Там 11, 2016 17:35 Asia/Almaty
  • Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (81)

Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді.

Сухравардидің қысқа ғұмырынан құнды еңбектер қалды. Осы ирандық философтың туындыларының бір бөлігі – тұспалды және құпиялы трактаттар мен әңгімелер. Зерттеушілердің пікірінше, бұл туындылар Сухравардидің келбетін бетпердесіз көрсетеді. Әдемі тіл және құпия-тұспалдармен жазылған бұл туындылар Сухравардидің рухани тәжірибелерін қамтиды. Өткен екі бағдарлама барысында Сухравардидің парсы тіліндегі тұспалды және құпиялы туындыларына жататын  «Жебірейіл қанатының үні», «Лұғат-е Муран» мен «Фи хақиқат ул-ешқ» атты үш  трактатты таныстырып өттік. Бүгінгі бағдарламада осы ирандық философтың парсы тіліндегі «Сафир-е Симорғ» (Самұрықтың ысқырығы) атты тағы бір трактатын таныстырамыз.

Сопылардың ақиқатқа жету жолы, танымның сатылары, мистика, фәнидің құпиясы, рәсім бойынша өлім (Мутаву қабл ән тамутаву) туралы Сухравардидің ең әйгілі трактаты – «Сафир-е Симорғ». Трактат толығымен ғылыми сипатта, шейх Ешрақтың әдісқой санасына сай жазылған.  Шейх Ешрақ бұл трактатты нақты да есептелген бөлімдерде ұқыпты  құрылымда ұсынған. Трактат қазіргі замандағы ғылыми мақалалармен теңдесе алады, тіпті олардың көбінен нақтырақ әрі ғылыми деңгейі жоғары саналады. Сухраварди трактаттың кіріспесінде қазіргі заманғы ғылыми мақалалардағыдай тақырыпты таныстырып, мақсатты баяндап, тақырыптың бүкіл жоспарын ұсынып, оларды бөлімдерге бөлген. Бұл кіріспе сол замандағы кітаптарда берілген тәсілге сәйкес бір Алла мен ислам пайғамбарын мадақтаумен басталады, бірақ басқа кітаптарға керісінше мадақтау ұзақ емес, өте қысқа, артық сөзсіз, екі-ақ сөйлеммен жазылған.

Ол Аллаға мадақ айтқаннан кейін трактаттың негізгі тақырыбын таныстыруды бастап, оның жоспарын ұсынып, кітабын «Сафир-е Симорғ» деп атады.

Шейх Ешрақ трактаттың негізгі кілті болып табылатын «Сафир-е Симорғ» атауын келтіріп, ғылыми мақалаларға қажетті ережеге сәйкес ол да өз оқырманын кіріспе бөлімінде осы негізгі сөзбен таныстыруды қажет санап: «Кіріспеде осы ұлы құстың маңыздылығы мен орны туралы айтып өткеннің зияны жоқ» дейді.  Содан соң өзі болып табылатын бірінші жақ жекеше түрден «сәуле таратушы» болып табылатын үшінші жақ жекеше түрге көзқарас бұрышын өзгертіп, самұрықтың жағдайын баяндауға кіріседі.

Сухраварди осы трактатта көзқарас бұрышын өзгертумен қоса, өте саналы түрде мән-мазмұнды өзгерту арқылы тіл мен баяндау тәсілін де өзгертті. Бұл оның прозасының айқын ерекшеліктерінің бірі. Бұл ерекшелік оның парсы тіліндегі мақалаларының барлығында дерлік бар. Ол мадақ, туындының жоспары мен кіріспесін баяндауда қарапайым тілді қолданған, ал мистикалық тақырыптар аясына жататын самұрықтың жағдайын баяндауда құпия мен тұспал тілін таңдаған.  

Сухраварди өзінің таным-түсінігін көбірек әрі жақсырақ түсіндіру үшін бұл трактатта самұрықтың жағдайы жайында басқалардан өзгеше қысқа да сырға толы тұспалды әңгімелерді баяндаған. Сухравардидің осы трактатта оқырманына  таныстырған самұрығы ибн Сина, Ғазали мен Ейн ул-Ғұззат сияқты хикмет, философия мен мистика саласындағы ойшылдар таныстырған самұрықтардан өте үлкен айырмашылығы бар. Сухравардидің самұрығы мекен-жайсыз емес. Шейх Ешрақтың сенімінше, ақиқат жолын жүріп өтетін және оның тағылымдарын қолданатын әрбір көкек самұрықтың дәрежесіне көтеріле алады. Оның сенімінше, «Көктем мезгілінде өз ұясын тастап шығып, өз тұмсығымен өзінің қанатын жұлып, Қап тауына барғысы келетін әрбір көкек, егер оған 1000 жылдық Қап тауының көлеңкесі түссе (ақиқат жолын іздеушілер үшін бұл мың жылдық таңның бір атысындай),  осы аралықта самұрыққа айналады».  

Шейх Ешрақ ой-санасының өзегінде көзге түсетін ең негізгі әрі құнды ой мынада: ол самұрық дәрежесіне жету үшін ешқандай алғышарт қажет емес деп санайды, «әрбір көкек» деген сөзді қайталау арқылы барлық ақиқатты іздеушілер  Аллаға бастап баратын кемелдік жолын жүріп өтеді деп айтып, оның шарттарын баяндаған. Самұрық дәрежесіне жету шарттары жеңіл емес болса да, Сухраварди көзқарасы бойынша мүмкін іс.

Сухраварди туындыларын сынайтындардың кейбіреулерінің сенімінше,  ол осы трактатта ақиқат жолын іздеушіні таным дәрежесіне жеткенге дейін баяндаған. Самұрық ертегісінің басталуы – сапардың бастамасы, ішкі дүниеге сапардың бастауы. Осы сапарды баяндаушылар «сәуле таратушылар» деп аталады. Сухраварди сияқты адамдардың негізгі ешрақи (платондық) ойлары «нұр мен сәуле» болып табылады. Сухравардидің сенімінше, олардың міндеті мен мақсаты – адам психикасының нұрға толы (ешрақи-платондық) жолын көрсету.

Бұл сапардың жолаушысы – «ұясын тастап, тұмсығымен өз қанатын жұлатын а».  Көкек – ақиқат іздеуші, оның сапарының шарты жеңілдік әрі тәуелсіздік. Сол себепті ол өз ұясын тастап, қанатын жұлып, өзін кез-келген байланыстан арылтуы керек.

Сапардың уақыты – көктем мезгілі, өзгеріс пен гүлденудің  мезгілі. Сухравардидің айтуынша, сәуле таратушылар қараңғы қыстан (зұлмат зымыстанынан) арылып шығып, ақиқат танымының жарық көктеміне жетеді. Сапардың мақсаты – Қап тауы. Әлемнің географиялық аумағында мұндай жер жоқ. Сапардың ұзақтығы – мың жыл. Бұл мың жыл ақиқатты іздеушілердің күнтізбесінде бір таңды білдіреді. Сол сапардың  қорытынды  мақсаты мен нәтижесі – осы аралықта самұрыққа айналу. Шын мәнінде  ақиқат іздеушінің рухы болып табылатын көкек өз сапарының аяғында самұрық дәрежесіне жетіп, ізгі сипаттарға ие болады. Шейх Ешрақ бұл сипаттарды үздік жиырма сипат шеңберінде атап өткен.

Сухраварди самұрыққа айналған көкектің сипаттарын санамалап өткен. Әрине, бұлар жетекшілік пен пайғамбарлыққа жеткен кәміл адамның сипаттары екендігі күмәнсіз. Оның үні ұйқыдағыларды оятады. Шейх Ешрақ кіріспе бөлімінде «кәміл адам теориясы» туралы теориялық тақырыптар мен оларға жетудің шарттары мен сатыларын тұспалды түрде баяндап, «Сафир-е Симорғ»  трактатының негізгі мәтінінде толығымен ғылыми түрде кемелдікке жету шеңберін қарапайым тілмен баяндап берген. Осылайша теория мен практиканы бір-бірімен байланыстырған. Бұл Сухравардидің тағылымдық тәсілінің маңызды ерекшеліктерінің бірі. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, ол тек ұшу ұранымен шектелмейді, оның сөзінің артында сезім бар. Бұл оның әрекетінің нышаны болған. «Сафир-е Симорғ» – шын мәнінде ақиқатты іздеушілер үшін Хаққа жету жолындағы нақты іс-қимылдар жоспары.