Иран ертегілері мен аңыздары (120)
Айтып өткеніміздей, «Мың бір түн» кітабы – Шахризада атты әйелдің хикаялары. Ол күнде бір әйелге үйленіп, ертең таңертең оны өлтіріп отырған залым патшаның әйеліне айналады. Шахризада осы әділетсіздікпен күресуге бел байлап, жанұясының қарсылығына қарамастан залым патшаға тұрмысқа шығып, әр түні таусылмайтын ертегілер айту арқылы өлімді кешеуілдетіп отырады. Оның осы теңсіз күрестегі қаруы – даналық пен қырағылық.
Шахризада таңдаған ауыр жолда ақлақтық тәлімгерлердей уағыз айту нәтиже бермейді. Мадақтау мен дәріптеуден де қайран жоқ. Бұлар арқылы залым патшаны алдай алмайсың. Ол әрбір қадамын аңдап басады. Әйелінің қиянатынан бүкіл әйелдерге кектенген патшаға Шахризада алдымен адамның әлсіздіктері мен ақымақтықтарын әшкерелейтін оқиғалардан тұратын ертегілерді баяндайды. Бұларда әйелдерге әртүрлі айыптар тағылады. Солардың ішінде алдау, өтірік айту, қылымсу және т.б. жағдаяттарды баяндау патшаны алдарқатумен қоса, біртіндеп оның сенімін тудырады.
Шахризада басқа әйелдерді кешірмей, мысалдар келтіру арқылы патшаның әйелдермен жауластығын дәріптейді. Осындай жағдайда патша өзінің әйеліне қалайша күмән келтіре алады? Патша ертегілердің аяғына дейін, яғни мың бірінші түнге дейін Шахризадамен бірге болып, оның бірегейлігіне көз жеткізеді. Шахризада ертегілеріндегі әйел кейіпкерлердің бәрі бірдей емес: онда ең жаман және ең діндар әйелдер бар.
Әйелдер жайлы теріс ойда болған патша әртүрлі әйелдер сөз етілген ертегілерді естіп, данышпан, әнші және адал әйелдермен танысқан соң біртіндеп өзгереді. Патша ертегілерге қызығып, бейімделе түседі. Кейде ертегі кейіпкерінің қиындықтарына жаны ашиды, кейде Шахризада баяндаған жас қыздарды ұнатып қалады. Жаңа тұлғалар біртіндеп жылдар бойы санасын жаулаған бейнелердің орнын алмастырады. Ол дене сұлулығының амал-әрекет сұлулығына жақын болуы қажет екенін үйренеді. Ол Шахризада мен ол айтқан ертегілер жолынан бірегей де таза ғашықтықты табады. Шахризада патшаға ол білмеген барлық нәрсені, соның ішінде өткен ғасырдың данышпандары «Хомаюн өнері» деп атаған өмір сүру өнерін үйретеді.
Ардақты ағайын, осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Синдбад» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.
Парсы жерінде Синдбад есімді бір патша болыпты. Малек Синдбадтың үйретілген қаршығасы болған екен. Ол өз қаршығасын жақсы көріп, өзінен бір елі қалдырмайтын көрінеді. Малек Синдбадтың бұйрығымен алтыннан кішкене кесе жасалып, қаршығаның мойнына іліп қойыпты. Қаршыға шөлдегенде әлгі кеседен су ішеді екен. Бір күні Малек Синдбад уәзірі мен нөкерлерін қасына ертіп, аң аулауға шығады. Ол әдеттегідей қаршығаны өзімен бірге ала барады. Бір құлан тұзаққа түсіп қалады. Патшаның жанындағылар құланды айнала қоршап алады. Алайда құлан тұзақты үзіп, қашып кетпек болады. Малек Синдбад: «Қашуына жол бермеңдер. Құлан кімнің алдынан өтіп кетсе, соны өлтіремін»,-деп айқай салады. Патшаның сөзі аяқталмай жатып, құлан оның өзіне қарай жүріп, үстінен секіріп өтіп, қаша жөнеледі. Нөкерлер уәзірге қарап, үнсіз қалады. Уәзір патшаның құлағына жайлап: «Құлан сіздің басыңыздан аттап, қашып кетті. Енді не істейміз?»-дейді. Малек Синдбад уәзірдің тұспалын түсініп, атына қарғып мініп: «Құланның артынан қуамын. Ұстап алмайынша қайтып оралмаймын»,-деп айқайлайды. Осыны айтып, қашқан құланның артынан қуа жөнеледі. Оның иығында отырған қаршыға қанатын жайып, сусылдап ұша жөнеліп, құланға жетіп, тұмсығымен оның көздерін шоқып алады. Құлан соқыр болып қалған соң қаша алмай қалады. Малек Синдбад құланды қуып жетіп, оны бауыздайды. Құланды атына артып, өзі шаршағанын баспақ болып, ағаштың көлеңкесіне отырады. Сол кезде ағаштың үстінен су жерге тамшылап ағып жатады. Шөлдеген Малек Синдбад су тамшыларын көргеніне қуанады. Қаршығаның мойнынан кесесін алып, тамшылаған судың астына қояды. Кесе толғанда Малек Синдбад оны ішейін деп аузына апара бергенде кенеттен қаршыға қанатымен кесені қағып түсіреді. Кесе жерге құлап, суы төгіліп қалады. Малек Синдбад қаршығаға мейіріммен қарап: «Сен де шөлдеп тұрсың ба? Онда сәл күте тұр»,-дейді. Содан соң тағы да кесені суға толтырып, қаршығаның тұмсығына тосып: «Алдымен сен іш, содан соң мен ішемін»,-дейді. Бірақ қаршыға тағы да қанатымен кесені қағып, суын төгіп тастайды. Малек Синдбад: «Алдымен атқа су бер дегісі келген шығар»,-деп ойлайды. Сөйтіп кесені тағы да суға толтырып, аттың алдына қояды. Шөлдеген аттың аузы кесеге тимей жатып, қаршыға тағы да кесені қанатымен қағып, суын төгіп тастайды.
Бұл жолы патша ашуланып: «Лағынет атқыр құс, не өзің ішпейсің, не мені мен атыма су ішкізбейсің»,-деп қаршығаға айқайлайды. Ашу мен шөлдің қысқаны соншалықты, қылышын қынабынан шығарып, қаршығаның қанатын қағып түсіреді. Құс қанатынан айырылып, қанға бөгіп қалады. Көздеріне қайғы мен дерт тұнған жаралы құс Малек Синдбадқа қарап, басымен ағаштың бұтағын нұсқайды. Малек Сандбад қаршығаның ишаратын түсініп, басын көтеріп, ағаштың бұтағына қарағанда адам сенгісіз жағдайды көреді. Ағаштың діңіне оралған үлкен қорқынышты жыланның аузынан у тамшылап ағып жатыр екен.
Бажайлап жыланға қараған Малек Синдбад өкініштен айқайлап жібереді. Жараланған қаршығаны қолына алып, оның қансыраған қанатын сүйіп: «Менің мейірбан құсым, сен менің жанымды құтқардың, ал мен саған не істедім»,-дейді күйініп. Содан соң қаршығаны кеудесіне қысып, атына мініп, тездетіп сарайына қарай шаба жөнеледі. Шаршап, қайғыға батып сарайға келеді. Құланның етін сарайдың аспазшысына беріп, өзі қаршығаны құшақтаған күйі тағына отырады. Қаршыға өлім аузында еді. Өкініш буған Малек Синдбад оған қайғыра қарап, оның қанатын сипалайды. Содан соң қаршыға ақтық демін алып, патшаның қолында жан тәсілім етеді. Ал Малек Синдбад өшпес өкінішпен қала береді.