Ақп 23, 2016 17:33 Asia/Almaty

Аллаға тәуекел ету деген – адамның өз ісін Жаратушыға тапсырып, одан мәселесін шешуді сұрауы.

Имам Садық (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінен: «Шын мәнінде мұқтажсыздық пен ғиззат айналып жүреді. Тәуекел бар жерге жеткен кезде олар сол жерге тұрақтайды»  деп оқимыз. («Усул Кафи», 2-ші том). Бұл рауаятта мұқтажсыздық пен ғиззаттың тәуекелмен байланыстығы көркем көрсетілген. Мұқтажсыздық пен ғиззат көбінесе қатар жүреді. Адам басқаларға мұқтаж болса, оның абырой-ғиззатына сызат түседі. Имам Садық (ғ.с.)-ның жүрекке қонымды сөзінен тәуекел етудің қажеттілігінің ғиззат пен мұқтажсыздық екендігі белгілі болады. Аллаға тәуекел ететін адам қадірлі болып, қорлықты сезбейді. Жаратушы оны басқаларға мұқтаж болмайтындай жарылқайды. Аллаға тәуекел ету деген – адамның өз ісін Жаратушыға тапсырып, одан мәселесін шешуді сұрауы. Өйткені адамның барлық қажеттіліктерінен хабардар Алла оның әр мәселесін шешу күшіне ие. Исламның ұлық пайғамбарының хадистерінің бірінде хазіреттің Алланың уәһиін жеткізуші Жебірейілден: «Тәуекел не?»- деп сұрағаны оның «Тәуекелдің ақиқаты мынада: адамның  Алланың жаратылысының не зиян, не пайда келтірмейтінін, не ештеңе сыйлай алмайтынын, не тыйым салмайтынын біліп, тек Құдайға ғана үміттенуі болып табылады. Егер осындай жағдай орнатылса, адам тек Алла үшін жұмыс жасап, тек оған үміт артып, тек одан қорқып, жүрегін де тек соған тапсырады. Тәуекел етудің ақиқаты осы»,- деп жауап берді»,- дегені айтылған. («Бихар әл-Анвар», 77-ші том). Тәуекел деген еш әрекет етпестен, бір бұрышта отырып алып күту деген сөз емес. Өйткені жағдайға назар аударып, табиғи нәрселер мен табиғат әлемін пайдалану Аллаға тәуекел етумен бірдей. Өйткені кез келген нәрсе тек Алланың қалауымен орын алады. Хадис кітабында  күндердің бірінде имам Әли (ғ.с.)-ның дендері сау бір топ адамның жұмыстарын тастап, мешіттің бұрышында отырғандарын  көріп олардан кім екендіктерін сұрағаны айтылған. Олар: «Біз Аллаға тәуекел етушілерміз»,- дегенде хазірет: «Жоқ, сендер қоғамға масыл адамсыңдар, басқалардың еңбегін жеп отырған адамсыңдар» депті. Тәуекел ету шын мәнінде адамды қорлық пен құлдықтан тамырланатын нәрселерден құтқарып, оған азаттық пен өз-өзіне деген сенім сыйлайды. Өйткені адам Алланың шексіз құдыретіне сүйеніп, өзін жеңімпаз санайды. Осы мәселе оның үміті мен табандылығы және қарсыласуының артуына себеп болады. Исламның ұлық пайғамбары: «Күш-қуатты болғысы келген адам Аллаға тәуекел етеді»,- деген болатын. Имам Бақер (ғ.с.) да бұл туралы: «Аллаға тәуекел ететін және Алладан пана іздейтін адам сәтсіздікке ұшырамайды»,- деген болатын. («Бихар әл-Анвар», 68-ші том). Аллаға шынайы тәуекел етудің ең жақсы үлгісі хазірет Ибраһимнің Құдайға тәуекел етуі саналады. Хазірет пұтқа табынушылар  оны өртеп, одан құтылуға шешім қабылдаған кезде Жаратушыға сенім артып, оған тәуекел етті. Имам Садық (ғ.с.): «Хазірет Ибрахимді отқа тастауға дайындаған кезде оның қасына Жебірейіл келіп, сәлем беріп: «Саған көмектесейін бе?»- деп сұрады. Сонда хазірет Ибраһим оған: «Сенің көмегің керек емес»,- деп жауап берді. Жебірейіл хазірет Ибрахимге: «Егер менің көмегімді қаламасаі, Алладан көмек сұра»,- деді. Хазірет Ибрахим: «Алланың менің жағдайымнан хабардар болғаны жеткілікті»,- деп жауап берді. («Бихар әл-Анвар», 12-ші том).Тәуекел ету – иманды адамдардың ерекшелігі. Мүмін және Аллаға тәуекел ететін адам барлық күш-қуаттардың бұлағының Жаратушы екенін жақсы біледі. Шын мәнінде «тәуекел ету» деген түсінік иман мен Исламнан бөлек емес.  Рауаяттардың бірінде Әли бен Суид имам Казем (ғ.с.)-нан «Талақ» сүресінің 3-ші аятына «Аллаға тәуекел еткен адамды Алла мұқтажсыз етеді» деп жасалған тәпсірі туралы сұрағанда, имам: «Тәуекел етудің әртүрлі деңгейлері бар. Мәселен, барлық істеріңде Аллаға тәуекел етіп, Алланың бергеніне риза болу соның бірі. Сондай-ақ, Алланың саған тек жақсылықтан басқа тілемейтінін және барлық істердің Оның қолында екенін біл. Сондықтан жұмыстарыңды Аллаға тапсырып, тек Оған тәуекел ет»,- деп жауап қайтарған. («Усул ал-Кафи», 2-ші том). Тәуекел етудің әртүрлі деңгейі бар. Оның ең төмен деңгейі адам қиындықтармен кезіккен кезде Алланы пана тұтуы жатады. Оның жоғары деңгейінде барлық жағдайларында тек Аллаға көңіл  аударатын адамдар орналасады. Олар қиын кезде де, тұрмыстары жақсы кездерде де Алланың ұмытпайды. Олар  тек Аллаға үміт артып, тек одан ғана қорқады. Лұқман хакім перзентіне: «Перзентім! Аллаға сенім арт, содан соң халықтан  «Аллаға сенім артып, Алла оны құтқармаған адам бар ма?» деп сұра. Перзентім Аллаға тәуекел ет, содан соң халықтан Аллаға тәуекел еткен, бірақ Алла оны мұқтажсыз етпеген адам бар ма?» деп сұра»,- деп кеңес берген.