Иран ертегілері мен аңыздары (122)
Айтып өткеніміздей, әдеби сыншылардың пікірінше, жазушылар өз туындыларындағы кейіпкерлердің аттарын саналы түрде және белгілі бір себептермен таңдайды. Есімдер әңгіме барысында белгілі бір рөл атқарады. Бір туындыны сараптағанда жалқы есімдерді нақтырақ талдап, олардың астарлы мағынасына әлеуметтік және символдық тұрғыдан көңіл бөлу қажет.
Бірақ бір туындыны аударғанда есімдердің сипаттамалық құндылығы жоғалады. Үнді-ирандық бастауға ие «Мың бір түн» кітабындағы кейіпкерлердің аттары да осындай тағдырға душар болған. «Мың бір түн» ертегілерін шығарушылар кейіпкерлердің есімдерін олардың тағдыры, тұлғасы, мінез-құлқы мен іс-қимылына тікелей байланысты таңдаған. Бұл есімдер шын мәнінде ерекше аттарға ие кейіпкерлер тағдырының кіріспесі болып табылады.
«Мың бір түн» кітабындағы ертегілерде қолданылған аттардың ең бірінші маңызды да ғажайып ерекшелігі мынада: көп жағдайда кейіпкерлердің аты жоқ. Шын мәнінде ертегілердің көбінде ортақ есімдер, кәсіптердің атаулары, арнайы жұмыс немесе кейіпкерлердің ерекше жағдайы оларды таныстыру үшін қолданылады. Сондықтан ертегілердің көбінде, әсіресе қысқа ертегілерде кейіпкерлер тек қыз, ер адам, шах, патшайым, аңшы, шаштараз, уәзір немесе тағы басқа деп аталған. Бірақ «Мың бір түн» кітабының ең ұзақ әрі шытырман оқиғалы күрделі ертегілерінің кейіпкерлерінің ерекше аттары бар. Сондықтан ертегінің ұзақтығы мен оқиғалардың күрделілігі кейіпкерлерге ерекше ат таңдау критерийлерінің бірі деп нәтиже шығаруға болады. Ертегіші кейіпкерге ерекше ат беру үшін ол қалың жұрттың арасындағы қосалқы кейіпкерлердің ішінде көптеген шытырман оқиғалардың басты кейіпкері болуы қажет немесе ертегі барысында негізгі рөлне ие болуы тиіс.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, бір күні кешке Харун әр-Рашид Джафар Бәрмәки атты уәзірі мен қылышшы Масрурмен бірге киімдерін ауыстырып, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың жағдайын білуге шешім қабылдайды. Тигр өзеніне жеткен кезде қайықшыдан оларды өзенде серуендетуді сұрайды. Қария оларға: «Қазір өзенде қыдыратын кез емес. Өйткені күнде кешке Харун әр-Рашид кемеге отырып, Тигр өзенінде қыдырады. Ал оның жаршылары «Уа, халайық! Халиф Харун әр-Рашидтің бұйрығымен осы сағаттан кейін өзенде жүрген кез-келген адамның басы алынады немесе өлсін деп қайығының діңгегіне асып қоямыз» деп айқайлайды»,-дейді. Осы сөзге таңданған Харун әр-Рашид қарияға ақша беріп, көндіріп, кәззап халифті көреді. Халиф қайықшыға тағы ақша беріп, ертең де кешке оларды өзенде серуендетуге көндіреді. Қайықшы қария келіскен соң олар қайыққа отырып, сарайға қайтып келеді.
Ертеңгінде Харун әр-Рашид пен уәзір елдің ішкі істерін атқарып болғанша кеш болады. Харун уәзір мен қылышшы Масрурды шақырып: «Ана халифті көруге дайындалыңдар»,-дейді.
Олар Харунның бұл сөзіне күліп, сосын өз киімдерін ауыстыруға кетеді. Көп ұзамай дайын болып, үшеуі сол түні кәззап халифтың сырын ашуға болар деген үмітпен сарайдан шығады. Тигр өзеніне жеткенде бұрынғы жерде күтіп отырған қайықшы қарияны көреді. Амандасып, қайыққа отырады. Қайықшы жолға шықпай жатып, кенеттен алыстан кәззап халифтың кемесін көрді. Сондықтан сол жерде қалып, кеменің жақындауын күтеді. Өткен түндегідей кемеде көптеген нөкерлер мен қызметшілер бар екен. Жаршылар әдеттегідей айқай салып, халыққа өзеннен кетуге ескертеді.
Харун әр-Рашид: «Құдай ақы, егер бұларды өз көзіммен көрмесем, сенбес едім»,-деді. Содан соң өз қоржынынан 10 ділдә алып, қайықшыға беріп: «Мына пұлды ал. Қараңғыда кеменің артынан жүрейік. Өзенді жағалай жүрсек, олар бізді көрмейді»,-деді.
Қария ақшаға көзі түскенде үндеместен қайықтың ескегін есе бастайды. Олар кеменің артынан жүзіп, өзеннің жағасындағы кең баққа жетеді. Онда көптеген күзетшілер мен нөкерлер шырақтармен күтіп тұр екен. Кеме баққа жеткен кезде халиф жерге түседі. Жағада тұрған адамдар халифке безендірілген қашыр әкеледі. Халиф қашырға отырып, қызметшілерінің алдына түсіп, жүріп кетеді.
Харун әр-Рашид қарияға қайығын кеменің жанына тоқтатуға бұйырады. Содан соң Джафар Бәрмәки, Масрур мен Харун әр-Рашид қайықтан түсіп, кәззап халифтің артынан жүреді. Бірнеше қадам жүрмей жатып-ақ, оларды күзетшілер ұстап алады. Харун күзетшілерден босат деп қанша сұраса да, пайда болмайды. Оларды кәззап халифтің алдына апарады.
Сол жерде кәззап халиф олардан: «Мұнда қалай келдіңдер? Кім сендерді мұнда әкелді?»,-деп ашуланып сұрайды. Әлгілер: «Ей, халиф! Біз бөгде елден келген саудагерлерміз. Сіздің қалаңызға жаңа ғана келдік. Осы маңда серуендегіміз келді, ал сіздің адамдарыңыз бізді құрықтап, осында алып келді»,-деп жауап береді. Кәззап халиф олардың түр-тұлғасына қарап: «Бөтен елден келіп, бұл жердің заңын білмейтіндерің жақсы болған. Болмаса, тура бүгін кешке бастарыңды алуға бұйрық берер едім»,-дейді. Осыны айтып, өзінің уәзіріне әлгілерді сарайға апарып, қонақ етіп күтуге бұйрық береді. Уәзір мақұлдап: «Ей, саудагерлер, менің артымнан еріңдер. Бүгін мұсылмандар билеушісінің қонағысыңдар»,-дейді. Олар жолға шығып, жүріп отырып, бір үлкен салтанатты сарайға жетеді. Сарайдың тасының барлығы мәрмәр екен, ал оның қақпасы алтынмен апталған қымбат ағаштардан жасалыпты. Қақпа ашылып, олар кірген кезде бір үлкен залға жетеді. Оған қарама-қарсы үлкен хауыз салынған екен. Залда әдемі де қымбат кілемдер жайылыпты, төр жағына халиф отыратын гауһар таспен көмкерілген тақ қойылыпты. Халиф тура сол таққа барып отырып, ақсақалдар мен қызметшілер айналасында сап түзеп тұрады. Біраз өткеннен кейін залдың перделері ашылып, қызметшілер үлкен дастархан әкеліп, залдың ортасына жаяды. Нөкерлер бірінен соң бірі жеміс пен тағамға толы ыдыстармен кіріп, оларды дастарханға қояды. Кәззап халиф Харун мен оның жанындағыларға қарап: «Ей, саудагерлер, жақын келіп, дастарханнан дәм татыңыздар»,-дейді. Әлгілер көрген дүниелеріне таңданып, жақын келіп, дастархан басына отырып, тамақ жей бастайды.