Ақп 28, 2016 15:19 Asia/Almaty

Абуисмаил Абдулла бен Мансур Ансари х.қ.ж.с.б. 396 жылы Тустың айналасындағы Коһандез елді мекенінде дүниеге келген.

Сонымен қатар қажы Абдулла Ансаридың Хорасан мистикалық мектебіне сіңірген ең маңызды еңбегінің мистикалық жолдың дәрежелерін  классификациялауда жаңа жүйе ұсынғаны болғанын айттық. Оның классификациясы мен жүйесіне күнделікті өмірдегі мінез-құлық пен әдет-ғұрып та араластырылған, сондықтан әрбір сопы өмірмен байланысын сақтай отырып, рухани жолды өтіп, тариқатты шариғатпен қатар алып жүретін болған. Сондай-ақ, қажы Абдулла еңбектерінің стильдік ерекшеліктерін талдай келіп, «Илахинама» деген атпен танымал «Мінәжатнаманың» қажы Абдулланың ең әйгілі туындысы екенін, парсы тілімен қоса, ағылшын тілінде де бірнеше рет жарыққа шыққанын айттық.

Қажы Абдулла Ансаридың «Мінәжатнама» атты еңбегіндегі басты идеологияны бұл еңбекті талдау, көтерілген негізгі тақырыптарды анықтау арқылы түсініп, таухид, тағылымтану, мистикалық және әлеуметтік мазмұндар деп үшке бөлуге болады.

Таухидте бір Аллаға иман келтіру – оның мінәжатының ең көрнекті тақырыбы. Қажы Абдулла Алла Тағаланы барлық заттар мен сипаттардан жоғары санап, түсініктер мен елестетулерден ада санайды:  «Абдуллаға Хақтан келген аян бойынша, Ол түсініктер мен елестетулерден ада».

Қажы Абдулла Алланың бірлігін қиял мен ақылдың елестетушіліктерінен тыс деп санап, адам баласының Алланың бірлігін түсінуге қабілеті жетпейді деген сенімді ұстанды.

«Таухидтің негізі ақылдан тыс, таухидтың болмысы қиялдан қорғалған. Мен оның бар екенін білемін, бірақ қандай екенін білмеймін» деп, қажы  «Мінәжатнаманың» өн бойында Алланың қандай екендігі туралы  мәселені теріске шығарған.

Осыған орай және аталған мазмұндардың жалғасында қажы Абдулла Алланы тану туралы ғылымды теріске шығару мәселесін көтеріп, өзін Алланың тағылымын түсінуге қабілетсіз деп атап: «Алла, сені таныдым деп ойладым, енді сол ой мен танымды суға лақтырдым»,-деген.

Тағы бір жерде «Егер Алланың достарын танысаң, ақиқатқа жеткендей боласың. Шын мәнінде Алланың достары Оны тануға себеп болады» деген уәж айтады. «Ей, дәруіш, таухид деген оны бірегей деп танитын дүние емес, онымен бірге болатын нәрсе».

Діни мазмұндар бөлігінде құдайтану мен тағылымдық мәселелер көп қозғалған. Хазірет Хақты тануға өзінің қабілетсіздігін білдіру – оның ең көрнекті әрі айқын мазмұны. Бұған қарамастан, қажы Абдулла үнемі Алланы тану жолында өзінің тәжірибелеріне арқа сүйеуге тырысып, мистикалық көзқарастарға, тіпті аяттар мен хадистерге сілтеме жасамайды. Жалпы алғанда ол тікелей діни және мистикалық ишараттарды өте сирек қолданып, көбінесе өзінің жеке тәжірибесінің нәтижесін пайдаланған.

Қажы Абдулла Алланы өзінің іс-әрекетін бақылаушы әрі көруші деп біледі. Жасаған ғамалдар арқылы жұмаққа жетуге жазғыра қарап, оны жалдамалылық деп санайды. Оның сенімінше, бұл ғибадат етушінің орны емес, тақуаның орны. Ол тақуаларды да жалдамалы деп санағанымен, іс атқарудан бас тартуды да Алланың алдында шүкіршілік етпеу деп біледі. Қажы Абдулла шариғатқа қатты беріліп, Алланың үкімдерін орындауда қатал болса да, пенде күнәсінің Алланың рақымы алдында салмағы жоқ деп санайтын мистиктердің қатарына жатады.

Қажы Абдулла шариғатқа берік әрі ақиқаттан гөрі шариғатты таңдаған, шариғатсыз ақиқатты сергелдеңдік пен адасушылық деп санайтын мистиктердің қатарына жатады: «Шариғат – ақиқаттың баспалдағы. Шариғатсыз ақиқатқа жетем деу – өтірік».

Қажы Абдулла көңіл аударған тақырыптардың бірі – қиямет.  Қиямет туралы ойлау және одан қорқу оның еңбектерінде айқын көрініс тапқан. Қажы Алланың рақымын шексіз-шетсіз деп білсе де, мұнымен бір мезгілде өзі істеген істерден қорқып: «Өзімнің істерімді ойлаған кезде қорқыныш теңізі тулайды, ал Оның рақымына көз салғанда  талпынысым шарықтай түседі» дейді.

Мистиканы зерттеушілердің сенімінше, Исламның алғашқы ғасырларында Хасан Басридің ойлары негізінде қорқынышқа көңіл аудару кең таралған еді, алайда 5 ғасырда бұл қорқыныш біртіндеп үмітке айналды. Бір күні Хасан Басри күліп тұрған адамды көріп, одан: «Сен Мүңкір мен Нәкірге жауап бердің бе? Сират көпірінен өттің бе? Амалдарыңды таразыға салып өлшеді ме?»-деп сұрапты. Сұрақтың бәріне әлгі адам «жоқ» деп жауап беріпті. Сонда Басри оған: «Е, байғұс, онда неменеге күлесің?»-деген екен. Ал қажы Абдулла мен оның замандастарының мистикасында Алланың рақымына үміт пен адам баласының өмірінде осы рақымның селдей ағылып жатқаны туралы ой кең таралған. Ол: «Дұға етіп, Алладан барлық нәрсені сұраудың әсері айқын»,-дейді.

Қажы Абдулланың «Мінәжатнамасының» келесі тақырыбы мистикалық мазмұндарды құрайды. Дүниені тәрк ету мағынасындағы тақуалық,  Мансур Халладж бен оның «Мен Хақпын» деуі, хайямдық ойлар, ғашықтық пен ауыртпалық, сопылық пікірталастар қажы Абдулланың «Мінәжатнамасының» ең маңызды мистикалық тақырыптарына жатады. Қажы тақуалықты дүние мен ондағы барлық нәрседен бас тарту деп санап, бұдан басқаны тақуалық емес, жалдамалылық деп санайды. 

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүріп, Аббаси халифінің бұйрығымен дарға асылған Мансур Халладждың оқиғасына қажы Абдулла басқаша көзқараспен қарайды. Қажы Абдулла Хақтың сырын жасырып, жақ ашпай, үндемеу қажет деп санайтын мистиктердің қатарына жатады. Ол үндемеуге бел байлаған өзін Халладждан жоғарырақ  санайды. Осы сенім негізінде оның сөзін өзінің сөзімен салыстырғанда шынайы деп санамайды: «Халладж «Мен Хақпын» деп айтып, тәжге ие болды. Мен барлық ақиқатты айтып, тәжге ие болдым».

Қажы Абдулланың мінәжаттарынан хайямдық ойлардың үлгілерін көруге болады. Әр сәттің қадірін білу және оны пайдалану – басқа «Мінәжатнамаларда» көптеп кездеспесе де, қажы Абдулланың «Мінәжатнамасынан» кездесіп, әрбір оқырманның көңілін өзіне аударатын тақырыптардың бірі. Хайям қажы Абдулладан сәл кейінірек, яғни х.қ.ж.с.б. 518 жылы қайтыс болса да, осындай тақырыптардың аталмыш еңбекте келтірілуі қажы Абдулланың заманында Хорасанда осындай ойлардың кең таралғанын көрсетеді:

Кешегі уақыт кетті, қайтып оралмас. Ертеңге иек артудың қажеті жоқ. Тура осы сәтті түсін, ол да ұзақ тұрмайды. Осы сәтті иеленген жан – нағыз адам. Осы сәттің қадірін білмеген жанның әлемі бос қиял.

Кеше өтті. Мен ештеңе істей алмадым.

Бүгін менің базарым қызу болмады.

Ертеңге құпиядан хабарсыз барамын.

Бүйткенше келмегенім жақсы еді.

Қажы Абдулланың «Мінәжатнамасындағы» келесі тақырып әлеуметтік мазмұндарды қамтиды. «Мінәжатнамадағы» әлеуметтік тақырып бұл еңбекті стиль тұрғысынан х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген танымал ақын Сағдидің «Гүлстанының» стиліне жақындата түскен:

«Ей, әлсіз пенде, қандай болсаң, соны көрсет;

Нені көрсетсең, сол бол;

Білген нәрсеңді айт;

Қолыңда бар нәрсені же;

Қалай тудың солай өл;

Қойған нәрсеңді ал;

Жіберген нәрсеңді бақыла».

Осындай сөйлемдерден қажы Абдулланың құтпагерге ұқсайтын стилі айқын байқалады.