Қар 27, 2016 19:52 Asia/Almaty

Нұр сүресі, 612-ші бөлім, 32-34 аяттар

"Нұр" сүресінің 32 аяты:

«وَأَنْکِحُوا الْأَیَامَى مِنْکُمْ وَالصَّالِحِینَ مِنْ عِبَادِکُمْ وَإِمَائِکُمْ إِنْ یَکُونُوا فُقَرَ‌اءَ یُغْنِهِمُ اللّهُ مِنْ فَضْلِهِ وَاللَّهُ وَاسِعٌ عَلِیمٌ» 

Іштеріңдегі бойдақтарды, сондай-ақ қолдарыңдагы құл, күңдердің дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла аса кеңшілік иесі, толық білуші. (32)

Алдыңғы аяттар қоғамның тазалығын сақтау үшін қоғамдық байланыстардағы адамдардың бір-біріне қарауы мен назар салуды бақылауға алу тақырыбын баяндап, ерлер мен әйелдерге сөздері мен қылықтарында және әрекеттерінде ұят пен адалдықты, сондай-ақ пәктікті сақтауға тапсырды. Осы аят қоғамның саулығы мен тазалығын ахлақтық бұзақылықтардан сақтауда негізгі роль атқаратын үйлену тақырыбын қуаттайды. Жыныстық қажеттілік – Құдай адамзат ұрпағының жалғастығы үшін оның болмысына қалаған инстинкт. Құдай осы жыныстық тілекті қанағаттандырудың заңды және табиғи жолын неке арқылы жүзеге асыруды қуаттады. Жыныстық тілекті шайтандық тілек, ал некелесуді "макруһ"-жағымсыз іс деп санайтын, священниктері мен монахтарына үйленуге рұқсат бермейтін шіркеулердің кейбір көзқарастарына қарсы ислам діні үйленуді жағымды және қажет іс деп таныстырады. Үйлену мен отбасын құрудан жалтару үшін әдетте бір жалпы кешірімді іс саналатын нәрсе – кедейшілік пен материалды мүмкіндіктердің жоқтығы. Құран бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген. Ата-аналарға өздерінің қыздары мен ұлдарын отбасын құратын жасқа жеткен кезде үйлендіріп, тұрмысқа беруге, тұрмыстың басында олардың кедейшіліктен қорықпауларына, соны сылтауратып үйленуді кейінге қалдырмауға кеңес береді. Басқа жақтан үйдегі қызметші ерлер мен әйелдердің де жыныстық талап-тілектері бар. Егер оларға көңіл бөлінбесе олардың өздеріне немесе отбасы мүшелеріне қиындықтар тудыруы мүмкін. Сол себепті Құдай үйдің үлкендеріне осындай адамдарды үйлендіру туралы, олардың осы қажеттіліктеріне көзжұмбайлық танытпауға кеңес береді. Осы аяттан үйренетініміз:

1.Исламдық жүйенің қызметкерлері жыныстық азғындықтар мен бейбастақтық және жезөкшелікпен күресу үшін жастардың үйленулері үшін негіз дайындаулары керек.

2. Үйлену – ислам дінінде қасиетті және қуатталған іс.

3. Құдай үйленетін адамдардың өмірлерін қамтамасыз етуге уәде беріп, үйленуді кеңею мен берекенің құралы етті. Сол себепті кедейлік үйленуге кедергі болмауы керек.

"Нұр" сүресінің 33 аяты:

«وَلْیَسْتَعْفِفِ الَّذِینَ لَا یَجِدُونَ نِکَاحًا حَتَّى یُغْنِیَهُمُ اللَّهُ مِنْ فَضْلِهِ وَالَّذِینَ یَبْتَغُونَ الْکِتَابَ مِمَّا مَلَکَتْ أَیْمَانُکُمْ فَکَاتِبُوهُمْ إِنْ عَلِمْتُمْ فِیهِمْ خَیْرً‌ا وَآتُوهُمْ مِنْ مَالِ اللَّهِ الَّذِی آتَاکُمْ وَلَا تُکْرِ‌هُوا فَتَیَاتِکُمْ عَلَى الْبِغَاءِ إِنْ أَرَ‌دْنَ تَحَصُّنًا لِتَبْتَغُوا عَرَ‌ضَ الْحَیَوةِ الدُّنْیَا وَمَنْ یُکْرِ‌هْهُنَّ فَإِنَّ اللَّهَ مِنْ بَعْدِ إِکْرَ‌اهِهِنَّ غَفُورٌ‌ رَ‌حِیمٌ» 

Үйлене алмағандар Алла өз кеңшілігімен байытқанға дейін суық жолдан сақтансын. Қолдарыңдағы (құл, күң) хат тілегендерге, егер оларда бір хайыр білсеңдер, хат келісімін жасаңдар. Әрі оларға Алланың өздеріңе берген малынан да беріңдер. Өздері абыройлы болуды қалаған күңдеріңді дүние тіршілігінің пайдасы үшін жамандыққа зорламаңдар. Кім оларды зорласа онда Алла ол зорланғаннан кейін аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (33)

Алдыңғы аяттың жалғасында осы аят былай дейді: "Егер талпыныс жасағандарыңмен үйленуге жағдай болмаса, бұл іс күнәға батып, жыныстық бейбастақтыққа салыну үшін сылтау бола алмайды. Өйткені жыныстық қажеттілікті адамның бойына қалаған Құдай бақылау мен өзін-өзі ұстай білу күшін де оған сыйлаған. Адам мен хайуанның айырмашылығы мынада: аш хайуан тамаққа жеткен кезде өзін-өзі ұстай алмайды. Ол инстинтктің бұйрығымен тамақ жеуге мәжбүр. Бірақ осындай инстинкті тілекке ие және жегісі келіп тұрған адам тіпті аштық пен шөл қатты қысқан кезде де өз-өзін ұстай алады. Рамазан айында ораза тұтып жүрген адамдар сағаттап аштық пен шөлге шыдайды. Жыныстық инстинкт те адамды ешуақытта күнәға мәжбүрлей алмайды. Себебі хазірет Юсеф (ғ.с.) Зылиха оны нәпсілік тұрғыдан қалаған кезде һәм жас, һәм әйел затына деген қажеттілігі бола тұра, һәм құл болып, Зылихаға бағынуы керек болғанымен Зылиханың торынан қашып, Құдайды пана тұтты. Құдай да оған жабық есіктерді ашып, оның пәктігін ғиззаттың шыңына жеткізді". Аяттың жалғасы үйлерінде кәнизактары мен құлдары бар адамдарға екі кеңес береді: біріншіден, азат болулары егер олар  үшін пайдалы болса және өз өмірлерін басқаруға лайық әрі мүмкіндіктерге ие  болса оларға көмектесіп, азат етіп, тәуелсіз өмір сүріп кетулері үшін өздерінің мал-мүліктерінен оларға берулері керек. Екінші кеңес бойынша, "кәнизактарды өздеріңе табыс әкелетін кәсіпке салмау керек. Оларды зинақорлыққа мәжбүр етуге болмайды. Бұл істің сендер үшін ауыр жазасы бар. Олар бұл іске күшпен мәжбүрленгендіктен Алланың кешіріміне ие болады" дейді.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Жұбайлары жоқ немесе жұбайлары олар үшін қолжетімді емес адамдардың күнә жасауларына рұқсат жоқ. Олар сабыр мен пәктік сақтап, өздерінің нәпсілерін бақылауда ұстаулары керек.

2. Қол астындағылармен қатынаста әрдайым сендер жақтан оларға жақсылық жету үшін солардың пайдасына қарай іс жасаңдар. Өздеріңізге пайда түсу үшін оларды міндеттеріне жатпайтын іске мәжбүрлеуге болмайды.

3.Ислам заңдары құлдары азат етуді көздеді. Құлдарды құнын төлеп, біртіндеп сатып алу келісімі сол заңдардың бірі.

4. Заңсыз жолмен байлық жинауға рұқсат жоқ.

"Нұр" сүресі 34 аят:

«وَلَقَدْ أَنْزَلْنَا إِلَیْکُمْ آیَاتٍ مُبَیِّنَاتٍ وَمَثَلًا مِنَ الَّذِینَ خَلَوْا مِنْ قَبْلِکُمْ وَمَوْعِظَةً لِلْمُتَّقِینَ» 

Рас сендерге ап-ашық аяттарды әрі сендерден бұрынғы өткендерден мысал және тақуалар үшін насихат түсірдік. (34)

"Нұр" сүресі аяттарының осы бөлімінің соңында Құдай былай дейді: "Біз жіберген аяттар сендерге өмірдің жолын түсіндіреді. Бұрынғылардың тарихында болған нәрселерді сендер солардың тәжірибелерінен үйреніп, ғибрат алуларың үшін баяндайды. Бірақ тек тақуалар ғана Құранның кеңесіне құлақ қойып, оны қабылдайды. Басқалар бұл илаһи уағыздан кенде қалады".

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Құран – тарихи үлгілер арқылы адамға уағыз айтатын нұрлы және ағартушы кітап.

2.Ешкім, тіпті діндарлар мен тақуалар да кеңес пен уағыздан мұқтажсыз емес.