Ақп 28, 2016 15:17 Asia/Almaty

Абуисмаил Абдулла бен Мансур Ансари х.қ.ж.с.б. 396 жылы Тустың айналасындағы Коһандез елді мекенінде дүниеге келген.

Сонымен қатар қажы Абдулла Ансаридың Хорасан мистикалық мектебіне сіңірген ең маңызды еңбегінің мистикалық жолдың дәрежелерін  классификациялауда жаңа жүйені ұсынуы болғанын айттық. Оның классификациясы мен жүйесінде күнделікті өмірдегі мінез-құлық пен әдет-ғұрып та араластырылған, сондықтан әрбір сопы өмірмен байланысын сақтай отырып, рухани жолды өтіп, тариқатты шариғатпен қатар алып жүретін болған. Сонымен қатар қажы Абдулла Ансаридың дари тілінде алғашқы «саджа» шығарған адам атанғанын айттық. Парсы әдебиеті тарихында қажы Абдулла Ансаридың еңбектері көп деп айтылады, бірақ олардың кейбіреуі оған телінген. Жазу тәсілі мен еңбектерінің ерекшеліктерін талқылау арқылы бұларды қажының нағыз туындыларынан ажыратуға болады.

Қажы Абдулла Ансариден қалған барлық туындылардың арасынан оның «Мінәжатнамасы» ерекше танымал. Қажы Абдулла мінәжаттарының танымалдығы соншалықты, ирандықтардың көбі жалынға толы ғашықтық мінәжаттардың авторының кім екенін білмесе де олардың бөліктерін жатқа біліп, Алла Тағалаға мінәжат еткенде қолданады:

Алла! Сен бірегейсің, барша қабілеттердің бастауысың, бүкіл нәрсені көресің,  барлық жағдайды білесің, кез-келген айыптан адасың, серігің жоқ, кез-келген дауаның негізісің, жүректердің тілегісің, бүкіл әлемнің иесісің. Алла! Сен құдірет иесі болғанына қарамастан рақымдысың, кемелдіктің иесі бола тұрып, қайырымдысың, мезгіл мен мекенді қажет етпейсің, саған ешкім ұқсамайды, сен ешкімге ұқсамайсың, сенің жандылар арасында бар екендігің анық, бірақ тірінің жаны сенде бар дүниеге мұқтаж. Алла! Сенімен дос болған күндер қандай әдемі, сенімен кездесуді аңсағанда жасалған мәміле қандай ізгі, сені іздеу жолында айтылған сөздер қандай жақсы, саған қызмет еткендегі күндер қандай ұлы!

Қажы Абдулланың «Мінәжатнамасы» «Илахи» деген сөзден басталатындықтан «Илахинама» деген атпен танылған парсы әдебиетіндегі мистикалық-әдеби трактат болып табылады. Бұл туынды – қажы Абдулла Ансаридың мистикалық-хикметтік сөздері мен мінәжаттарының бір бөлігі.  Бұл трактаттың көптеген нұсқалары бар. Олардың ең маңыздысы – «Айя София» кітапханасына тиесілі нұсқасы. Ол х.қ.ж.с.б. 855 жылы жазылған.

«Илахинама» алғаш рет қажы Абдулла Ансаридың трактаттарына қосымша ретінде Сұлтан Хосейн Табанде Гонабадидың талпынысымен 1319 жылы Теһранда басылып шықты. Содан дәл осы басылым ұстаз Вахид Дастгердидің қайта түзетулері және мақаласымен 1349 жылы басылды. «Мінәжатнама» тағы бір рет жеке түрде 1341 жылы Кабулда жарыққа шықты. Доктор Мұхаммад Сарвар Моулаидің талпынысымен жасалған қажы Абдулла Ансаридың парсы тіліндегі трактаттарының жиынтығына қосылған бұл туындының ең маңызды нұсқасы 1377 жылы шыққан. Мұнымен қоса, қажы Абдулла Ансаридың «Мінәжатнамасы» бірнеше рет ағылшын тіліне аударылып, жарыққа шықты.

Осы трактаттың стилі, құрылысы, сондай-ақ, қажы Абдулла Ансаридың басқа еңбектеріндегі кейбір сөз тіркестері мен сөйлемдеріне ұқсастықтары, трактаттың кейбір шумақтарының қажының басқа еңбектерінде қайталануын зерттеу бұл еңбектердің қажыға тиесілі екендігін дәлелдеді. Зерттеушілердің сенімінше,  «Мінәжатнама» немесе «Илахинама» – қажының мінәжаттары мен қысқа мистикалық шумақтардың топтамасы. Оларды кейінгі ғасырларда қажының шәкірттері мен қызығушылары жинақтаған.

Парсы әдебиетіндегі ең маңызды әрі ең көне мәтіндердің бірі саналатын «Илахинама» мінәжаттар, дұғалар, ғашық адамның қуанышқа толы мистикалық сөздерінен тұрады. Олар «мұсаджа» және «моузун» формасында жазылған. Осы тұрғыдан бұл туынды мистика тұрғысынан да, әдеби тұрғыдан да өте құнды. 

Қажы Абдулла Ансари – мистиканың биік мағынасын «мұсаджа» формасында жазған алғашқы жазушы. Оның осы туындыда «саджа» жасау тәсілі көбінесе қысқа шумақтар мен өлеңге жақын. Қажы мінәжаттарда «саджаны» өте көп қолданған. Осы мінәжаттардың көбісі мен олардың кейбір қыталары сыртқы музыкамен қоса, ішкі ырғаққа да ие. Мінәжаттарда діни және мистикалық саладағы биік мағыналар мен ырғақты сөздер бір-бірімен астасып жатыр.

Қажы Абдулла Ансаридің мінәжаттарының әсерін арттыру үшін таңдаған тәсілі көрнекі құрал әрі шын мәнінде оның туындысының стильдік ерекшелігі болып саналады. Ол алдымен мазмұнды төгілмелі проза тілімен баяндап, содан соң тура сол мазмұнды жағымды поэзия түрінде қайта келтіріп, оны растай түскен. Ол мұны сөздер арасында алшақтық байқалмай, проза мен поэзияның көркемдік және мағыналық қатынасы сақталып, сөздің әдемілігі мен жағымдылығы арта түсетіндей жасады. Қажы Абдулланың осындай жазу тәсілі одан кейінгі ғасырлардағы әдеби-мистикалық мәтіндерге қатты әсер етті.

«Уа, Алла! Сені таныған әрбір адам сенің мейіріміңнің туын желбіретіп,

сенен басқаның бәрін тастайды.

Сені таныған адам жанын қайтеді?

Бала, әйел мен жанұяны қайтеді?

Саған деген ғашықтықтан есі ауса, екі әлемді сыйлайсың,

Саған есі ауған адамның екі әлеммен несі бар?»

Қажы Абдулла Ансаридің «Илахинамасы» оның әдеби қырларын айтпағанда көркемдік тұрғыдан да мистикалық мағыналарды баяндау үшін құрал ретінде маңызды болғандықтан көңіл аударуға тұрарлық. Қажы Абдулла еңбектерінің мәтінтанушысы доктор Сарвар Моулаи былай дейді: «Ең көне «саджа» сопылардың қысқа шумақтарында қолданылған. Бұл қысқа сөздер көбіне «мұсаджа», құпия және ишарат тілінде баяндалған. Сөйлемдердің қысқалығы мен «саджадағы» мағыналық ықшамдық – мистикалық құпиялар мен ишараттарды тасымалдау үшін ең жақсы тәсілдердің бірі. Сол себепті сопылар өздерінің мистикалық ойлары, тәжірибелері мен тағылымдарын баяндау үшін  осы жақсы тәсілді пайдаланған».

«Илахинама» мистикалық трактат болғанымен, мистика мен сопылықты зерттеушілердің пікірінше, тағылым мен хикмет бойынша да көңіл аударуға тұрарлық. Қажы Абдулла Ансари еңбектерінің мәтінтанушылары мен зерттеушілер оның қысқа сөйлемдерінің мазмұнын мистикалық, хикметтік және тағылымдық деп үш топқа бөледі.

«Мінәжатнама» қажының әртүрлі еңбектерінің топтамасы болып саналатындықтан ондағы мистикалық пікірталастар да әралуан. Жалпы алғанда мистикалық принциптер мен негіздерді, практикалық амалдар, діни және тақуалық үкімдер мен ережелерді қамтиды. «Мұташарра» сопыларының және «Сахв» мектебі ізбасарларының бірі болған қажы Абдулла осы трактатта кейде ғашық мистик ретінде көрініс тауып, тіпті күрделі түсініктерді де ауызға алған. Оның өзі «Хосейн Мансур айтқан нәрсені мен де айттым, бірақ ол ашық айтса, мен жасырын айттым» деген. Хосейн Мансур Халладж Иранның ұлы мистиктерінің бірі болған, мистикада ғашықтық мистикасын ұстанған және «Сокр» мектебінің өкілі болған. Ол «Мен хақпын» деп жар салғандықтан оны тәкпір айтып өлтірген. Қажы Абдулла да «Мен де Халладж сияқтымын. Тек бір айырмашылығы, ол өз ойын ашық айтқан, ал мен ойымды жасырын айттым» деген. Бұл сөздердің барлығына қарамастан, қажы Абдулла өзінің барлық өмірінде шариғаттың шегінен шықпауға тырысқан, өйткені оның сенімінше, шариғатсыз ақиқатқа жету мүмкін емес.     

Алланың бір екендігі, жаратылыстар мен заттардң көрініс табуы, Алланың сипаттары, ғашықтық пен көңіл аудару – қажы Абдулланың «Мінәжатнама» атты трактатында көтерген ең маңызды мистикалық тақырыптарының бірі. Ол таухид негізін ақылдың аясынан тыс, ал оны елестеушіліктен ада деп атап: «Таухид – ауызбен айтатын нәрсе емес, жанның арасында болатын дүние»,-дейді.