Қар 26, 2016 19:59 Asia/Almaty

Фұрқан сүресі, 629-шы бөлім, 45- 49 аяттар

"Фұрқан» сүресінің 45-46 аяттары:

 

«أَلَمْ تَرَ‌ إِلَى رَ‌بِّکَ کَیْفَ مَدَّ الظِّلَّ وَلَوْ شَاءَ لَجَعَلَهُ سَاکِنًا ثُمَّ جَعَلْنَا الشَّمْسَ عَلَیْهِ دَلِیلًا»، «ثُمَّ قَبَضْنَاهُ إِلَیْنَا قَبْضًا یَسِیرً‌ا» 

 

Раббыңның көлеңкені қалай ұзартқанын көрмедің бе? Егер қаласа, оны тұрақты қылар еді. Сосын күнді көлеңкеге бір дәлел қылдық. (Көлеңке күннің барлығының дәлелі. Әр нәрсе өзінің терісімен анықталады. Ж.М.Р.) (45) Сосын ұзын көлеңкені өз жағымызға қолай алдық. (46)

 

Алдыңғы бағдарламада мүшіріктердің ислам пайғамбарына қатысты орынсыз үміттері мен жөнсіз қылықтары баяндалып, соларға жауап берілді. Осы аяттар мен осыдан кейінгі аяттар жер беті мен аспандағы Құдайдың белгілеріне тоқталып, былай дейді: «Құдайдың нығметтерінің біріне түннің келуі мен жер бетіндегі адам мен барлық мақұлықтардың демалуы үшін негіздің дайындалуына себеп болатын көлеңке жатады. Жер күнді айналып, оның жартысы үнемі жарық, келесі жартысы қараңғы болып тұрады. Бұл қараңғылық, шын мәнінде жердің арғы бетіндегі, күннің қарсысындағы көлеңке. Әрбір күннің соңында көлеңке біртіндеп пайда болып, ұзара түсіп, нәтижесінде түн келеді. Көлеңке келесі күннің таң атар мезетіне дейін жалғасады. Басқаша айтқанда, көлеңке деген күн шықпастан бұрын пайда болып, күннің шығуымен біртіндеп жоғалатын құбылыс. Түн мен күн жүйесінің тіршілік иелері мен адамның тіршілігінде маңызды ролге ие екендігі, температураның жоғарылауы мен оның шектен тыс төмендеуіне кедергі болатындығы түсінікті.  Сол себепті Құран келесі аяттарында былай дейді: «Егер Құдай түнді қиямет күніне дейін орнатқанда сендерге кім нұрдың сәулесін әкелген болар еді? Немесе, егер күнді соншама ұзақ еткенде кім сендерге демалуларың үшін түнді әкелген болар еді?». Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Табиғи құбылыстар жайлы ойлану – Құдайды танудың ең жақсы жолдарының бірі. Өйткені, олар илаһи құдірет пен хикмет негізінде жаратылған.

2. Жердің өз осі мен күнді айналуы кездейсоқ нәрсе емес, керісінше илаһи даналықпен жүзеге асырылады. 

 

«Фұрқан» сүресінің 47 аяты:

«وَ هُوَ الَّذِی جَعَلَ لَکُمُ اللَّیْلَ لِبَاسًا وَالنَّوْمَ سُبَاتًا وَجَعَلَ النَّهَارَ‌ نُشُورً‌ا» 

Ол сондай Алла, сендерге түнді киім, ұйқыны тынығу етіп, күндізді (кәсіпке) тұру мезгілі қылды. (47)

 

Алдыңғы аятта көлеңкенің әр күннің соңы мен басында ұзаруы және жоғалуы туралы айтылды. Осы аят түн мен күннің келуі болып табылатын  оның нәтижесіне тоқталып: «Түннің қараңғылығы адам ұйқы кезінде өзінің үстіне жабатын жамылғы сынды барлық жаратылысты жауып, күннің шығуымен келесі күні жұмыс істеп, талпыныс жасауға дайын болуы үшін олардың ұйқтап, дем алулары үшін негіз дайындайды. Түн қараңғылығы табиғи түрде адамның істерінің көбісінің тоқтауына негіз дайындайды. Адамның ұйқыға кетуімен оның физикалық белсенділіктері де кемиді. Себебі ұйқы кезінде дененің маңызды мүшелерінің жұмыстары саябырсып, жүрек пен өкпе сынды басқа мүшелері де ақырынырақ жұмыс істейтін болады. Осы аяттан үйренетініміз:1.Түн мен күннің ауысу даналыққа толы мақсаттар мен бағдарламаларға ие. Түн мен күн Алланың адамға берген нығметтері болып табылады. 2.Адам тыныштықты қажет етеді. Түн ұйқтап, тыныштыққа жету үшін ең жақсы уақыт.

3.Күн ­– жұмыс істейтін, түн – демалатын уақыт. Бұл уақыттардың бұзылуы, яғни, табиғаттың ағысына қарсы қозғалыс адамға нұсқан келтіреді.

 

«Фұрқан» сүресінің 48-49 аяттары:

 «وَهُوَ الَّذِی أَرْ‌سَلَ الرِّ‌یَاحَ بُشْرً‌ا بَیْنَ یَدَیْ رَ‌حْمَتِهِ وَأَنزَلْنَا مِنَ السَّمَاءِ مَاءً طَهُورً‌ا»، « لِّنُحْیِیَ بِهِ بَلْدَةً مَّیْتًا وَنُسْقِیَهُ مِمَّا خَلَقْنَا أَنْعَامًا وَأَنَاسِیَّ کَثِیرً‌ا»

 

 Ол сондай Алла; рахметінің (жаңбырдың) алдында қуандырып, самалдарды жіберді. Аспаннан тап-таза жаңбыр жаудырдық: (48) Ол арқылы өлі жерді жандандырып, біз жаратқан хайуандар мен көптеген адамдарды суару үшін. (49)

 

Бұл аяттар адамның еңбек етіп, тыныштыққа қол жеткізетін кездері түн мен күннің нығметтерін баяндағаннан кейін жел мен жаңбыр нығметтеріне тоқталып: «Бұлттардың теңіздер мен мұхиттардың үстінен жердің құрғақ аймақтарына дейін қозғалуы желдің соғуы арқылы орын алып, сусаған жерге жаңбырдың жауатындығы туралы қуанышты хабар жеткізеді» деді. Адам құрғақ жерлерге су жеткізу үшін үлкен-үлкен каналдар мен туннельдер қазады. Бірақ Құдай су жеткізуді аспан арқылы жүзеге асырады. Күн нұрын төгу арқылы теңіздің суы буланып ұшады. Жоғарыда, суық ауада су буының тығыздалуы бұлтты пайда етеді. Бірақ содан кейін негізгі жұмысты жел атқарады. Жел бұлттардың тығыздалған массаларын қажет еткен әлемнің әр жеріне жеткізіп, тоқтап жауып, жердің шөлін қандырады. Осы аяттарда Құдай жаңбырдың суын екі ерекшелікпен таныстырған: біріншісі, тазалау ерекшелігі; келесісі шөлді қандыратын ерекшелігі. Екеуі де адамның өмірінде өте үлкен рол атқарады. Біріншісі – тазалық пен денсаулық, екіншісі – қоректену мен даму салалары бойынша.

 Осы аяттан үйренетініміз:

1.Желдің соғуы мен жаңбырдың жаууы кездейсоқ істер емес, керісінше Раббының даналығы негізінде орын алатын нығметтер.

2. Физикалық тұрғыдағы істерге қатысты адам жануарлардың қатарында тұрады. Оның олардан еш артықшылығы жоқ. Егер ол кемелдікке жетуді қаласа өзінің рухани қырына көңіл бөлуі керек.

3. Су – һәм таза, һәм тазалық сыйлаушы.