Иран ертегілері мен аңыздары (131)
Өткен бірнеше бағдарлама барысында «Мың бір түн» кітабындағы мазмұндардың алуандығы туралы сөз қозғадық. Солардың ең маңызды мазмұны, яғни ғажайыптарды мысалдармен талқыладық.
Сонымен қатар айтып өткеніміздей, «Мың бір түн» әлемі – себепсіз әлем. Кез-келген сәтте дүние өзгеріп кетуі мүмкін. Ешкім ешқашан өзіне таңылған жазаға лайықты емес. Барлық нәрсе – күш-құдірет, тіпті ғашықтық кенеттен пайда болады. Еріншек Мұхаммад пен бассыз Аллаеддин құр жүріп немесе үйде отырып-ақ байға айналады. Синдбад Бахри бір сәтте достарын тастап, кемемен сапарға аттанады. Осы дереу басталған сапардың жалғыз себебі мынада: ол білімқұмар, басқа жерлерде не барын көргісі келеді. Көптеген оқиғалар ғажайып әрі сенуге тұрмайды. Патша қызы Қамар уз-Заман мен шахзада Будур әлемнің екі бөлек жерінде өмір сүреді. Олардың әрқайсысы ешқашан үйленбей, әрқайсысы халықтан жырақтағы бір мұнарада өмір сүруге шешім қабылдаған. Бұл екеуі перілердің сиқырымен бір-бірін түстерінде көріп, бір-бірін жақсы көріп қалады. Осы түсті көргені сол-ақ екен, бір жәндік оларды шағып алып, ұйқыдан оятады. Содан соң олар бір-бірін іздеп табады. Тағдырдың қолы оларды бір-біріне жеткізеді.
Осы өзгерістер мен қозғалыстардың барлығына керісінше, адамдардың кейбіреулері өзгеріссіз, тұрақты қалады. «Мың бір түн» кітабын зерттеушілердің сенімінше, бұл – Шығыс қиссаларындағы ерекшеліктердің бірі. «Мың бір түн» ертегілеріндегі адамдар мәңгілікке сол күйінде қалады. Сұлтан, патшайым, жас шахзадалар мен патша қыздары, уәзірлер, қарақшылар мен палуандар – жалпы «Мың бір түн» ертегілеріндегі барлық тұлғалар бұрын қалай болған, солай қалады. Бұл адамдардың әрқайсысы олардың өздеріне ғана тән істерді істеп, сөздер айтады. Шахтардың ұлдары қолдарына бүркіт алып, көзін алға тігіп, аққу мойынды тұлпарға мініп аңға, майданға немесе сайысқа аттанады. Патшайымдар әрқашан шаршап-шалдыққан қалыпта болады. Хабаршылар жаман хабарлар әкелсе, өлтіріледі. Олардың тағдыры бұдан басқа ештеңе емес. Уәзірлер қастандық ұйымдастырады. Саудагерлер байлығын молайтумен айналысады немесе мал-мүлкінен айырылып жатады. Олардың бұл істен басқа жұмыстары жоқ. Хакімдер мен әулие адамдар кеңес үшін алдарына келген сұлтандар мен уәзірлерге қатты сөздер айтып, тұнжыратады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Саудагер мен құбыжық» атты ертегінінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, көп саяхаттаған саудагер әдеттегідей жолға шығады. Жолда шаршағанын басу үшін бір ағаштың түбіне отырып, қолындағы нан мен құрманы жеп, оның сүйегін жерге лақтырып тастайды. Құбыжық пайда болып: «Құрманың сүйегімен менің баламды өлтірдің. Сондықтан мен сені өлтіремін»,-дейді. Саудагер одан өз қаласына барып, мал-мүлкін балалардың арасында бөліп, қайтып оралу үшін бір жылға рұқсат сұрайды. Құбыжық оған мұрсат береді. Саудагер бір жылдан кейін әлгі ағаштың түбіне қайтып оралып, өз жағдайына налып жылайды. Әлгі жерден үш қария өтіп бара жатып, оның хал-жағдайын сұрайды. Ол өзінің басынан өткен барлық оқиғаны оларға баяндап береді. Олардың бірі бір киікті, екіншісі екі қара итті жетектеген екен, ал үшіншісі салт атты болыпты. Құбыжық пайда болған кезде киікті жетектеген қария одан оны таңқалдыратын бір ертегінің есесіне саудагердің қанының үштен бірін қиюын сұрады. Құбыжық келіседі. Қария ертегісін баяндаған соң құбыжық: «Ғажап әңгіме болды»,-деп, саудагердің қанының үштен бірін соған қияды. Ал енді ертегінің жалғасын тыңдайық:
Екі аңшы итті жетектеген екінші қария өз ертегісін айту үшін құбыжықтың алдына барып былай деді: «Ей, құбыжықтардың әмірі, бұл екі ит менің ағаларым. Әкем қайтыс болған соң, бізге 3000 динар мұраға қалды. Мен дүкен ашып, сауда-саттықпен айналыстым. Екі ағам саудамен айналысу үшін сапарға аттануға шешім қабылдады. Бір жыл өткен соң құр қол үйге қайтып оралды. Мен оларды өз дүкеніме апарып, капиталы болсын деп 1000 динардан бердім. Бірнеше күн бірге болғаннан кейін олар тағы да сапарға шыққысы келді, мені де өздерімен бірге баруға шақырды. Мен барғым келмеді. Оларға сапардың қиындығы мен машақаты жайында айтып, қалуға көндірдім. Осылайша 6 жыл өтті. Біздің әрқайсымызда өз дүкендеріміз болды. Содан соң мен де сапарға баруға келістім. 6 мың динарды құрайтын қапиталымызды екіге бөлдік. Оның жартысын жерге жасырдық, ал басқа бір бөлігін сауда жасау үшін өзімізбен бірге ала шықтық. Бір айдан кейін кемемен бір қалаға жеттік. Өзіміздің барлық тауарларымызды жақсы бағаға сатып, өз қаламызға қайту үшін теңіздің жағасына бардық. Сол жерде бір қыз маған: «Маған жақсылық жасап, жақсылығыңның сыйын ала аласың ба?»-деді. «Мен саған не істей аламын»,-дедім. «Маған үйлен де, өз қалаңа алып бар»,-деді. Мен келістім. Некесін қиып, өзіммен бірге кемеге алып кіріп, оған қолайлы жер таңдап бердім. Ағаларым қызғаныштан мені өлтіріп, бар мал-мүлкімді алып алуға келіседі. Түнде олар мені суға лақтырып жіберді. Заты пері әйелім мені судан алып шығып, өзімен бірге аралға апарды. Ол маған: «Мен перизатпын. Құдай мен исламның пайғамбарына сенемін. Мен саған көңілім ауғандықтан, адам кейпіне ендім. Ағаларыңды осы істері үшін өлтіремін»,-деді. Одан ағаларымды өлтірмеуін өтіндім. Ол қабылдады. Содан соң әлгі пері мені әуеге көтеріп, көзді ашып-жұмғанша үйге апарып тастады. Үйге барып, жерге жасырған 3 мың динарды алдым да, дүкенге бардым. Кешке үйге қайтып оралғанымда шынжырға байланған мына екі итті көрдім. Мені көргенде әлгі иттер жылап жіберді. Мен не болғанын білмедім. Кенеттен әлгі пері қыз алдыма келіп: «Бұлар сенің ағаларың. 10 жыл бойы осы кейіпте болады»,-деді. Енді мен мына екі итті 10 жыл өтіп, сиқырдан арылу үшін өзіммен бірге барлық жерде алып жүремін. Осы жерге жеткенімде мына кісінің оқиғасын тыңдадым. Енді бұл кісінің өмірі не боларын көрейін деп отырмын»,-деді. Құбыжық оқиғаны естіген соң: «Ғажап ертегі айтып бердің. Саудагердің қанының үштен бірін саған қиямын»,-деді».