Иран ертегілері мен аңыздары (123)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, «Мың бір түн» кітабы жайлы сөз қозғаймыз. Айтып өткеніміздей, әлем әдебиеті мен парсы халық ауыз әдебиетіндегі «Мың бір түн» кітабының маңыздылығы мен жоғары орнына және ондағы ертегілердің негізгі сюжеттерінің әралуандығына байланысты бірнеше бағдарлама барысында осы кітапты қарастыратын боламыз. Бүгінгі бағдарламада осы туындыдағы кейіпкерлердің ерекше есімдерінің рөліне тоқталамыз.
Айтып өткеніміздей, жалқы есімдер «Мың бір түн» кітабының кейбір ертегілерінде ерекше рөл атқарады. Сол себепті бір туындыны талдағанда жалқы есімдерді нақты қарастыру керек. «Мың бір түн» кітабында кейіпкерлердің есімдері шын мәнінде олардың тағдырларын қысқаша баяндайды. Бұл ерекшелік ұзақ ертегілерден байқалады. Ертегіші кейіпкерге ат қою үшін аталмыш тұлға қосалқы кейіпкерлердің арасында шытырман оқиғалардың кейіпкері болуы тиіс немесе әңгіме барысында негізгі рөлге ие болуы керек.
«Мың бір түн» кітабында көңіл аударатын маңызды жайт – тарихи және мазхаби тұлғаларға қатысты есімдер. Харун әл-Рашид пен оның ұлдары, Аббасилердің басқа халифтері, Сүлеймен, Қызыр мен Рүстем сияқты тұлғаларға қатысты есімдер тарихи және мәдени оқиғаларды еске салады. Соның негізінде кейіпкердің қандай рөл атқаратынын болжауға болады. Өйткені осы тұлғаға қатысты тарих пен аңыз оның мінез-құлқы, әдеттері мен іс-қимылдарын әртүрлі қырларынан алдын-ала анықтап береді. Бұл тұлғалардың кейбірінің қызмет аясы әңгіме барысында маңызды болғанымен ертегішінің түсіндірмесі мен дәлелі одан да маңыздырақ. «Мың бір түн» кітабының ертегішісі өз қиялындағы кейіпкерлерге ат таңдауды қалай түсіндіретінін білу қажет. Тұлғаның есіміне қатысты түсіндірме ертегі барысында ашылатын мәліметтерге байланысты анықталады. «Мың бір түн» кітабының шебер ертегішілері мұны әртүрлі тәсілдермен атқарады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, бір күні кешке Харун әр-Рашид Джафар Бәрмәки атты уәзірі мен қылышшы Масрурмен бірге киімдерін ауыстырып, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың жағдайын білуге шешім қабылдайды. Тигр өзеніне жеткен кезде қайықшыдан оларды өзенде серуендетуді сұрайды. Қария оларға: «Қазір өзенде қыдыратын кез емес. Өйткені күнде кешке Харун әр-Рашид кемеге отырып, Тигр өзенінде қыдырады. Ал оның жаршылары «Уа, халайық! Халиф Харун әр-Рашидтің бұйрығымен осы сағаттан кейін өзенде жүрген кез-келген адамның басы алынады немесе өлсін деп қайығының діңгегіне асып қоямыз» деп айқайлайды»,-дейді. Осы сөзге таңданған Харун әр-Рашид кәззап халифті көргісі келіп, қарияға ақша беріп көндіріп, ақырында оны көреді. Кәззап халиф кемесінің артынан жүріп отырып, оның орнын анықтайды. Алайда күзетшілер оларды ұстап алады. Харун әр-Рашид пен оның қасындағылар өздерін саудагер деп таныстырады. Кәззап халиф оларды өз сарайына апарып, салтанатты дастархан жаюға бұйрық береді. Олар дастархандағы тағамдарға таңданып, жақын келіп, дастархан басына отырып, тамақ жей бастайды.
Бірнеше минуттан кейін Харун уәзірдің құлағына сыбырлап: «Джафар, мен осы жердің шынайы халифімін, бірақ өзімнің сарайымда ешқашан осыншама шашылып той жасамадым. Өмірімде осындай нығметке толы дастарханды көрмедім. Мына жігіттің не істейтінін және осындай дәрежеге қалай жеткенін білгім келеді»,-дейді.
Осы кезде халиф Харун әр-Рашид пен Джафар Бармакидің жасырын сөйлесіп отырғанын байқап: «Жұрттың ортасында жасырын сөйлесіп, сыбырласу – әдепсіздік. Егер айтарыңыз болса, айтыңыз, біз де естиік»,-дейді. Джафар Бармаки кешірім сұрап: «Алдияр, менің достарымның айтуынша, осы уақытқа дейін көптеген жерлерге сапармен бардық, көптеген патшалардың дастарханынан дәм таттық. Бірақ өмірімізде осындай салтанатты дастархан көрмедік. Осы нығметпен бірге бізге ән айтып беретін әншілерді алып келсеңіз жақсы болар еді»,-дейді. Кәззап халиф Джафар Бармакидің өтінішін естіген соң жанындағы кішкентай дабылды соғады. Сол заматта залдың үлкен есігі ашылып, қолында арфасы бар жас жігіт кіріп келіп, залдың бір шетіндегі орындыққа барып отырады. Содан соң арфаның ішектерін қағып, ойнай бастайды. Біраз уақыт арфада ойнап, ән айтады. Кенет кәззап халиф тағынан тұрып, киімдерін жыртып, есінен танып қалады. Қызметшілер тез арада оның алдынан перде тұтып, халифтің киімін ауыстырып, оны қайтадан таққа отырғызады. Халиф сәл есін жиған соң жақсы ән айтатын әншіге қайтадан саз тартып, ән айтуға белгі береді. Әнші басын иіп, жүрек тебірентетін жаңа өлеңдер айтып, арфасын тарта бастайды. Бірнеше минут өтпей жатып, халиф көз жасына ерік беріп, орнынан тұрып, тағы да өзінің қымбат киімдерін жыртып тастайды. Қызметшілер қайтадан оның алдынан перде тұтып, үстіне жаңа киім кигізіп, оны таққа отырғызады.
Халиф тағы да дабылды қаққанда екі жас нөкер кіреді. Олар да залдың шетіндегі орындыққа отырады. Олардың бірі өзінің аспабын қолына алып, тарта бастайды. Ал екіншісі мәжілістегі адамдарға ғашықтық жайлы жан тебірентерлік өлеңдерін нәзік дауысымен айта бастайды. Халиф осы өлеңдерді естігенде тағатынан айырылып, айқайлап, тағы да киімдерін жыртып, есінен танып қалады. Осы жолы да қызметшілер халифтің алдынан перде тұтып, киімін ауыстырады. Сол кезде Харун әр-Рашидтің көзі халифтің жалаңаш денесіне түседі. Кәззап халифтің белінде қамшы мен ескі жараның ізі қалған екен. Харун әлгі жас жігіттің денесінен қамшының ізін көрген кезде Джафар Бармакиге: «Ей, Джафар, мына жігіт ұры!»,-дейді. Уәзір: «Тақсыр, қайдан білдіңіз?»-деп сұрайды. Харун: «Белінде қамшының ізі бар екен. Ол біраз уақыт қамауда болып, ұрлық жасағаны үшін қамшы жеген»,-деп жауап береді.
Кәззап халиф жаңа киім киіп, таққа отырған кезде қонақтарының тағы да сыбырласып сөйлесіп отырғанын байқап: «Ей, саудагерлер, тағы да бір-біріңмен сыбырласып отырсыңдар ғой. Бізден жасыратын сөздерің бар ма?»-деп сұрайды.
Джафар Бармаки: «Сізден жасырын сөзіміз жоқ, тақсыр. Осы уақытқа дейін көптеген қалалар мен жерлерге сапар шегіп, көптеген патшаларды көрдік. Бірақ олардың осылай өздерінің қымбат киімдерін жыртқанын көрмеппіз. Менің досымның айтуынша, осындай қымбат киімдерді жырту – ысырапшылық. Жақсы іс емес»,-деп жауап береді.
Халиф: «Бұл киімдерді өз табысыма алдым, олармен не істегім келсе, соны істеймін. Мұнымен қоса, бұл киімдерді енді кимеймін. 500 ділдәмен қосып, осы жиында отырған адамдарға сыйлаймын»,-дейді.