Қар 23, 2016 16:29 Asia/Almaty
  •  Жетекшілік хадисі 95

Ашуды бақылауға алып, оны жоятын жолдардың бірі – сабыр сақтап, шыдамдылық таныту. Шыдам ашудың басылуына себеп болады

Адам ашу арқылы өмірдегі жағымсыз мәселелерге қарсы тұрады. Дұшпанға қарсы жиһад, адамзат жүйесін қорғау, жақсылыққа жігерлендіру және жамандықтан жирендіру, жан мен мүлікті қорғау тек ашудың көмегі арқылы жүзеге асырылады. Басқа жақтан бұл күш артығымен байқалған кезде зардап келтіруі мүмкін. Өйткені ашу күшінің теңдіктен айрылуы адамның ақылы мен психикасына теріс әсер етеді. Сондықтан қасиетті Ислам діні барлық адамдарды ашуды басып, оны бақылауға алуға шақырады. Алла Тағала Құран Кәрімде мүмін адамдардың ең маңызды ерекшеліктерінің бірін ашуды бақылауға алып, басқалардың күдік-күмәндерін кешіру деп атап: «...Олар ашуларын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер». («Әл-Имран» сүресі, 134-ші аят). Исламдық мәтіндерде болмысы ашуға толып, бірақ кек алудан бас тартатын адам «ашуын басушы» деп аталады. Ислам діні бізді ашуды басуға шақырады. Хадистерде бұл жағымды сипат көп қуатталған. Исламның ұлық пайғамбары: «Жауап қайтару күшіне ие  бола тұра ашуын басып, сабыр сақтаған адамға Алла шәһидтердің сыйын береді»,- деген. Ашуды бақылауға алып, оны жоятын жолдардың бірі – сабыр сақтап, шыдамдылық таныту. Шыдам  ашудың басылуына себеп болады. Бір адам имам Хасан Мұджтаба (ғ.с.)-нан: «Шыдамдылық не?»-деп сұрағанда хазірет: «Ашуды басу және өз-өзін ұстау» деп жауап берген. Имам Хади (ғ.с.)-ға бұл сұрақты қойған кезде ол: «Шыдамдылық деген өз нәпсісіне ие болып, кек алатын күші пен мүмкіндігіне қарамастан өз ашуын баса білу»,- деген. («Мастадрак әл-Васаел», 11-ші том). Тыныштық пен шыдамдылыққа жету үшін әртүрлі жолдар қарастырылған. Олардың бірі махаббат пен достық білдіру болып табылады. Имам Бақер (ғ.с.): «Жақындарына ашуланған адам оның қасына барып, оны құшақтағаны дұрыс, өйткені адамның денесімен жақындауы  тыныштыққа себеп болады»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 70-ші том).  Ашуланған кезде адамның денесінің қызуы көтеріліп, қан айналымы артып, адамның ойлану  күшін төмендетеді. Бұл кезеңде салқын су ішіп, бетті суық сумен жуу ашуды басып, дене қызуын төмендетіп, адамның кек алу мен дұшпаныдығының салдары туралы ойлануына себеп болады. Сондықтан Исламның ұлық пайғамбары: «Ашуланған кезде суық сумен вузу алыңдар, өйткені, ашу – оттан, ал от сумен басылады»,- деген («Бихар әл-Анвар», 7-ші том). Кейбір рауаяттарда ашуланған кезде  шайтанның  көңіл бөлетіндігі, сондықтан  Алланы пана тұтып, өзіңді Аллаға тапсырып, шайтаннан құтқаруды сұрау туралы насихатталған. Адамның физикалық өзгерістері де ашуды басатын келесі себептердің бірі саналады. Исламның ұлық пайғамбары: «Сендердің біреуің ашуланған кезде егер тұрған болса, отырсын, ал егер отырған болса, жатсын. Егер ашуы басылмаса, суық сумен вузу алсын немесе денесін жусын»,- деген. («Усул Кафи», 2-ші том). Имам Бақер (ғ.с.): «Адам ашуланған кезде  тұрған болса, жылдам отырсын, егер отырған болса жылдам тұрсын, сонда шайтанның күдік-күмәндері алыстайды»,- деп айтқан болатын. Ашулы адамдар әрқашан тіпті ашудың жалыны жүрегін шырмамастан бұрын оның ұят салдары мен қисынсыз  ашудың олардың иманы мен  бақытына зиян келтіретіндігі туралы ойлануы керек. Ашу дүние мен ақыретте Алланың ызасына себеп болады, адамның достарын алыстатып, дұшпандарын қуантады. Сондай-ақ, ашу адамның өмірін қысқартып, денсаулығын қатерге тірейді. Керісінше, сабыр сақтау мен төзімділік таныту адамның денсаулығын жақсартып, қоғамдағы оның беделі мен Алланың ризалығына себеп болып, шайтаннан алыстатады. Алла елшісі: «Шыдамды адам тұрақты намаз оқып, ораза тұтатын адамның деңгейіне жетеді»,- деді.