Иранның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне хаты: АҚШ – аймақ пен әлемдегі терроризмнің негізгі қолдаушысы
БҰҰ-дағы Иранның тұрақты өкілі Қауіпсіздік кеңесіне хатында АҚШ-тың Иранға қарсы айыптауларын теріске шығарып: "АҚШ – аймақ пен әлемдегі терроризмнің негізгі қолдаушысы",-деді.
2024 жылы 8 тамызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің "Лаңкестік әрекеттердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төндіріп отырған қатерлері" тақырыбына арналған ашық жиналысында АҚШ өкілі Ресей өкілінің айыптауларына жауабында жиналыстың күн тәртібінен ауытқып, ИИР-ға қарсы аймақта терроризмді қолдап отыр деп негізсіз әрі қате айып тақты.
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ-дағы Иранның тұрақты өкілі Амир Сейіт Иравани Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы мен БҰҰ Бас хатшысына хатында: "Иран АҚШ өкілінің осыдай негізсіз айыптаулары мен жауапсыз қатынасын қабылдамайды",-деп жазды.
Иравани: "АҚШ-тың өзі Израиль режимі жасап отырған геноцидке қолдау көрсетіп, сионистерге үлкен көлемде қару-жарақ беріп отырып, Иранды лаңкестікті қолдайды деп айыптауы күлкілі әрі ұят. Ал сионистік режим жазықсыз палестиналықтарды, соның ішінде балалар мен әйелдерді өлтіруді жалғастыру арқылы Газа секторындағы қантөгіс пен террорды ұзартып отыр",-деді.
БҰҰ-дағы Иранның тұрақты өкілі: "Израиль режимінің 2024 жылы 10 тамызда Газа қаласының орталығындағы әт-Табеин мектебін паналаған бейбіт тұрғындарға қарсы жасаған соңғы қылмысы – АҚШ-тың сөзсіз қолдауының нәтижесі. Осы шабуылда кем дегенде 100 жазықсыз палестиналық, соның ішінде балалар мен әйелдер шәһид болды",-деді.
Иравани: "Мұнымен қоса, АҚШ-тың БҰҰ-ның тізіміне енгізілген «Джебхат ан-Нусра» сияқты Сирияның басып алынған аймақтарындағы лаңкестік топтарға қолдау көрсетуі осы ұйымының жарғысын, халықаралық құқықты және Қауіпсіздік кеңесінің тиісті қарарларын айқын бұзу болып саналады. Және бұл – АҚШ-тың аймақтағы лаңкестіктің негізгі қолдаушысы екенінің тағы бір дәлелі. Осындай қара тарихқа ие АҚШ БҰҰ-ның басқа мүшелерін айыптай да, оларға дәріс оқи да алмайды.",-деп еске салды.
БҰҰ-дағы Иранның тұрақты өкілі сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасынан осы хатты кеңестің ресми құжаты ретінде тіркеп, таратуды сұрады.