Ақп 28, 2016 15:38 Asia/Almaty

Менен «Қалайсың?» деп сұрайсың. Қалай болушы едім, достым? Бауырым дертке, жүрегім қанға толы, достым. Ғашықтарды жарылқайды деп естідім. Мен солардан тысқары ма едім, достым. Жығылсаң, қолыңнан демеймін демеп пе едің? Бұдан жаман жығылған кезім болмап еді, достым?

«Низами Гянджави» деген атпен танымал хакім Абумұхаммад Ильяс – х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасырда) өмір сүрген атақты парсытілдес ақын. Низамидің туған күні туралы нақты мәлімет жоқ. Тарихшылар одан қалған өлеңдері мен еңбектеріне сүйеніп, туған күнін х.қ.ж.с.б. 530-540 жылдардың (1135-1145) аралығы деп болжап отыр.   

Низами сол замандарда Иранның құрамында болған Гяндже қаласында дүниеге келген. Ол кезде Иранның солтүстігінде Канджачай (Гянджеруд) өзенінің екі жағасында орналасқан Гяндже қаласы Хақани, Фалаки Ширвани мен Абулала Гянджави сияқты сол аймақтың ұлы шайырларының арқасында парсы әдебиеті кең таралған орталық болған. Махсати мен Низами сынды ұлы ақындар өздерінің еңбектері және өлеңдерімен бұл қаланың парсы поэзиясының ірі әрі маңыздың орталықтарының біріне айналуына себеп болды. Иранның жоғары деңгейлі ақыны Низами осы қалада шамамен 70 жыл өмір сүріп, х.қ.ж.с.б. шамамен 599 жылы сонда қайтыс болған. Кейін оның қабірінің басына қоршау тұрғызылып, оны сүюшілердің зиярат ететін орнына айналды. Жаңа Гяндже ескі Гяндже қаласының жанына салынғаннан кейін ескі қала қиратылып, Низамидің кесенесі жаңа қаланың сыртында қалды. Қазір онда бірегей архитектуралық туынды саналатын кесене салынған.

Соңғы жылдары ирандық және шетелдік зерттеушілер тарапынан Низами Гянджави туралы жазылған және жарияланған әртүрлі зерттеулердің барлығына қарамастан, әлі де оның өміріндегі көптеген жайттар белгісіз қалып отыр. Низамидің өмірі және ойларымен танысу үшін тазкере-өмірбаян жазушылардың сөздері мен ақынның еңбектерінде өз өмірі мен ойлары жайлы аз әрі шашыраңқы сілтемелерге, тұспалдары мен осы уақытқа дейін зерттеушілер тарапынан жарияланған зерттеулерге сүйенуге болады.

Низами еңбектерінде өзінің ата тегі туралы айтып өткен. Әкесін Заки Муайадтың ұлы Юсеф, анасын «Раисе күрд» деп атаған. Низамидің айтуынша, анасы оның жолында құрбан болған. Ол, сондай-ақ, өлеңдерінде өзінің әйелі мен баласы жайлы сөз қозғаған.

Қолда бар деректер бойынша, Низами саудагердің үйінде дүниеге келіп, өзінің балалық шағын дәріс алып, пікірталас өткізіп, өз заманында кең таралған ғылымдарды меңгерумен өткізген. Низамидің өз өлеңдерінде айтқан сөздерінен оның парсы және араб прозасы мен поэзиясымен таныс болумен бірге астрономия, химия, философия және калам-схоластикалық-догматикалық теологиямен де таныс болғанын білуге болады. Оның жасөспірім және жастық шағының басым бөлігі сол замандағы ұстаздардан ғылым үйреніп, медресеге барумен өткен.

Айтып өткеніміздей, Низамидің жанұясы Гяндже қаласының дәулетті жанұяларының бірі саналған. Мұның өзі Низамидің табыс табуға ұмтылып, белгілі бір кәсіпті меңгеруді қажет етпеуіне себеп болды. Сондықтан ол сол жастық шағынан бастап оқшаулануды таңдап, ғылым-білім үйренуге көңіл бөлген. Көптеген зерттеушілердің сенімінше, осы оқшауланудың Низамидің еңбектеріне әсер еткені соншалықты, ақын қырық жасқа жетпей жатып-ақ сөйлеу мәнері мен қимыл-әрекетінен үлкендердің қадір-қасиетін көрсетіп, көпті көрген ересек адамдай әрекет танытқан.

Низами ақындық өнер тұрғысынан өз заманында танымал адамдардың бірі және жоғары да талғампаз тәсілге ие болған. Бірақ ақындықтан кәсіп ретінде пайда іздеген өз заманындағы ақындарға керісінше мұндай іске бой алдырмай, ешқашан сарай маңындағыларды мақтап қасида жырламаған.

Низамидің бес танымал поэмасынан басқа, ғазал мен қасидадан тұратын туындылар жазғаны да күмән тудырмайды. Өзі айтқандай, «Оның ғазалдары да арфаның сүйемелдеуімен оқылатын болған және замандастары қасидалары мен ғазалдарына еліктеген». Бес қазынаны жырлаған адамның ақындық тәсілінің осындай біртұтастық пен жетілген қалыпқа ие болатындығы күмәнсіз.

Низамидің ғазалдарын ғазалшылар,

Жыламсырап, жараларына таңды.

(«ХосроуШирин» поэмасы)

Низамидің өлеңдер жинағынан қалған шашыраңқы бәйіттерінен басқа, оның танымалдығы одан қалған бес поэмаға байланысты. Олар «Пандж гандж»-«Бес қазына» немесе «Хамсейе Низами»-«Низами бестігі» деген атпен танымал. Айта кету қажет, Низами өз еңбектерінің барлығын дастан қалыбында жырлап, дастан айтуда жаңа стильді тудырды.

Бұл бес дастан-поэма «Махзан ул-Асрар» (Құпиялар қазынасы), «Хосроу-Шырын», «Хафт Пейкар» (Жеті сұлу), «Ескендірнама», соңғы поэманың өзі «Эқбалнама» мен «Шарафнама» деген екі бөліктен тұрады. Уақыты келгенде осы поэмалардың әрқайсысы туралы егжей-тегжейлі сөз қозғайтын боламыз.

Низами тілінің жатықтығы мен ақындық стиліне байланысты парсы әдебиетінің ұлы тұлғаларының бірі саналады. Сол себепті үнемі өзінен кейінгі ақындар, тазкерешілер мен зерттеушілер тарапынан мадақталып отырған. Ауфи «Лобаб әл-Албаб» атты еңбегінде Низами туралы мынадай пікір білдіреді: «Ол өз өлеңдеріндегі ықпалды сөздері мен баяндау мәнері арқылы парсы әдебиетіне құндылықтар қазынасын сыйлап, әлем халықтарының алдынан талғампаздықтың тың қазынасын ашты».

Х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген атақты ақын Джами Низамидің шығармаларына еліктеген ақындардың бірі саналады. Ол «Нафахат ул-онс» атты еңбегінде: «Бес қазына» деген атпен танымал оның бестігінің көбі сырттай алғанда әпсана, бірақ шын мәнінде илаһи шындықтар мен тағылымдарды баяндау үшін негіз болып табылады» деп жазған.

«Хабиб ус-сейр» атты еңбектің авторы Хандамир Низамиді мадақтап былай деген: «Низами қадірлі өмірін жастық шағынан қартайған кезіне дейін қанағат пен тақуалықта өткізген. Ол ешқашан басқа ақындар сияқты нәпсінің жетегінде кетіп, сұлтандар мен байлардың айналасында жүрмеген. Керісінше, басқалар әрдайым бұйрық бойынша оның алдына барып, жаңа туындысымен құттықтаған».

Низамидің ақындық стилі одан кейін парсы әдебиетінің көптеген ақындары мен танымал тұлғаларының назарына алынған, тіпті көп адамдар ол сияқты поэма жазуға талпынған. Солардың арасынан Жәмиді, Әмір Хосроу Дехлевиді, Хаджу Керманиды, Вахши Бафақи мен Орфи Ширазиды атауға болады.

Қазіргі заман жазушысы әрі зерттеушісі марқұм ұстаз Мұджтаба Минави Низамидің орны мен оның келешектегі поэзияға әсер ету деңгейі туралы мынадай пікірде: «Оның шәкірттерінің санының ұстаздарының санынан көп болғандығы анық. Өйткені ақындық қабілеті бар поэма жазатын адамдардың барлығы Низамидің «Хамсесін» үлгі етіп алған. Тіпті Хафиз де өзінің кейбір өлеңдерінен одан үлгі алып, «Сақинама» мен «Моғаннинамасын» шарапшыға қаратылған қыталар түрінде жазған. Низами мұндай қыталарды «Шарафнама» мен «Эқбалнамасының» әрбір тарауының басында келтірген».