НАТО-ның жаңа қолбасшысы Ресейге қарсы ұстаным білдірді
Солтүстік Атлантикалық шарт ұйымы НАТО-ның Еуропадағы жаңа америкалық қолбасшысы өз жұмысын Ресейге қоқан-лоққы жасаумен бастады.
НАТО-ның Еуропадағы жаңа қолбасшысы генерал Кертис Скапаротти (Curtis Scaparrotti) таныстыру рәсімінде бұл ұйымнан Ресей және лаңкестік қауіп-қатерлермен күресу мақсатында Еуропаның шығысында өзінің әскери күш-қабілетін нығайтуды жалғастыруын сұрап: «НАТО бүгін әлемдік алпауыт ретінде өзін қабылдатқысы келетін «жаңа» Ресеймен бетпе-бет келіп отыр»,-деген уәж айтты.
Бұл америкалық генерал Ресейге қарсы қатаң ұстанымымен танылған генерал Филип Бридлавтың орнына келді. Солтүстік Атлантикалық шарт ұйымы ұдайы «Ресей үшін қауіп саналмаймыз» деп уәж айтса да, бұл әскери ұйымның жоғары лауазымды қайраткерлерінің ұстанымдары мен олардың сыртқы саладағы шаралары бұл уәждерге кері жайттарды көрсетеді. Осы салада ең соңғы білдірілген ұстанымда НАТО-ның Еуропадағы жаңа қолбасшысы, яғни Кертис Скапароттидің қоқан-лоққыға толы сөздеріне куә болдық. Ол осы лауазымда қызметке кірісудегі алғашқы ұстанымын Ресейге қоқан-лоққы жасаумен бастады. Бұл сөздер оның Мәскеуге қатынасын, Ресейдің әсіресе Еуропаның шығысында жасап жатқан шараларының мәнін қалай түсініп, түйгенін көрсетеді. Осылайша Скапаротти да НАТО-ның Еуропадағы бұрынғы қолбасшысы Филип Бридлав сияқты Ресейге қарсы жауластық позициясын ұстанып, НАТО әскери күштерінің Еуропаның шығысындағы құзырын арттырып, Ресеймен қаттырақ тайталасуды талап етуде. Бұл НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің уәждеріне қайшы келеді. Ол кей кездері Ресейдің көңілін тыныштандыру үшін НАТО-ның Мәскеумен дұшпандығының жоқтығын алға тартып, уәж айтады.
НАТО-ның Бас хатшысы өзінің жуырда білдірген ұстанымында бұл ұйымның Ресеймен тағы бір «қырғи қабақ» соғыс жүргізуді көздеп отырмағанын айтты. Алайда шындық осыны растап отыр. Бүгінде Батыс пен Ресей арасында текетірес күшейгеннен кейін Мәскеумен күрестегі НАТО-ның рөлі бұрынғыдан да арта түсті. НАТО-ның жуырдағы шаралары, атап айтқанда 4 батальон құрамында 4000 сарбазды Балтық елдері мен Польшаға жіберуі, Эстонияда ауқымды әскери жаттығу өткізуі және Қара теңізде теңіз флотын құру жобасы НАТО-ның Ресейге қарсы дұшпандық шаралары саналады. Басқа жағынан, АҚШ НАТО-ның ең үлкен әрі маңызды мүшесі ретінде Еуропада өзінің әскери шараларын арттырды. Соның ішінде Еуропаға бөлінген әскери бюджетті 4 есеге арттыру, Нидерланды мен Исландияда қырғи ұшақтарды орналастыру, жедел әрекет ету күштерінің санын арттыру, АҚШ-тың ауыр техникасын Балтық елдері мен Еуропаның шығысына орналастыруын айтуға болады. Бұлардың барлығы Ресейге қарсы тұру үшін жасалып отыр. Сонымен қатар НАТО да соңғы екі жыл ішінде Ресейге қарсы арандатушы шараларын арттырды. Солардың ең маңыздысы ретінде Еуропаның шығысында Ресеймен көршілес орналасқан елдерде алты басқару орталықтарының іске қосылғанын айтуға болады. Мұнымен қоса, НАТО Мәскеудің қарсылығына қарамастан Шығысқа ілгерілеу саясатын қарқынды түрде жалғастыруда. Осы саладағы ең жаңа өзгеріс Черногорияны НАТО-ға қабылдау үдерісінің ресми түрде басталуы болып табылады. Шын мәнінде НАТО мен Ресей қарым-қатынасының негізгі аясы, яғни тараптардың Еуропаның шығысы мен Қара теңіздегі әскери текетіресі бұрынғыдай сақталып, шиеленістің азайғаны байқалмайды. Әсіресе жуырда Ресей мен НАТО әскери күштерінің Балтық теңізіндегі ішінара қақтығыстарына куә болдық. Бұл АҚШ-тың Ресейге қатал ескерту жасауына әкеліп соқтырды. Ресей мен НАТО текетіресі туралы теріс болжам мен екі тараптан да арандатушы әрекеттердің жалғасуына байланысты, Ресей мен НАТО-ның текетірес сызығы одан ары жоғарылау үстінде. Бұл мәселе Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты болашақты бұлыңғырлатып отыр.