Фұрқан сүресі, 631-шы аят, 53-55 аяттар
Фұрқан сүресі, 631-шы аят, 53-55 аяттар
"Фұрқан» сүресінің 53 аяты:
«وَهُوَ الَّذِی مَرَجَ الْبَحْرَیْنِ هَذَا عَذْبٌ فُرَاتٌ وَ هَذَا مِلْحٌ أُجَاجٌ وَجَعَلَ بَیْنَهُمَا بَرْزَخًا وَحِجْرًا مَّحْجُورًا»
Ол сондай Алла, екі теңізді қоя берді: мынау тұщы, анау тұзды, ащы. Екеуінің арасына (қосылып, араласпайтын) бөгет жасады. (53)
Құдайдың нығметтерін санамалаған алдыңғы бағдарламалардың жалғасында осы аят Құдайдың жаратудағы құдіретінің белгілерінің біріне тоқталып, былай дейді: «Сусаған жерлер мен жер тұрғындарының шөлдерін басатын жаңбырдың суымен қоса теңіздер де бар. Олардың суының бір бөлігі тұщы, тағы бір бөлігі ащы. Бұл екі су бір-бірінің қасында орналасып, бір-біріне қосылғанымен бірақ ұзақ уақытқа дейін бір-бірімен араласып кетпей, әрқайсысы өзінің ерекшеліктерін сақтайды. Былайша айтқанда, тұщы жәна ащы сулардың арасында олардың бір-біріне араласып кетуіне рұқсат бермейтін көзге көрінбейтін бір бөгет бар сынды. Бүгінде тұщы су мен ащы су концентрациясының дәрежесі, басқаша айтқанда олардың меншікті салмағының айырмашылығы бұл сулардың ұзақ уақыт бір-бірімен араласып кетпеуіне себеп болатындығы анықталды. Кейбір үлкен теңіздерде судың осы екі түрі – тұщы және ащы су бір-бірінің қасында орналасқан. Бұл мәселенің келесі мысалына өзендердің сулары жатады. Үлкен өзендер теңіздерге тұщы судың үлкен көлемін құяды. Өзендердің теңіздерге құятын жерінің үлкен аймағында, жағалаудың жанындағы су тұщы болады. Ол су біраз уақытқа дейін теңіздің ащы суымен араласпайды. Тұщы сулар жағалауда тұратын адамдар үшін пайдалы. Олар сол суларды өздерінің егістік жерлері мен бақтарын суғару үшін пайдаланады.
Адамдар дүниесінде де мүмін мен кәпір бір қала мен бір аймақта бір-бірінің жанында өмір сүргенімен олардың арасында кәпірдің кәпіршілігінің мүміннің иманына бойлап, оны тура жолдан тайдыруға рұқсат бермейтін бөгет болады. Осы аяттан үйренетініміз:
1.Табиғат Пәруәрдігердің ырқында. Ол табиғатты жаратып, сол жерде үстемдік ететін заңдарды орнатқан.
2.Мақұлықтардың тіршілігі үшін һәм тұщы су, һәм ащы су лазым. Құрлық бетіндегі жаратылыстар тұщы суды қажет етеді. Теңізде өмір сүретіндер ащы суға мұқтаж. Құдай олардың әрқайсының үлесін жеке түрде жаратып, белгіледі.
«Фұрқан» сүресінің 54 аяты:
«وَهُوَ الَّذِی خَلَقَ مِنَ الْمَاءِ بَشَرًا فَجَعَلَهُ نَسَبًا وَصِهْرًا وَکَانَ رَبُّکَ قَدِیرًا»
Ол сондай Алла, судан адам жаратып, оны ұрпақ және жегжат қылды. Раббың күшті. (54)
Жаратылыс иелерінің тіршілігін сақтау үшін жаңбыр мен теңіздердің суларының ролін баяндаған алдыңғы аяттың жалғасында осы аят былай дейді: «Құдай адамдар, сендерді де судан жаратты. Құдайдың қалауымен су мен топырақтың қосындысынан жаратылған алғашқы адам болсын, мейлі ұрықтан пайда болған кейінгі адамдар болсын барлығының өмірі суға тәуелді». Құдайдан басқа кім бір тамшы судың бетіне осындай әдемі бейне тудыра алады? Тоғыз айда кім су тамшысын көз, құлақ, тіл, аяқ-қол, жүрек, ми және тағы да басқа мүшелерге ие толыққанды тіршілік иесіне айналдыра алады? Мұның өзі адамның Жаратушысының шексіз құдіретінің белгісі. Аят адамның жаратылуы тақырыбының жалғасында ұрпақтардың таралуы туралы сөз қозғаған. Осы ретте үйлену арқылы пайда болған тума және қатыстық байланыстарға тоқталған. Мақұлықтардың арасында мұндай байланыстың түрі тек адамдардың арасында ғана бар. Құдай мұндай байланыстарды ерекше құрметтейді. Сол себепті оған ерекше ахкам орнатқан. Тума байланыс деп адамдардың арасында дүниеге келу, туу арқылы пайда болатын байланысты атайды. Ата-ана, перзент, аға-апай, тәте, нағашы аға және тағы басқалар адамның қаны бір туыс адамдар саналады. Жұбай таңдаған соң ер мен оның әйелінің туыстарының арасында қатыстық туыстық байланыс орнайды. Мысалы, әйелдің ата-анасы, аға-інілері және т.б.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Адамдардың барлығы бір материалдан пайда болған. Ұлттық, нәсілдік артықшылықтар мен басымдылық деген бос, негізсіз.
2.Физикалық тұрғыдан адам жануарлардың алдында артықшылыққа ие емес. Себебі һәм адам, һәм жануарлар судан жаратылған.
2. Адамның эмбрион кезеңін зерттеу жаратылыстың Жаратушысының құдіреті мен ұлылығы үшін ең артық дәлел.
«Фұрқан» сүресінің 55 аяты:
« وَیَعْبُدُونَ مِن دُونِ اللَّهِ مَا لَا یَنفَعُهُمْ وَلَا یَضُرُّهُمْ وَکَانَ الْکَافِرُ عَلَى رَبِّهِ ظَهِیرًا»
Олар Алладан өзге өздеріне пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге шоқынады. Сондай-ақ кәпірлер Раббына қарсы шыққанға жәрдем етеді. (55)
Құдайды Жаратушы ретінде қабылдағандарымен өздерінің өмірлерін басқа заттар мен мақұлықтарға тәуелді деп санайтын мүшіріктер оларға әртүрлі түрде табынады. Құдай осы тұрғыда былай дейді: «Сол ойдан шығарып алған тәңірлердің сендердің өмірлеріңдегі пайда мен зиянда атқаратын ешқандай ролі жоқ. Егер Құдай да қаласа сендерге зиян келтіре алады. Сол кезде олар (тәңірлерің) тосқауыл бола алмайды. Ондай болса неліктен Жаратушыға риясыз түрде табынып, құлшылық етудің орнына басқаларды іздеп, шеркке шырмаласыңдар? Не зат әрі ол кім болмасын мақұлықтардың барлығы Құдай жаратқан жаратылыс иелері. Олар Алланың қалауы мен ерік-жігерінсіз сендердің өмірлеріңе әсер ете алмайды. Егер Құдайдың құлы болсаңдар, Құдай сендерге өздеріңнің тілектеріңе жету үшін Ол тыйым салмаған құралдарды пайдаланып, өздеріңнің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етуге рұқсат еткен. Мүшіріктер мен кәпірлер өздерінің жалғандықтары мен бұрмалаушылықтарының жолында бір-біріне жәрдемдесіп, әрдайым насихат пен байланыстары арқылы өздерінің жалған ойларын күшейтуді мақсат етеді. Ондай болса сендер, мұсылмандар да өздеріңнің хақ жолдарыңда мықты болып, бір-біріңе қолдау көрсетіңдер». Осы аяттан үйренетініміз:
1.Егер осы дүниедегі тіршілікте пайдаға кенеліп, зиянды жойғымыз келсе өздері ештеңеге ие емес адамдар мен заттарды іздеудің орнына пайда мен зиян тек Соның қолындағы Құдайды іздейік.
2.Кәпірлер күпіршілікте бір-біріне қодау көрсетеді. Сол себепті мүміндер де жеңіліске ұшырамау үшін бір-бірімен байланыста болып, бір-бірімен ұйымшыл болуы керек.