Нұр сүресі, 613-ші бөлім, 35-38 аяттар
Нұр сүресі, 613-ші бөлім, 35-38 аяттар
"Нұр" сүресінің 35 аяты:
«اللَّهُ نُورُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ مَثَلُ نُورِهِ کَمِشْکَوةٍ فِیهَا مِصْبَاحٌ الْمِصْبَاحُ فِی زُجَاجَةٍ الزُّجَاجَةُ کَأَنَّهَا کَوْکَبٌ دُرِّیٌّ یُوقَدُ مِن شَجَرَةٍ مُّبَارَکَةٍ زَیْتُونَةٍ لَّا شَرْقِیَّةٍ وَلَا غَرْبِیَّةٍ یَکَادُ زَیْتُهَا یُضِیءُ وَلَوْ لَمْ تَمْسَسْهُ نَارٌ نُّورٌ عَلَى نُورٍ یَهْدِی اللَّهُ لِنُورِهِ مَن یَشَاءُ وَیَضْرِبُ اللَّهُ الْأَمْثَالَ لِلنَّاسِ وَاللَّهُ بِکُلِّ شَیْءٍ عَلِیمٌ»
Алла (Т.) – көктер мен жердің нұры. Оның нұрының мысалы: ішінде жарық бар қуыс (немесе қуыста жанған жарық) сияқты. Жарық әйнектің ішінде. Ал әйнек бейне інжудей бір жұлдыз. Шығыс пен батыста болмаған берекет зәйтүн майымен тамызылады. Тіпті от тимей-ақ оның майы жарық бергелі тұр. Нұр үстіне нұр. Алла қалаған кісісін өз нұрына бөлейді. Алла адамдарға өстіп мысал береді. Алла әр нәрсені толық білуші. (35)
"Нұр" аяты деп танымал аят осы сүренің атауымен де байланысты. Бұл аят Құдайды жаратылыстың бұлағы және жаратылған әлемнің бөлімінің жарығы деп таныстырады. Осы аятта Құдай нұрға теңелген. Адам танитын және оған түсінікті материалды істердің арасында нұр – материалды істердің ең нәзігі және барлық сұлулықтар мен әдеміліктердің қайнар көзі.
Нұр – барлық жақсылықтың бастауы. Одан жамандық пен зиян шықпайды. Тіршілік – шөптер мен жан-жануар және адамдардың өсуінің барлығы күннің нұрына тәуелді. Нұрсыз өмірдің еш мәні жоқ. Нұрдың өзі һәм жарық, һәм басқа заттардың нұрлануына себеп болады. Құдай – һәм нұр, жарық сыйлаушы; һәм барлық жаратылыстың пайда болуының себебі. Құдай – жаратылыстың Жаратушысы. Жаратылыстың негізі мен тіршілігі Содан. Сонымен қатар Ол аспан мен жердің және барлық мақұлықтардың Жетекшісі. "Таһа" сүресінің 50 аятында айтылғандай:
«أَعْطى کُلَّ شَیْءٍ خَلْقَهُ ثُمَّ هَدى»
(Мұса): "Раббымыз, әр нәрсеге бір бейне беріп, сонан соң оны тура жолға салған" деді. (50)
"Нұр" аятының жалғасы илаһи жетекшілікті әрбір үйде нұрын төгетін, сол үйлердің тұрғындарын қараңғылықтан құтқаратын нұры мол шыраққа теңеген. Ыңғайлы жерде орналасып, шыны сауыты болғандықтан ол өшіп қалу қатерінен сақталған. Ол таза май арқылы жанады. Мұндай шырақтың нұры көп болады. Әрдайым нұрын төгіп, жарығы азаймайды және ешқашан сөнбейді. Илаһи жетекшілік уәһи және аспандық кітаптар арқылы, сондай-ақ пайғамбарлары арқылы адамға жетіп, мүміндердің жүректерінен орын алып, оларға дайым нұр сыйлап, жәһілдік пен зұлымдықтың қараңғылығынан шығарып, қараңғылықтардан нұр жаққа жетелейді". Осы аяттан үйренетініміз:
1.Жаратылыс – материалды әлемде көрініс тапқан илаһи нұрдың шамшырағы.
2. Илаһи жетекшілік һәм аспан мен жерде анық мақсатқа қарай жетекшілік етеді, һәм адамды жағымды кемелдік жаққа бағыттайды.
3. Тура иман тура жолға жетекшілік ететін жетекшіліктен қуат алады. Тура иман кез келген бұрмалаушылық пен қисықтықтан қорғалған.
"Нұр" сүресінің 36 аяты:
«فِی بُیُوتٍ أَذِنَ اللَّهُ أَن تُرْفَعَ وَیُذْکَرَ فِیهَا اسْمُهُ یُسَبِّحُ لَهُ فِیهَا بِالْغُدُوِّ وَالْآصَالِ»
(Бұл нұр) Алланың жоғары бағаланып, ішінде өз атының зікір етілуіне бұйырған үйлерде болады. Онда ертелі-кеш Оны дәріптейді. (36)
Алдыңғы аят илаһи нұр мен жетекшілікті баяндап, аяқталды. Осы аят былай дейді:
"Жер бетінде илаһи жетекшіліктің нұры үйлерде жарқырап тұр. Тұрғындары намазхан, Құдайды зікір етіп, естен шығармайтын адамдарға жарық сыйлайды. Құдай оларды басқа үйлерден артық және жоғары қойған. Олар мүміндердің арасында жоғары мәртебеге ие болулары керек. Қағбаның Мекке мен барлық мешіттерден және жер жүзіндегі барлық діни мекендердің осындай ерекшеліктерге ие екендігі, адамдардың илаһи жетекшілік алулары үшін сол мекендерге бару керек екендіктері белгілі".
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Мешіттер басқа үйлердің арасында көрнекті және барлық жағынан артық әрі жоғары болуы керек.
2. Құдайдың аты аталып, еске алынатын әрбір үй құрметтеліп, басқа мекендерден ерекшеленеді.
"Нұр" сүресінің 37-38 аяттары:
«رِجَالٌ لَّا تُلْهِیهِمْ تِجَارَةٌ وَلَا بَیْعٌ عَن ذِکْرِ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلَوةِ وَإِیتَاءِ الزَّکَوةِ یَخَافُونَ یَوْمًا تَتَقَلَّبُ فِیهِ الْقُلُوبُ وَالْأَبْصَارُ»، «لِیَجْزِیَهُمُ اللَّهُ أَحْسَنَ مَا عَمِلُوا وَیَزِیدَهُم مِّن فَضْلِهِ وَاللَّهُ یَرْزُقُ مَن یَشَاءُ بِغَیْرِ حِسَابٍ»
Өздерін сауда-саттық, Алланың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен қорқады. (37) Сондықтан Алла оларға істегендерінің ең көркем сыйлығын тіпті өз қасынан артылтып береді. Алла қалаған құлын есепсіз несібеге бөлейді. (38)
Илаһи жетекшілікке ие болатын ерлер мен әйелдер өздерінің материалды және дүниелік қажеттіліктерін шешу үшін талпыныс жасап, жұмыс істеп, сауда-саттық жасайды. Алайда бұл істер оларды рухани істер мен діни міндеттерін орындауларына кедергі болмайды. Олар әрдайым өз істерінің нәтижесін ойлап, қияметтің сотына келіп, істеген істеріне жауап берулері керектігіне мән береді. Осы іс мықты фактор ретінде иманды адамдарға жамандық жасауға тосқауыл болып, оларды жақсы әрі жағымды істерге жетелейді.
Алайда Құдай да ізгі іс иелеріне рақымы және кеңдігімен, ал жаман іс жасайтындарға әділетпен қатынас жасап, ізгі іске бірнеше есе, кейде тіпті жеті жүз есе сый береді. Бірақ жаман жолға түскен адамдарға жаман істерінің жамандығы мөлшерінде жаза тағайындайды.
Құдайдың ізгілік иелеріне қатысты мейірімі олардың ғамалдарының кемшін тұстарын толтырып, оларға толық ғамалдың сыйын беретіндігінде. Мұнымен қоса олардың ырзықтары мен сыйын ақыретте кеңейтіп, олардың күткендерінен де асырып береді. Оларға асырып беретіндігі соншалықты адамдардың есебіне де сыймайды.
Құдайдың жақсы пенделері азанның үнін естіген кезде жұмыстарын қойып, намазға барады. Намаз кезінде де ешбір іс олардың ойын бөлмейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Мал-мүлік пен байлық және материалды істердің тартымдылығы сондай, егер адам байқамаса олар оның Құдайды естен шығаруына себеп болады.
2. Сауда-саттық Құдайды еске алып, намаз оқып, зекет беру арқылы құнды болады. Құдай жолындағы ерлер өздерінің материалды тіршіліктері үшін талпыныс жасап, сонымен қатар ақырет жағдайын да ұмытпайды. Басқаша айтқанда, Құдайды еске алмай жасаған сауда-саттық пен талпыныс бос, құнсыз және құлдыраудың себебі болмақ. Шын мәнінде саудаға береке сыйлайтын және қоғамның дамуының ұйытқысы болатын ғамал Құдайды еске алу және намаз болып табылады.
3. Қияметте барлық нәрсе басқаша болады. Осы дүниеде жақсы болып көрінген нәрсе түкке тұрғысыз болып, құны жоғалып, адамдар мән бермеген нәрселер құндылыққа айналады.
4.Құдай үшін сауданың пайдасынан бас тартатындар Алланың есепсіз пайдасына кенеледі.