Нұр сүресі, 619-шы бөлім, 62-64 аяттар
Нұр сүресі, 619-шы бөлім, 62-64 аяттар
"Нұр" сүресінің 62 аяты:
«إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِینَ آمَنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ وَإِذَا کَانُوا مَعَهُ عَلَى أَمْرٍ جَامِعٍ لَمْ یَذْهَبُوا حَتَّى یَسْتَأْذِنُوهُ إِنَّ الَّذِینَ یَسْتَأْذِنُونَکَ أُولَئِکَ الَّذِینَ یُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ فَإِذَا اسْتَأْذَنُوکَ لِبَعْضِ شَأْنِهِمْ فَأْذَنْ لِمَنْ شِئْتَ مِنْهُمْ وَاسْتَغْفِرْ لَهُمُ اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَحِیمٌ»
Шын мәнінде мүміндер сондай Аллаға, Пайғамбарына иман келтіргендер. Егер олар Пайғамбармен бірге топты түрде бір істе болса, Пайғамбардан рұқсат алмайынша кетпейді.(Мұхаммед Ғ.С.) рас сенен рұқсат сүрағандар, міне солар, Аллаға, Пайғамбарға иман келтіргендер. Қашан олар кейбір жұмыстары үшін сенен рұқсат сұраса, олардан қалағаныңа рұқсат бер. Және оларға Алладан жарылқау тіле. Күдіксіз, Алла өте жарылқаушы, аса мейірімді. (62)
Алдыңғы бағдарламада мұсылмандардың бір-бірімен араласуының кейбір әдебі баяндалды. Осы аят мұсылмандардың Құдайдың елшісімен қатынас жасау тәсілін түсіндіріп, былай дейді: "Құдайға деген иман және Оның елшісіне мойынсұнудың белгілерінің біріне қоғамның маңызды істерінде оның рұқсаты мен бұйрығынсыз ештеңе жасамау жатады. Егер халықтың қатысуын талап ететін маңызды істерде онымен бірге болсаңдар, оның рұқсатынсыз еш жерге бармаңдар. Халықтан бөлінбеңдер". Алайда бұл аят тек пайғамбардың уақытына ғана қатысты емес. Исламдық қоғамның жетекшілігін мойнына заңды түрде және лайықтығына байланысты алған адамға мүміндер бағынуы керек. Қоғамдық істерде оның пікірі мен шешімінсіз адамдар ешқандай әрекет жасамаулары керек. Діни жетекшілер жеке адам және қоғамның мүддесі негізінде шешім қабылдайды. Олардың бұйрықтары мен рұқсаттары илаһи міндеттер мен ресалаттарды жүзеге асыру бағытында беріледі. Сол себепті кету үшін рұқсат алатын адамдарға Құдайдың дәргаһынан жарылқау тілеп, олардың барлық кінәсі мен міндерін кешіруді сұрайды. Тәпсірлік деректерде осы аяттың дәлелдерінің бірін Ханзале оқиғасы деп атаған. Ханзале деген жас жігіт үйленетін түні пайғамбар мен мұсылмандар Охуд соғысына қатысу үшін Мединеден аттанады. Ол Құдайдың елшісінен өзінің неке қию рәсімін өткізіп, таң әлетінде мұсылмандарды қуып жетуге рұқсат сұрайды. Ол неке түнін өткеріп, таңертең ерте джиһадқа қатысу үшін асыққаны соншалықты, ғұсыл құйынып үлгермейді. Сол күйінде Охуд жаққа жол тартып, шайқас алаңына еніп, соңында соғыс алаңында шәһид болады. Сол кезде пайғамбар: "Аспан періштелері оны ғұсыл құйындырып, пейішке әкетті" дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
1. Қоғамдық жауапкершіліктерде мақсатқа жету үшін ұжымдық бірлікті сақтау қажет болып табылады. Мұндай жүйе мен тәртіп діни бұйрықтар мен иманның белгілері саналады.
2. Пікірлестік және кеңес негізі бойынша шешім қабылданатын қоғамдық істерде өзімшілдік пен "өзім білем" деуге салынушылыққа рұқсат жоқ.
3. Ислам қоғамы әрдайым ислам жетекшісінің бұйрығына құлақ асып, оның мақұлдауы мен рұқсатынсыз жауапкершіліктен бас тартпауы керек.
4.Исламдық қоғамның жетекшілері өздерінің саясаттарын жүзеге асырғанда реалист, иілгіш және адамдарға қатысты мейірімді де кешірімді болулары керек.
"Нұр" сүресінің 63-64 аяттары:
«لَا تَجْعَلُوا دُعَاءَ الرَّسُولِ بَیْنَکُمْ کَدُعَاءِ بَعْضِکُمْ بَعْضًا قَدْ یَعْلَمُ اللَّهُ الَّذِینَ یَتَسَلَّلُونَ مِنْکُمْ لِوَاذًا فَلْیَحْذَرِ الَّذِینَ یُخَالِفُونَ عَنْ أَمْرِهِ أَنْ تُصِیبَهُمْ فِتْنَةٌ أَوْ یُصِیبَهُمْ عَذَابٌ أَلِیمٌ»، «أَلَا إِنَّ لِلَّهِ مَا فِی السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ قَدْ یَعْلَمُ مَا أَنْتُمْ عَلَیْهِ وَیَوْمَ یُرْجَعُونَ إِلَیْهِ فَیُنَبِّئُهُمْ بِمَا عَمِلُوا وَاللَّهُ بِکُلِّ شَیْءٍ عَلِیمٌ»
Пайғамбардың шақыруын өзара бір-біріңді шақыруға ұқсатпаңдар! Рас, Алла сендердің ептеп, басқалардың тасасын сағалап шығып кететіндеріңді біледі. Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер өздеріне бір апат жетуден немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын. (63) Естеріңде болсын! Көктер мен жердегі нәрселер Алланікі. Расында Ол сендердің неменеде болғандарыңды біледі. Сондай-ақ олар өз жағына қайтқан күні оларға не істегенін білдіреді. Алла барлық нәрсені толық біледі. (64)
"Пайғамбардың рұқсаты мен бұйрығынсыз жұмысты тастамаңдар" деген алдыңғы аяттың жалғасында осы аят былай дейді: "Пайғамбар сендерді бір іске шақырған кезде өздеріңді пайғамбардың назарынан жасырып, ақырындап іс алаңынан жылыстап келуді ойламаңдар. Пайғамбардың бұйрығымен қарсыласу және оның жарлықтарынан жалтарудың осы дүние мен ақыретте сендер үшін жаман салдарлары болатынын біліңдер. Осы дүниеде жеке бастарың мен қоғамдық істерде қиындықтар мен мәселелер жағаларыңнан алып, қатаң сынақтарға душар болып, бастарыңа бәле төнеді. Ақыретте пайғамбарға бағынбағандықтарың үшін сендерді күйзелтуші азап күтеді. Неліктен пайғамбардың бұйрықтарын басқалардың бұйрықтары сынды деп ойлап, олармен қарсыласып, қашасыңдар? Егер аярлықпен өздеріңді пайғамбардың көзінен жасыратын болсаңдар бар нәрсені бақылаушы Құдайдан қалайша қашасыңдар? Сендерді үнемі көріп тұратын, сендердің ішкі және сыртқы барлық жағдайларыңнан хабардар Құдайдан қалайша қашасыңдар? Сендерге ғана емес, Ол жаратылыстың барлығына үстем және барлық нәрсе Ол үшін жасырын емес. Ол қазір сендердің барлық істерің мен әрекеттеріңе куә болып, бақылап тұр. Қияметте де Төреші. Ол сендердің іс-әрекеттеріңнің дәптерін өздерің ұсынып, соның негізінде жағдайларыңды анықтайды".
"Нұр" сүресінің соңғы аяты ешкім жасырын іс істеп немесе Құдайдың ілімінен жасырын жерге бара аламын деп ойламас үшін Құдайдың адамның ісіне қатысты ілімі мен хабардарлығын үш рет қуаттады. Әлемнің Құдайға тиесілі екендігіне және Құдайдың үнемі өзінің іс-әрекетін көріп тұратынына сенетін адамның сенімінің оған терең тәрбиелік тұрғыдан әсер ететіні және Құдайдың алдында күнә жасамайтыны түсінікті. Бұл сенімнің мықты тежегіш фактор ретінде адамға бұрмалаушылық пен күнә жасауға тоқсауыл болатындығы күмәнсіз. Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Құдайдың пайғамбары мен Алланың басқа да әулиелері құрметті де қасиетті адамдар. Олардың құрметі барлық жағдайда сақталуы тиіс. Олардың есімдерін құрметпен атап, шақыруын басқалардың шақыруы сынды санамайық. Сол шақыруға ізгі тәсілмен жауап беруіміз керек.
2. Құдайдың немесе пайғамбардың талабымен қарсыласудың һәм осы дүниеде, һәм ақыретте зияны болады. Бұл дүние мен ақыреттің саулығы діни бұйрықтарды орындауға байланысты.
3.Құдай адамның ойы мен әрекеттерінен хабардар деген сенім адамды жамандықтар мен бейбастақтықтардан сақтайды.