранның Стратегиялық сыртқы қатынас кеңесінің басшысы Ауғанстанға көршілес елдердің осы елде тұрақтылық пен бейбітшілік орнап, халықтың әл-ауқатының жақсаруына көмектесу үшін үйлесімді әріптестік жасау керегін айтты.
ISNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сейіткамал Харрази Теһранда Қытайдың Ауғанстан істері жөніндегі өкілі Юэ Сяоюнмен кездесуінде: "Ауғанстанның ішкі мәселесіне көңіл аударумен қоса, көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне әсер ететін лаңкестік және экстремистік топтардың алдын алу керек",-деді.
Харрази Ауғанстанға көршілес елдер Сыртқы істер министрлерінің жиналыстарын өткізіп, кеңесуге қолдау білдіріп, Ауғанстан халқына жәрдемдесу керегін айтты.
Юэ Сяоюн Қытайдың Ауғанстанға қатысты саясатын түсіндіріп, Бейжің осы елде тұрақтылық пен қауіпсіздік сақталуын қалайтынын айтып, Иран Президентінің жуырда өткен Қытайға сапарына тоқталып: "Теһран мен Бейжіңнің Ауғанстан мен ірі халықаралық мәселелерге қатысты саясаты ұқсас, мүдделері ортақ",-деді.