Фұрқан сүресі, 620-шы бөлім, 1-3 аяттар
Фұрқан сүресі, 620-шы бөлім, 1-3 аяттар
"Нұр" сүресінің аяқталуымен бүгінгі бағдарламада "Фұрқан" сүресінің тәпсірін бастаймыз. Бұл сүре 77 аяттан тұрады. Меккеде түскен. "Фұрқан" хақты жалғаннан ажырататын деген мағынаға ие Құран атауларының бірі.
"Фұрқан" сүресінің 1 аяты:
«تَبَارَکَ الَّذِی نَزَّلَ الْفُرْقَانَ عَلَى عَبْدِهِ لِیَکُونَ لِلْعَالَمِینَ نَذِیرًا»
Бүкіл әлемге бір ескертуші болуы үшін құлына (жақсы-жаманды айыратын) Құранды түсірген Алла өте жоғары. (1)
Мүбәрәк болмыс деген әрдайым ізгіліктің бастауы болатын, басқалар үшін оның пайдасы жойылмайтын болмыс. Құран – Құдай тарапынан хазірет Мұхаммадқа түсірілген кітап. Алайда оның пайдасы мен игілігі қалаған пенделері үшін қияметке дейін жетеді. Қалаған адам оның жетекшілігін пайдаланады. Тарих бойында адамдардың үлкен тобын зұлматтан нұрға нұсқаған Алланың осы кітабынан жоғары қандай береке бар?
Хақты жалғаннан ажырату қиын іс. Себебі, адамдардың бір жағынан дұрыс пен бұрысты танудағы мағлұматтары шектеулі әрі жеткіліксіз, басқа жақтан, ішкі тілектер, я болмаса сыртқы қалаулар адамды жолсыздыққа тартады немесе оны тосылтып, түсініксіздікке душар етеді. Бірақ Құдайдың ілімі негізінде дайындалып, реттеліп, адамның ықтиярына берілген Құран Кәрім өмірдің әртүрлі істерінде хақ пен жалғандықты анықтап, адамға дұрысты бұрыстан ажыратуда бағыт-бағдар береді. Исламның ардақты пайғамбары да осы кітап негізі бойынша хақтан алшақтаудың қатерін құлаққағыс етіп, адамдарға жалған ой-пікірлерді қабылдау және бұрыс істерді орындау туралы ескертті. Хазіреттің ескертуі оның өзінің уақытына ғана қатысты емес, хазіреттің шақыруы олар қандай нәсілден болмасын, жердің қай жерінде болмасын адамдардың барлығына арналған. Осы аяттан үйренетініміз:
1.Құран – мүбәрәк бастаудан түскен мүбәрәк кітап.
2. Әртүрлі салада дұрысты бұрыстан ажырататыын ең жақсы құрал Құран Кәрімнің аяттары.
3. Ислам пайғамбарының ресалаты әлемдік. Ол бір нәсіл немесе бір ұлтпен шектелмейді.
"Фұрқан" сүресінің 2аяты:
«اَلَّذِی لَهُ مُلْکُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ وَلَمْ یَتَّخِذْ وَلَدًا وَلَمْ یَکُن لَّهُ شَرِیکٌ فِی الْمُلْکِ وَخَلَقَ کُلَّ شَیْءٍ فَقَدَّرَهُ تَقْدِیرًا»
Көктер мен жердің патшалығы Оныкі. Ол ешкімді бала қылып алмады да Оның патшалығында ешбір ортағы жоқ. Сондай-ақ әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі. (2)
Құдайдың ең үлкен нығметін, Құран мен пайғамбардың адамдарға жетекшілік етіп, бағыт-бағдар берудегі ролін баяндаған алдыңғы аяттың жалғасында осы аят адамға бір Құдайдың жаратылысты жарату нығметі мен оның істерінің даналығын еске салып, былай дейді: "Сендер үшін шариғат жүйесін орнатқан Құдай жаратылыс жүйесін лайықты тәсілмен өлшеп, бағамдаған сол Құдайдың өзі. Бұл екеудің арасында толық үйлесімділік орнатылған. Құдай Жаратушы ғана емес, сонымен қатар жаратылыс жүйесінің Басқарушысы да. Ешкім, ешбір жағдайда Оған серік болған емес, болмайды. Оның билігі аумағынан ешнәрсе тысқары емес. Аспан мен жер және барлық жаратылыс Оның мәңгілік билігінде. Ол мұқтажсыз. Оның жұбай алып, перзент сүйетіндей теңі жоқ. Сол себепті, негізінде перзент кемшіндіктерінің орнын толтыру үшін қажет болып табылатындықтан жаратылыстың барлығына үстемдік ететін Құдай үшін перзент қажет емес. Барлық ұлылыққа ие пайғамбарлар да Оның жаратылыстары болып табылады. Оларды Құдайдың перзенттері деу лайықсыз және жөнсіз байланыстыру болып табылады". Осы аяттан үйренетініміз:
1. Жаратылыста бір жүйе мен бір қалау үстемдік етеді. Жаратылысқа үстемдік ету тек Құдайға тиесілі.
2.Жаратылыстың барлығы біртұтас бастаудан жаратылған және Ол арқылы басқарылады.
3.Жаратылыс жүйесі кездейсоқ жүйе емес, керісінше нақты бағдарлама мен өлшем негізінде құрылған. Ондағы орнатылған заңдарды анықтап, болжауға болады.
"Фұрқан" сүресінің 3 аяты:
«وَ اتَّخَذُوا مِنْ دُونِهِ آلِهَةً لَا یَخْلُقُونَ شَیْئًا وَهُمْ یُخْلَقُونَ وَلَا یَمْلِکُونَ لِأَنْفُسِهِمْ ضَرًّا وَلَا نَفْعًا وَلَا یَمْلِکُونَ مَوْتًا وَلَا حَیَوةً وَ لَا نُشُورًا»
(Сонда да) олар Алладан өзге бір нәрсені жарата алмайтын, өздері жаратылатын, сондай-ақ өздеріне де пайда, зиян келтіру күшіне және өлтіру, тірілту тағы өлгенді қайта тірілту күшіне ие болмағандарды тәңір жасап алды. (3)
Жаратушының әлемдегі жалғыздығын қуаттаған Алдыңғы аяттан соң осы аят Құдай туралы мүшіріктердің көзқарастарын баяндап, былай дейді: "Олар жаратылыс істерін басқаруда Құдайға серік етіп, не өздерінің жаратушылары емес, не өздерінің иелері емес, не өздерінің тіршіліктері мен жоқ болуларында роль атқармайтын, не адамдардың өмірлерінде әсерлері болмайтын, біреуге тіршілік сыйлай алмайтын, тіршілік иелерін өмірден кенде ете алмайтын, не тіршілік басталғанда Жаратушы болмаған, не өлімнен кейін адамдарды қайтадан тірілте алмайтын, не осы дүниеде біреудің қиындығын шеше алмайтын, не қияметте қолдарынан ештеңе келмейтін пұттарды таңдады".
Осындай тастар мен ағаштардан жасалған мүсіндерге қараудың адамды жаратылыстың Жаратушысынан қапыл қалдыратындығы, Жаратушы мен жаратылыстың ортасына перде тұтатыны түсінікті. Бұл сол пұттарды адамның Жаратушыға көңіл бөлуінің мәйегі деп санайтын пұтқа табынушылардың сенімдеріне қайшы. Осы аяттан үйренетініміз:
1.Құран Кәрім мүшріктердің сенімдерін теріске шығарып, олармен қисын және дәлелдер арқылы сөйлеседі.
2.Пұттар ғана емес, сондай-ақ бір адамның басқа бір адамдардың өлімі мен тіршілігін және істерін басқаруда ешқандай ролі жоқ. Олардың есімдері Құдайдың атының жанында тұрмауы керек.
3.Өзінен зиянды жоя алмаған және өзіне пайда келтіре алмаған адам басқаларға да ештеңе істей алмайды.