Қар 29, 2016 20:45 Asia/Almaty

Мүминүн сүресі, 605-ші бөлім, 112-118 аяттар

"Мүминун" сүресінің 112-113-114 аяттары:

«قَالَ کَمْ لَبِثْتُمْ فِی الْأَرْ‌ضِ عَدَدَ سِنِینَ»، «قَالُوا لَبِثْنَا یَوْمًا أَوْ بَعْضَ یَوْمٍ فَسئَلِ الْعَادِّینَ»، «قَالَ إِن لَّبِثْتُمْ إِلَّا قَلِیلًا لَوْ أَنَّکُمْ کُنتُمْ تَعْلَمُونَ»

 Алла оларға: "Сендер жер жүзінде қанша жыл тұрдыңдар?",- дейді. (112) Олар: "Бір күн немесе тағы аз уақыт тұрдық. Санаушылардан сұра" дейді. (30-С. 55-А.) (113) "Егер білген болсаңдар аз ғана-ақ тұрдыңдар" дейді. (114)

Алдыңғы аяттарда Құдайдың тозақтықтармен сұхбаты баяндалды. Осы аяттар соның жалғасында былай дейді: «Құдай олардың осы дүниедегі өмірлерінің уақыты туралы сұрап: «Жер бетінде неше жыл ғұмыр кештіңдер?" дейді. Олар жауап беріп: "Құдай! Егер күндер мен жылдардың нақты санын сұрасаң, біздің өміріміздің есебі мен кітабына жауапты болған періштелерден сұра. Біз азапқа душар болып отырмыз. Ештеңені есімізге түсіре алмаймыз. Біздің ойымызша, біздің жердегі өміріміз апта мен айды және жылды айтпағанда бір тәулікке де жетпеген сияқты" дейді.  Құдай олардың өмірдің қысқалығы жайлы мойындауларын растап, былай дейді: "Енді қазір қияметке келген кезде осыны түсіндіңдер. Әттең, күнә жасап, бағынбаушылық танытуда табандап тұрып алған кезде алдарыңда осындай күннің бар екендігін, дүниенің оның алдында еш құны жоқ екенін білгендеріңде ғой". Осы аяттардан үйренетініміз:1. Қияметте адамдардың бір тобы қатты қасіретке ұшырайды. Себебі олар дүниенің бірнеше күндік рахаты мен ләззатына бола өзі үшін мәңгілік азап пен жазаны сатып алғанын түсінеді. 2. Бұл дүние бір күнде немесе бір күннің жартысында содан өтетін көпір сынды. Көпірдің айналасындағы әдемі көріністердің бізді көпірдің арғы бетіндегі ақыреттегі мәңгілік өмірге көңіл аударуға кедергі болуынан абай болайық. 

"Мүминүн" сүресінің 115 аяты:

«أَفَحَسِبْتُمْ أَنَّمَا خَلَقْنَاکُمْ عَبَثًا وَأَنَّکُمْ إِلَیْنَا لَا تُرْ‌جَعُونَ» 

Шын Біз, сендерді босқа жараттық та, тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?",- дейді. (115)

Бұл аят ақыреттің болатын пәлсапасына сілтеме жасап: "Егер қиямет болмаса, бұл дүниедегі өмір мағынасыз әрі бос болған болар еді. Себебі материалды дүниелік бір өмір үшін Құдай адамның болмысына орналастырған осыншама мүмкіндік пен қабілет-дарынның қажеті болмаған болар еді. Адамдар да көптеген хайуандар сынды ақыл мен ой және ерікке ие болмастан-ақ дүние мен оның ләззаттырын пайдалана алар еді" дейді. Егер Құдай адамдарға ерекше басымдылықтар беріп, олардан өз еріктері және ақыл мен түсінік негізі бойынша өздерінің ғамалдары мен қылықтарын таңдауды сұраса олар өздерінің істерінің соңы мен нәтижесін көрулері керек. Әйтпегенде жақсы және жаман істер бірдей болып, зұлымдық пен жамандық барлық жерді жайлайды. Бұл әлемнің ұлылық және қабілет-дарынмен, әлеуетке толы осы адамның хабардар және хәкім Жаратушы тарапынан жаратылып, бірақ ешқандай есеп-қисабының болмай, кенеттен оның ісі аяқталып, жойылады дегенді ақыл қабылдайды ма? Осы аяттан үйренетініміз:1. Осынау ұлан-байтақ әлемнің бір бөлігі болып табылатын Адамның жаратылуы бос, мақсатсыз бола алмайды. 2.Адамды жаратудағы түпкі мақсат ақырет әлемінде көрініс табады. Дүниені ақыретсіз елестету адамды кемшін, бұлыңғыр түрде елестету болып табылады.

«Мүминүн» сүресінің 116-117 аяттары:

«فَتَعَالَى اللَّهُ الْمَلِکُ الْحَقُّ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ رَ‌بُّ الْعَرْ‌شِ الْکَرِ‌یمِ»، «وَمَن یَدْعُ مَعَ اللَّهِ إِلَهًا آخَرَ‌ لَا بُرْ‌هَانَ لَهُ بِهِ فَإِنَّمَا حِسَابُهُ عِندَ رَ‌بِّهِ إِنَّهُ لَا یُفْلِحُ الْکَافِرُ‌ونَ»

 Шынайы патша Алла, өте жоғары. Одан басқа Құдай жоқ. Ол ардақты ғаршының Раббы. (116) Біреу, Алла мен бірге дәлелсіз басқа бір тәңірге табынса, рас оның есебі Раббының қасында. Өйткені, қарсы болғандар құтылмайды. (117)

 Бұл аяттар жаратылыс әлемі мен адамның жаратылысының бос болуын теріске шығарып: "Құдай һәм Жаратушы, һәм Пәруәрдігер, һәм Ие, һәм Хәкім. Ондай болса мұндай Құдай қалайша бос іс жасауы мүмкін? Не жәһілдік пен надандық, не әлсіздік пен қауқарсыздық Оған жол таба алмайды. Ол – ғылым мен хикметтің бастауы. Ол адамдарды бос істермен айналысудан тыяды. Ондай болса Оның өзі бос істерді жүзеге асырады деп қалай қабылдауға болады.  Ия, егер жаратылыс ісі мен жаратылыстың басқаруында Құдайға серік болғанда жаратылыс жүйесінде сызат қалыптасып, адамды жаратудағы мақсат бұзылуы мүмкін еді. Бірақ мұндай болжам жасаудың ақылға сыймайтындығы анық. Ешбір сау ақыл Оған серік қоспақ түгілі Құдайға «ұқсас»,  «сынды», «сияқты» дегендерді қабылдамайды. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Құдай біздің ойымызға келетін барлық нәрседен Ұлы. Себебі біздің ойымызға келетіннің барлығы кемшін және шектеулі жаратылыстар. 2. Жаратылысты әрдайым Алла Өзінің хикметімен басқарады. Құдай оны жаратып, өз алдына қоя салған жоқ.  «Мүминүн» сүресінің 118 аяты:«وَقُل رَ‌بِّ اغْفِرْ‌ وَارْ‌حَمْ وَأَنتَ خَیْرُ‌ الرَّ‌احِمِینَ» (Мұхаммед Ғ.С.): "Раббым! Жарылқа, мәрхамет ет! Сен мәрхамет етушілердің ең жақсырағысың" де. (118)Құдай "Мүминүн" сүресінің соңында пайғамбар мен адамдарға әрдайым Оның дәргаһына бет бұрып, Оның шексіз мейірімі мен рақымын сұрауды үйретіп, Пәруәрдігердің пенделеріне деген рақымы мен махаббатының басқа кез келгеннен көптігін біліңдер дейді. Басқалар біздің жақсылықтарымызды көріп жүрген кезде ғана бізді жақсы көреді. Бірақ, егер біз тараптан оларға қатысты қателік жасалса олардың махаббаттары кеміп, кейде бізбен байланыстарын толығымен үзеді.  Бірақ Мейірімді Құдай ондай емес. Ол қателікке ұрынған пенделерін де жақсы көреді. Оларды Өзі тарапқа шақырып: "Сендерді кешіріп, Өзімнің рақымымды сендерге қайтаруым үшін Мен жаққа келіңдер" дейді. Осы аяттан үйренетініміз:1.Ешкім, тіпті пайғамбарлар да әлемнің Пәруәрдігерінің махаббатына мұқтажсыз емес. Барша Оның дәргаһына мұқтаж болып, құлшылық етуі тиіс.2.Өзімізді үнемі Құдайдың алдында кінәлі сезінуіміз керек. Өзіміздің кінәларымыз бен айыптарымыз үшін Одан кешірім сұрайық.