Ақп 29, 2016 17:25 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда Хузистан облысына сапар шегіп, осы облыстың әртүрлі аудандарымен таныстырдық.

Хузистан облысында мұнай мен газдың молшылығы және Парсы шығанағына қолжетімділік бұл өңірде ірі мұнай-химия кәсіпорындарының қалыптасуына себеп болды. Бұл өңірде мұнай-химия кешендерінің көп болуы көптеген инфрақұрылымдық мүмкіндіктерге ие мұнай-химия саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қалыптасуына жағдай жасады. Қазіргі таңда әлемнің экономикалық және индустриалдық құрылымында мұнай-химия негізгі өнеркәсіп ретінде танылғандықтан бүгінгі бағдарламада Хузистан облысындағы Мұнай-химия арнайы экономикалық аймағымен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Әлемдік статистика бойынша, Таяу Шығыс аймағындағы мұнай-химия көлемінің 24 пайызы Иранға тиесілі. Иранның мұнай-химия өнімдерін өндіру көлемі х.ш.ж.с.б. 1395 жылға дейін 100 млн тонна, ал бұл өнімдерді экспорттаудың құны 20 млрд доллардан асады деп болжануда. Мұның өзі мұнай-химия өнеркәсібінің Иранның дамуы мен гүлденуінде ерекше орын мен маңыздылыққа ие екендігін, сондай-ақ оның әлемдік нарықтардағы бірегей жағдайын көрсетеді.

7304 шаршы шақырым ауданды алып жатқан Махшахр ауданы Хузистан облысының оңтүстік-шығысында Парсы шығанағына шығатын жолы бар Хур Мұса су қоймасының жағасында орналасқан. Бұл ауданның теңіз деңгейінен биіктігі 3 метр. Ол Орталық, Имам Хомейни (р) айлағы және Хендиджан деген үш бөліктен тұрады. Аудан орталығы Махшахр айлағының Теһранға дейінгі қашықтығы 1032 км. Махшахрдың ауа райы ылғалды. Жаз кезіндегі ең жоғары температура 48 градусқа жуық. Ондағы жылдық орташа температура шамамен 24 градус. Махшахрдың бұрынғы атауы «Бандар Машур» болған. Ол Парсы шығанағының ең көне айлақтарының бірі саналады.  Х.ш.ж.с.б. 1339 жылы қазіргі аудан атауына ауыстырылған. Махшахр айлағы жаңа және ескі екі бөліктен тұрады. Жаңа Махшахр мұнай экспорттайтын айлақ салынғаннан кейін пайда болды. Харак аралында мұнай кешендері салынбас бұрын жаңа Махшахр Ирандағы ең ірі мұнай экспорттайтын айлақ болған. Ескі Махшахр мен жаңа бөліктің арақашықтығы 3 км-ге жуық. Махшахр халқы көбінесе ескі бөлікте тұрады. Ондағы қала құрылысы көнерек. Мемлекеттік мекемелер де осында орналасқан.

Хур Мұса су қоймасындағы көптеген экономикалық артықшылықтар Ұлттық мұнай-химия өнеркәсібі компаниясына х.ш.ж.с.б. 1370 жылдан бастап өңірде мұнай-химия өнеркәсібін дамытуды байсалды түрде қолға алуына түрткі болды. Бұл іс Махшахрдың экономикалық және халық саны бойынша дамуына септігін тигізді. Зохре және Джарахи (Марун) атты маңызды өзендер осы ауданның территориясынан ағып өтеді. Асак (Калат) ежелгі қаласы, Салехак көне ауылы мен Басиф байырғы қамалы бұл ауданның ең маңызды көне тарихи ескерткіштері саналады. Махшахр айлағында мұнай экспорттауға қатысты кешендермен қоса, газ конденсаты зауытының болуы және бұл айлақтан газдың экспортталуы, сондай-ақ айлақтан 20 км жерде ауқымды мұнай-химия кешендерінің орналасуы бұл ауданның маңыздылығын арттыра түсті.

Имам Хомейни портты қаласы да Парсы шығанағының солтүстік-батыс жағында, Абадан мен Хоррамшахр қалаларынан 90 шақырым жерде, Ахваздың оңтүстік-шығысында орналасқан. Табиғат тұрғысынан дамуға ең қолайлы жағдайға ие.

Имам Хомейни айлағы Хур Мұса су қоймасы арқылы Парсы шығанағына қосылып жатыр. Махшахр айлағына қарай бара жатқан  мұнай таситын танкерлер Хур Мұса су қоймасынан өтуі тиіс. Бұл су қоймасы – ең маңызды табиғи су қоймаларының бірі. 100 мың тонналық кемелер Имам Хомейни айлағы мен Махшахрға кіру үшін осы су қоймасынан өтуі керек.

Имам Хомейни айлағы  жүк көтеретін 36 кранға ие болғандықтан Иранның ең үлкен айлағы саналады. Жалпы алғанда Иранға тауар таситын үлкен кемелер Имам Хомейни айлағына келіп тоқтайды. Бұл айлақтың тұрғындары х.ш.ж.с.б. 1352 жылы Сарбандар қаласына көшірілген. Айлақтың тұрғындарының көбісі жергілікті емес. Айлақтың жүк қабылдау және тиеу қызметінің сыйымдылығы жылына 4 млн тоннадан асады, ал оның ауласына шамамен 1 млн тонна жүк сыяды.

Имам Хомейни айлағы мұнай-химия өнеркәсібінің дамуына байланысты соңғы жылдар барысында айтарлықтай дамыды.

Мұнай-химия арнайы экономикалық аймағы Иранның оңтүстік-батысында Парсы шығанағы жағалауындағы Махшахр ауданында Имам Хомейни айлағының бір бөлігінде орналасып, шамамен  2600 га ауданды алып жатыр.

Бұл аймақ табиғи және географиялық жағдай, сондай-ақ арнайы аймақтардың заңды жеңілдіктеріне байланысты сауда және өнеркәсіпті, әсіресе мұнай-химия өнеркәсібі мен соған қатысты саларды дамыту, экономикалық  мүдделерді қамтамасыз ету, жаңа технологияларды тарту және жұмыс орындарын ашу мақсатында құрылды. Географиялық жағдайы тұрғысынан арнайы аймақ Имам Хомейни айлағы (Хур Мұса су қоймасы) арқылы халықаралық азат суларға, темір жол арқылы Түркия, Еуропа және Орта Азиямен жалғасып жатыр. Бұл аймақ Хузистан облысының бір бөлігі ретінде Иранның мұнай мен газ шығатын өңірлеріне әсер ететін стратегиялық база ретінде жұмыс істейді.  

Қазіргі таңда Иранның мұнай және мұнай-химия өнеркәсібінің басым бөлігінің Мұнай-химия арнайы экономикалық  аймағының жанында орналасқандығын біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл аймақ өңірдегі мұнай-химияға қарасты басқа өнеркәсіптерді шикізат көзімен қамтамасыз ететін ірі база бола алады. Осы орталықтардың ең маңыздылары ретінде Имам Хомейни айлағының мұнай-химия кешені (BIPC), Рази мұнай-химия компаниясы (RPC), Фараби мұнай-химия компаниясы (FPC), Махшахрдың газ конденсатын өңдеу зауыты мен Хузистан мұнай-химия компаниясын атауға болады.

Бүгінгі бағдарламаның жалғасында Ислам революциясының жеңісінен кейін Иранда жүзеге асырылған ең үлкен мұнай-химия жобаларының бірі ретінде Имам Хомейни мұнай-химия кешенімен қысқаша таныстырып өтеміз.

Имам Хомейни мұнай-химия кешені Иранның ең үлкен мұнай-химия кешені болғандықтан Парсы шығанағының солтүстік-батысында Имам Хомейни айлағы мен Махшахрдың арасында 270 га аумақты алып жатыр. Бұл кешен – х.ш.ж.с.б. 1354 жылы салына бастаған бұрынғы Иран-Жапония акционерлік компаниясы. 1357 жылдың бахман айында Ислам революциясы жеңіске жеткен тұста жобаның 73 пайызы орындалған еді. Жапондық мердігер Ираннан кеткеннен кейін бұл жоба толығымен тоқтап қалды. Кешен Саддамның Иранға таңған соғыс жылдары 20 рет әуе шабуылына ұшырап, көп зиян шекті. 1368 жылы Иранда қайта жөндеу жұмыстары басталғанда келісімшартқа қол қойған жапондық компания бұл кешенді қайта жөндеуден өткізудің экономикалық  тұрғыдан тиімсіздігін айтып, жобадан шықты. Содан бастап бұл компания Имам Хомейни мұнай-химия кешені деп аталып, ИИР бұл кешеннің құрылысын аяқтауды өз міндетіне алды. Бұл кешен 5 жылдың ішінде еуропалық және ирандық компаниялардың көмегімен 4 кезеңде жөнделіп, оның соңғы кезеңі бірде-бір шетелдік маманның қатысуынсыз, тек ирандық мамандардың талпынысымен жөнделіп, іске қосылды.  Имам Хомейни мұнай-химия кешенінің шикізат тұрғысынан негізгі қажеттіліктері Иранның ішіндегі табиғи қорларға тәуелді.

Көптеген компаниялардың Имам Хомейни мұнай-химия кешеніне тәуелді екенін және аталмыш кешеннің көптеген өнімдерді өндіретінін біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл өнімдер ерекше маңызды және мұнай, болат, жууға арналған өнімдер, полимерлік өнімдердің шикізаты, целлофан,  бояу шығару, желім өндіру, жанар-жағармайды өндіруде пайдаланылады. Қазіргі жағдайда Имам Хомейни мұнай-химия кешені ел ішінде мыңдаған зауытты шикізатпен қамтамасыз етеді. Сондай зауыттардың бірі – Исфаханның полиакрил зауыты. Бұл зауыт жалғыз өзі Иранның жүздеген текстиль зауытын жасанды талшықпен қамтамасыз етеді.

Айта кету қажет, Имам Хомейни мұнай-химия кешенінің жобасын жасап, салуда қоршаған орта стандарттары сақталып, теңіз бен құрлықтағы қоршаған ортаны қорғауға көңіл бөлінген. Мұның бір үлгісі – өнеркәсіптік қалдықтарды бақылау құрылғыларын орнату және қолдану. Әртүрлі тазарту әрекеттерін атқарып, қорытынды тексерістен өткізіп, ластанудың жойылғанына сенімді болғаннан кейін қалған су теңізге жіберіледі. Жоғарыда аталған жайттарды сақтауның нәтижесінде кешеннің айналасындағы тұзды көл мен басқа тоғандар әралуан құстардың мекендейтін жеріне айналған.

Рази мұнай-химия компаниясы да Хур Мұса су қоймасының солтүстік-шығысындағы Имам Хомейни айлағында орналасып, 80 га аумақты алып жатыр. Бұл кешен Иранда аммиак, тыңайтқыш, күкірт қышқылы мен күкірт өндіретін ең үлкен компания, сондай-ақ фосфор қышқылы мен диаммонийфосфат тыңайтқышын өндіретін жалғыз  кешен. Бұл өнімдер ішкі қажеттіліктерді өтеумен қоса, жыл сайын күкірт, аммиак, тыңайтқыш, күкірт қышқылы әлемдік нарыққа жіберілетіндіктен Иранның мұнай-химия кешендерінің  валютаға деген қажеттіліктерін өтеуде маңызды рөл атқарады.  Айта кету қажет, Мұнай-химия арнайы экономикалық  аймағында орналасқан ондаған зауыттың әрқайсысы әралуан түрлі өнімдерді өндіретіндіктен Иранның экономикасында құнды рөл атқарады.