Ақп 28, 2016 15:24 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда қажы Абдулла Ансаридың өмірі, мистикалық жолы, сондай-ақ оның туындылары мен стилі жөнінде сөз қозғадық.

Оның еңбектері арасынан "Мінəжатнаманы" таныстырып, талдадық. Ансаридың барлық еңбектерін таныстыруға мұрсат болмағандықтан, осы ұлы ғалым-мистиктен қалған еңбектерге сүйене отырып, оның кедейлік пен байлық, ғылым мен таным, тəуекел ету деген тақырыптарға қатысты ойларын баяндаймыз.

Иран əдебиетінде, əсіресе мистикалық еңбектерде кедейлік пен байлықертеден келе жатқан, жоғары орынға ие тақырып. «Фақр» – кедейлік сөзі дəруіштік жəне жоқшылық деген мағынаны береді. Ал "ғана" байлық оған қарама-қарсы, яғни бақуаттылық, ауқаттылық, мұқтажсыздық, дəулетке ие болу деген мағыналарды білдіреді. Мистиктердің көзқарасы бойынша, "ғана" тек Аллаға ғана тəн шынайы құдірет пен дəулет деген мағынаны береді. Халыққа қатысты байлық – жүрек байлығы, жүректің қуаттылығын білдіреді. Жүрек қуаттылығы – пенденің өзін əлем мен халыққа қатысты барлық мұқтаждықтан арылтып, ақиқатты тапқаннан кейін Құдайдан басқаға көңіл бөлмейтін дəрежесі.

Қажы Абдулла Ансари "Мың алаң" атты еңбегінде Құран Кəрімнің 8-аятының 93-сүресіне сүйеніп байлықты қуаттылық (қабілеттілік) деп атап, пенделердің қуаттылығын мүліктік қуаттылық, мінез-құлық қуаттылығы жəне жүрек қуаттылығы деп үшке бөлген. Мүліктік қуаттылық – халықтың көзқарасынша мол мал-мүлікке ие болу. Ал мистиктер мүліктік қуаттылықты басқаша түсіндіреді. Олардың сенімінше, мол мал-мүлік адамның азғындыққ салынуы мен бұйрыққа бағынбауына жағдай жасайды. Сол себепті олар дүниеге тәуелділіктен, соның ішінде мүлік, байлық пен мансаптан бас тартады. Қажы Абдулланың сенімінше, мал-мүлік  адал жолмен табылса да, бəле болып табылады. Ол ақиқат жолындағыларға мал-мүліктен бас тартып, өзін мұндай бəлеге ұшыратпауға кеңес береді.

Қажы Абдулланың пікірінше, мінез-құлық байлығы адамдар ұмтылуға талпынуы тиіс екінші байлық болып табылады. Ақиқат жолындағылар үшін ең қиын перде – нəпсіні көру, оған көңіл бөлу жəне оны ұстану. Нəпсінің ерекшелігі – оның адамды азғыратындығында. Өз нəпсісінің айтқанымен жүретін адамның Алланың ризылығы жолында қадам жасай алмайтыны анық. Қажы Абдулла Ансаридың сенімінше, нəпсі байлығы – өзіне мұқтаж болмай, Хаққа мұқтаж болуда. Ақиқат жолындағы адам нəпсі байлығына жеткен кезде дүниелік пайда мен табыстарға мұқтаж болмайды, ол тек хазірет Хаққа қосылуды ғана көздейді.

Қажы Абдулланың көзқарасынша, жүрек байлығы – нəпсі мен мүлік байлығының нәтижесі. Нəпсі мен мүлік байлығына мұқтаждықтан арылған ақиқат іздеушінің жүрегі шынымен-ақ қуатты әрі бай. Жүрек – тек Құдай ғана тұрақтайтын мекен. Мұндай ақиқат іздеушінің жүрегі барлық әлем мен барша халыққа мұқтаж емес, өйткені ол өзі үшін Құдайды тапты. Қажы Абдулла Ансаридың сенімінше, пенде осы қуаттылықтың саясында тыныштыққа қол жеткізеді. Бұл тыныштық жеті қат аспан мен жерден де кеңірек.

Басқа жағынан байлықтың антонимі болып табылатын кедейлік-«фақр» мистика ілімінде дәруіштік және Алла Тағалаға мұқтаждық деген ұғымды білдіреді. Дәруіш мұнда осы дүние мен ондағы нәрселерге тәуелділікті естен шығарады. Мистик кедейшілік пен дәруіштік дәрежесіне жеткен кезде Алла жолында фәни болу мәртебесіне жетіп, шынайы қуаттылыққа қол жеткізеді.

Кейбір мистиктер мен сопылар ақиқатқа жету жолында ғылым деген жүкті бірге ала жүру керек деп санайды. Өйткені олардың көзқарасынша, кейбір ақиқат іздеушілердің адасушылығының себебі – олардың надандығында. Олар мистиканың принциптерімен, ақиқатты іздеу жолының рәсімдерімен таныспай жатып осы жолға түсіп, көбінесе қателікке ұрынады. Қажы Абдулла Ансаридың сенімі бойынша, «Мистик үшін ғылым қаншалықты берік болғанымен ғылымсыз мистик шайтаннан кем емес». Оның пайымдауынша, мистик үшін надандық ақиқат іздеушіні өлтіретін у сияқты. Оның көзқарасынша, ғылым мистикалық жолды нұрландырып тұратын шырақ іспеттес. Қажы Абдулла ақиқат іздеушінің тек ғылыммен айналысуын қолдамай, ғылым мен танымның қатар жүруін қуаттайды. Ол танымды ғылымның рухы санайды, танымсыз ғылымды сынға алады. Қажы Абдулланың сенімінше, ғылым – ақиқат іздеушінің жолына жарық беретін шырақ, ал таным – оның жоғарылауына себеп болатын баспалдақ. Ақиқат іздеуші ғылымда тоқтап қалмауы тиіс. Ол ғылымды ақиқатты тану үшін пайдалануы керек. Мистикалық жол – ақиқат іздеуші ғылым мен танымның көмегімен Алламен кездескенге дейін сатылап жоғарылайтын баспалдақ.

Қажы Абдулла Ансаридың назарында болған келесі тақырып – тәуекел ету.

Тәуекел – діни, ақлақтық және мистикалық термин. Деһходаның сөздігінде «тәуекел» сену, иек арту, біреуге сенім арту, өзіңнің әлсіздігіңді мойындау деген мағынаны береді. Бірақ мистикалық сөздердің сөздігінде оған ерекше мағына берілген. Тәуекел – сенімді адамға іс тапсыру. Бұл адам беделді әрі сенімді болуы тиіс. Мистикадағы тәуекел дәрежесі мистиктер мен олардың шәкірттерінің  санаулы ерекше тобы ғана түсінетін дәреже болып табылады. Мистиктердің көзқарасынша, тәуекелді танудың критерийі – Хақ Тағалаға сену және одан басқадан күдер үзу. Қажы Абдулла Ансаридың сенімінше, «бойсұну» тәуекелден жоғары, бұл ақиқат іздеуші өзін Аллаға тапсырған кезде орын алады. Қажы Абдулла Ансаридың пайымдауынша, пенде дін, күндік азық, халықтың амал-әрекеттерін қадағалау сияқты барлық істерді Аллаға тапсырып, ұзақ әрі ауыр жолды жүріп өтіп, жоғары дәрежеге қол жеткізіп, көптеген дәрежелерді басынан өткерген кезде ғана осы сатыға аяқ басады.  

Қажы Абдулла Ансаридың көзқарасы бойынша, тәуекел жалпыға, ал бойсұну ету жалқыға арналған. Оның пікірінше, жалпы дегеніміз –мистикалық жолға түсіп, ақиқатқа жету үшін ұзақ та ауыр жолды өтіп, көптеген дәрежелер мен кезеңдерді бастан өткеруі тиіс ақиқат іздеушілер мен шәкірттер. Тәуекел – осы сатылардың бірі. Босұну ақиқатқа жетіп, қосылудың дәмін татқан Хақты сүюшілерге арналған.

Қажы Абдулла Ансаридың сенімі бойынша  тәуекелге бел байлаған ақиқат іздеуші әлі жолда, өйткені ол өз ісін тек Хаққа тапсырғанымен өзі мен тағдырын әлі Хаққа тапсырған жоқ, әрі бойсұнбаған. Ал бойсұнған адам – Алла Тағаланың өзіне қатысты ойлағанын қабылдап, тыныштыққа жеткен жан. Ол өзін Оған тапсырды, тек Оны қалап, Оның үкіміне ғана бағынады. Өйткені ол жақсылық пен жамандық адамның санасынан туындаған нәрсе дегенге сенеді. Құдайдың өз пендесі үшін белгілеген, таңдаған нәрсенің барлығы – абсолютті ізгілік.