шұғыра-сүресі,-650-ші-бөлім,-90-101-аяттар
шұғыра-сүресі,-650-ші-бөлім,-90-101-аяттар
«Шұғара» сүресінің 90-91-92-93 аяттары.
«وَأُزْلِفَتِ الْجَنَّةُ لِلْمُتَّقِینَ»، «وَ بُرِّزَتِ الْجَحِیمُ لِلْغَاوِینَ»، «وَقِیلَ لَهُمْ أَیْنَ مَا کُنْتُمْ تَعْبُدُونَ»، «مِنْ دُونِ اللَّـهِ هَلْ یَنْصُرُونَکُمْ أَوْ یَنْتَصِرُونَ»
Тақуаларға жаннат жақындатылады. (90) Азғындарға тозақ көрсетіледі. (91) Оларға: "Табынатындарың қайда?",- делінеді. (92) "Алладан өзгелер сендерге жәрдем ете ме, яки өздеріне жәрдем ете ала ма?" (93).
Бұл аяттар хазірет Ибраһимнің өміріне қатысты немесе ол хазіреттің сөздерінің жалғасы болып табылады, я болмаса жұмақ пен тозақты баяндайтын Құдайдың сөздері.
Адамды жұмаққа бағыттайтын тақуалық пен діндарлық, ал тозақтықтарды азапқа душар ететін адасушылық пен жолдан таюшылық екендігін айту үшін Құдай алдымен екі топты: жұмақтықтар мен тозақтықтарды «тақуалар» мен «адасушылар» деген атаумен бір-бірінен бөліп алады. Тозақтықтар бұ дүниеде табынғандарының оларға жәрдемдесе алмайтынын, тозақтан құтқара алмайтынын түсінген кезде қиналып, азапқа түсетін болады. Сол күні өздерінің адасушылыққа ұрынып, тура жолдан тайғандарын, бірақ мүміндер адасып жүр деп ойлағандарын түсінеді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Жұмақ пен тозақ адамға өзінің ғамал дәптері жабылып, енді ешкімнің қолынан ештеңе келмейтін кезде көрінеді.
2.Тақуа мүміннің дәреже-деңгейі мен мәртебесінің жоғарылығы сондай, Құдай оған жұмақ әзірлеп қояды.
3.Өздерін қорғауға шамалары жетпейтін пұттар немесе адамдар қияметте бізге қалай араша түсе алады?
«Шұғара» сүресінің 94-95-96-97-98 аяттары:
« فَکُبْکِبُوا فِیهَا هُمْ وَالْغَاوُونَ»، «وَجُنُودُ إِبْلِیسَ أَجْمَعُونَ»، «قَالُوا وَهُمْ فِیهَا یَخْتَصِمُونَ»، «تَاللَّـهِ إِنْ کُنَّا لَفِی ضَلَالٍ مُبِینٍ»، «إِذْ نُسَوِّیکُمْ بِرَبِّ الْعَالَمِینَ»
Табынылғандар да, азғындар да тозаққа етбеттерінен құлатылады (94). Ібілістің әскерлері де тұтас. (95) Олар онда былай деп таласады: (96) "Аллаға серт, адасқан-ақ екенміз ғой!" (97) "Сендерді Әлемнің Раббына теңеуші едік." (98).
Құранның басқа да аяттарында айтылғандай, қиямет күні Құдай пұтқа табынушылар мен мүшіріктер бұ дүниеде ардақтап, құрметтеп, табынғандарының, тіпті оларға назыр жасағандарының бүгін қолдарынан ештеңе келмейтінін көрсін деп, олар табынған пұттарды келтіреді. Құдайдың әмірімен пұттарды тозаққа тастағанда олар пұтқа табынушыларға жәрдем бермек түгілі, тіпті өздерін де қорғай алмайды.
Пұттар мен пұтқа табынушылармен қоса Ібіліс пен оның әскері де тозаққа лақтырылады. Бұл бірнеше топ тозақта бір-бірімен дауласып, әрқайсысы бір-бірін айыптайды.
Шынайы, достық және махаббат пен мейірім кеңістігі болып табылатын жұмақтың кеңістігіне қарсы тозақта кек пен дұшпандық және қарғыс пен лағынет кеңістігі орнайды: тозақтықтар бір-біріне деген жеккөрінішпен қоса өздерінің өткен істеріне деген қасірет және өкініш арқылы адасушылықтары мен жолсыздыққа түскендерін мойындайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
Бұ дүниеде күнә мен бұрмалаушылық бойынша қалыптасқан достықтар қияметте кек пен дауға айналады. Ол жерде тозақтықтар бір-бірімен айтысып, дауласып, қастасады.
Адамның ұжданы қияметте оянып, оны қатты айыптайтын болады. Бірақ ол қасірет пен айыптаудың еш пайдасы болмай, тек өкінішке себеп болады.
«Шұғара» сүресінің 99-100-101 аяттары:
«وَمَا أَضَلَّنَا إِلَّا الْمُجْرِمُونَ»، «فَمَا لَنَا مِنْ شَافِعِینَ»، «وَلَا صَدِیقٍ حَمِیمٍ»
"Бізді күнәкарлар-ақ адастырған екен." (99) "Енді біздің ешбір шапағатшымыз жоқ." (100) "Шынайы досымыз да жоқ." (101)
Мүшіріктер мен пұтқа табынушылардың ең соңында айтатын сөздері мынадай болады: біздің адасушылығымыздың факторы бізді осы жолға түсіріп, бақытсыз еткен күнәһарлар, өздерінің байлықтары мен күштерін теріс пайдаланған адамдар болды. Біз де олардың соңдарынан еріп, олар бара жатқан жол бізді бақытқа жеткізеді деп ойладық. Алайда, бүгін жолсыздыққа түскенімізді түсіндік. Себебі, не ешкім бізге шапағат тілемейді, не бізге жәрдемесетін шынайы досымыз жоқ, не пұттар мен тәңірлеріміз де бізге шапағат ете алмайды, не мүміндердің арасында бүгін бізге көмек қолын соза қоятын, сөйтіп біздің құтылуымызға себеп болатын адал досымыз да жоқ.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Қияметте әр адам кінәны басқаға жауып, мүшіріктер мен адасқандар өздерінің басшыларына шағыманады.
2.Қияметте шапағат етуге болады. Бірақ бұл мүшіріктердің жағдайын қамтымайды. Пайғамбарлар мен бейкүнә жандар тек лайық мүміндерге ғана шапағат тілейді.
3. Адам қияметте де жақсы досты қажет етеді. Һәм осы дүниеде, һәм ақыретте де бізге жәрдемдесетін адамдармен дос болайық. Мұндай адамдар тек иман иелері ғана.