Қаз 04, 2016 17:03 Asia/Almaty
  • Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (87)

Мир сейіт Әли Хамадани – х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда өмір сүрген ирандық мистик. Бағдарламаның жалғасында осы ирандық мистик-ойшылмен көбірек таныстырамыз.

Айтып өткеніміздей, ирандық мистик Мир сейіт Әли Хамадани х.қ.ж.с.б. 714 жылы Хамадан қаласында дүниеге келіп, бастауыш білімін алғаннан кейін ұлы ұстаздардан дәріс алып, ғылым, таным, хадис, хикмет пен мистиканы үйреніп, жан дүниесін тазарту, рухани өсу мен ақиқат жолын жүріп өтуде солардың ықпалында болған.  Ол өз заманындағы айтулы сопылардың алында ақиқат жолын жүріп өткеннен кейін ұстаздары тарапынан Иранның шекараларынан тыс жерде исламды таратып, қызығушыларға жетекшілік етуге таңдалып, бұл миссияны өмірінің соңына дейін атқарып, бүкіл өмірін ислам дінін насихаттап, шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Сейіт Әли Хамадани  тірі кезінде қатты құрметке ие болып, Иран, Орта Азия мен Үндістанның көптеген қалаларындағы халықтың барлық әлеуметтік топтары оған ерекше ілтипатпен қараған. Ол тақуалықпен қоса, ғылым мен хикметте жоғары орынға ие болып, өз заманында рационалды және көркемсөз ғылымдарының білгірі атанып, осы салаларда көптеген еңбек жазған. Сейіт Әли Хамаданидің жазбалары 110-нан аса кітап, трактат пен өлең жинағынан тұрады. Олар мән-мазмұн, стиль, проза мен поэзия тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық.  Бұл еңбектер әртүрлі салаларда, соның ішінде тәпсір, рауаят, философия, хикмет, ақлақ, мистика мен әдебиет салаларында жазылған. Олардың барлығында ғибратты әңгімелер, рухани және талғамдық тақырыптар қозғалған. Иранның бұл ұлы мистигінің прозалық және поэзиялық туындылар жазудағы алғырлығы оқырмандар үшін оның еңбектерін қызықты әрі тартымды етті. Сейіт Әли Хамаданиді қайтыс болғаннан кейін оның перзенттері мен ұрпақтары Хамадан, Саринегар (Кашмир), Балхаб (Балхтың айналасы) пен тағы да басқа жерлерде әкелерінің ісін жалғастырып, халыққа жетекшілік етуге күш салған.

Мир сейіт Әли Хамадани ислам дінін тарату, илаһи және гуманитарлық міндеттерді орындауға үгіттеуді қасиетті мақсат деп атап, сапарларында осы мақсатты орындаумен айналысқан. Ол өзінің миссиясын орындау үшін әртүрлі тәсілдерді, соның ішінде ислам тағылымдары мен сенімнің принциптерін үйрету, кейін ойшыл үгітшіге айналған шәкірттерді тәрбиелеу, уағыз бен құтпа айту, нәпсіні тазарту және ақлақтық қасиеттерді дамытуға арналған орындар ашуды қолданған. Ол үгітшілер мен уағызшыларды дайындап, ақиқатты талап етушілерге тоухидтің жолдауын жеткізу үшін ауқымды да жүйелі ұйым құрған. Сейіт Әли Хамадани өз шәкірттері мен достарын жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жиренуге шақырып, жемқорларға қарсы тұруды үйретті.  Ол әкімдер мен уәлилерге жетекшілік етіп, оларды әділдік, ынсап пен діни заңдарды сақтауға шақырған. Мешіт пен медресе салып, кітапхана ашу осы үгітші мистиктің ынталандыруымен немесе оның бақылауында атқарылған шаралардың қатарын құраған.

Сейіт Әли Хамадани өзінің миссиялық сапарларын  20 жастан бастаған. Бұл бағдарламасы бірнеше онжылдықтарға созылған. Шәкірттерінің айтуынша, ол сапардың қиындықтарына төзу үшін ғажайып рухани құдіретке ие болған. Ол өзінің жоғары мақсаттарын орындау үшін ұдайы сапарда болған және бір жерде ұзақ тұрақтап қалмаған. Ол Орта Азия, Кавказ, Әзірбайжан, Шри-Ланка, Тибет, Үндістан түбегінің солтүстігі мен оңтүстігі және араб мемлекеттерінің көптеген қалаларына сапар шеккен. Осы сапарларда исламдық тағылымдарды таратып, ислам мектебін таныстырып, діни қасиеттер мен құндылықтарды тағылым іздеушілерге ұсынып отырған. Ол көптеген адамдарды ислам пайғамбарының сүннеттерін орындауға бағыттаған.

Сейіт Әли Хамадани Орта Азиядағы Хатлонға сапарларының бірінде бір ауылды сатып алып, оны Құдай жолында вакфқа берген. Бұл ауылда ол медресе салдырып, шәкірттерді тәрбиелеуге жағдай жасаған. Адамдар тәлім алу үшін оған алыс-жақын жерлерден барған. Ол өзінің үгіт-насихат жұмыстарын осы аймақта шоғырландырып, халыққа жол көрсетіп, өзінің кейбір туындыларын осы жерде жазған.

Мир сейіт Әли Хамадани миссия жүргізу үшін ұзақ уақыт тоқталған жерлердің бірі – Кашмир.

Кашмир Үндістанның солтүстік-батысында Гималай тауының етегінде тартымды панорамалар мен жанға жайлы ауа райына ие ауданда орналасқан. Бұл ауданның 75 пайызы Джаму және Кашмир деген атпен танымал. Аталмыш аудан Үндістанға тиесілі. «Еркін Кашмир» деп аталатын бір бөлігі Пәкістанға тиесілі. Ауданның бір бөлігі Қытайға жатады. Ол үнді-қытай соғысы кезінде Қытай тарапынан басып алынды. Жайлы ауа райы, стратегиялық географиялық жағдайы, пайдалы қазбалардың молдығы, суы мол өзендер мен 95 пайыз мұсылман тұрғындардың өмір сүруі оңтүстік Азиядағы осы аймаққа ерекше артықшылық сыйлады. Кашмир тайпалық территориялық бөлініс тұрғысынан үш бөліктен тұрады:  мұсылман көпшілік Кашмир мен Джамудың сайында, үндістер мен сиктер Джамуда, буддистік тибеттіктердің азшылығы Ладахтың шығысындағы үстіртте өмір сүреді.  

Ислам діні бұл аймаққа х.қ.ж.с.б. 1 ғасырда келгенімен, оның таралып, күшіне енген дәуірі  х.қ.ж.с.б. 776 жылдан басталады. Осы жылдан бастап сейіт Әли Хамадани өзінің үгіт-насихаттарымен  ислам мен шиизмді осы аймақ халқының көпшілігінің дініне айналдырды. Ол бірнеше рет Кашмирге сапар шегіп, осы сапарлардың арасында сонда бірнеше жылға қалып отырған. Көбісі пайғамбар әулетінің ұрпақтары мен танымал тұлғалар және мистиктер болған 700 досы, шәкірті мен жақтаушылармен бірге Кашмирге барып, сонда үлкен ықпалға ие болған. Серіктерінің бір тобы сол жерде тұрақтап қалған. Бүгінде сол аймақтың ардақтыларының дені сейіт Әли Хамаданидің талпынысымен сонда қалған серіктері болып табылады.

Мир сейіт Әли Хамадани Джаһлам өзенінің жанындағы қазіргі Сарингяр қаласындағы Алаеддин Пуре атты елді мекенде тұрақтаған. Сейіт Әли Хамадани қайтыс болғаннан кейін сол ауылда мешіт салынған. Ол Шахмири әулетінің төртінші билеушісі Құтбеддин Хендтің кезінде Кашмирге барған. Ол сейітті қабылдап, оның шәкіртіне айналып, одан таным кезеңдерін үйреніп, күнде таза ниетпен сейіттің алдына барып, одан діни әдет-ғұрыптарды үйренген. Бұл билеуші ислам шариғатының принциптерімен таныс болмағандықтан бір мезгілде  апалы-сіңліге үйленген екен. Мир сейіт Әли Хамаданидің бұйрығымен олардың біреуінен ажырасып, билеушінің салтанатты киімін шешіп, мұсылмандық киім киген. Сейіт оған өзінің бас киімін сыйлап, оған арнап «Қудусие» трактатын жазған. Сейіт Әли Хамаданидің кейбір хаттары да Құтбеддинге арналған.