Нәміл сүресі, 677-шы бөлім, 70-75 аяттар
Нәміл сүресінің 70-75 аяттарының тәпсірі
«Нәміл» сүресінің 70-71-72 аяттары:
«وَلَا تَحْزَنْ عَلَیْهِمْ وَلَا تَکُن فِی ضَیْقٍ مِّمَّا یَمْکُرُونَ»، «وَیَقُولُونَ مَتَى هَذَا الْوَعْدُ إِن کُنتُمْ صَادِقِینَ»، «قُلْ عَسَى أَن یَکُونَ رَدِفَ لَکُم بَعْضُ الَّذِی تَسْتَعْجِلُونَ»
"Оларға күйінбе де, олардың айлакерліктеріне тарылма." (70) "Егер шын айтушы болсаңдар, бұл уәде қашан?",- дейді. (71) Оларға: "Асығып тілеген азаптарыңның кейі сендерді өкшелеп тұрған болуы мүмкін" де. (72)
Алдыңғы бағдарламада «Нәміл» сүресінің 69 аятында Құран пайғамбардың қарсыластарын бұрынғы заманғы өркениеттердің жойылуын байқау үшін жердің түкпір-түкпіріне саяхаттауға шақырып, олардың тағдырларынан ғибрат алуға кеңес берді. Бірақ осы аяттар пайғамбарға қаратып: «Мүшіріктердің қырсықтық пен қыңырлықтарын қоймай, олардың үнемі хақпен қарсыласатындықтарына бола қайғырма, себебі сен өз міндетіңді атқарып, хақты олардың құлағына жеткіздің. Құдай адамдарды азат әрі құрметті етіп жаратты. Сол себепті олардың мәжбүрлікпен иман келтіргенін қаламайды. Бірақ олар иман келтірмеуімен қатар сенің шақыруың мен насихаттарыңа үнемі қастандық жасап, жоспар құрады. Біз өзіміз олардың жоспарларын жоямыз. Сол себепті бұған қатысты алаңдама» деді.
Аяттардың жалғасы мүшіріктердің сөздеріне тоқталып, «Олар пайғамбар мен мүміндерді келеке етіп: «Алланың жазасы осы дүние мен ақыретте бізге жетеді деген уәделерің неге орындалмайды? Біз сол жазаны күтудеміз» деген сөздерін айтады.
Құдай оларға берген жауапта: «Көп асығыстық танытпаңдар. Жақында бастарың бәлеге ұшырайды. Сендердің келеке еткендерің өздеріңе сор болады» дейді.
Осы аяттардан үйренетініміз.
1.Адасқандарға жан ашудың шегі мен мөлшері бар. Адасқандарға жетекшілік етуге талпыныс жасау керек. Бірақ, егер олар хақты түсіне тұра, бәрібір жалғанға табандап, қырсығатын болса, оларды жөндеріне қалдырып, оларға бола қайғырмау керек.
2.Алланың кәпірлер мен мүшіріктерге берген мұрсаты Құдай оларды ұмытып кетті деп ойлауымызға себеп болмасын. Ерте ме, кеш пе олар өздерінің жөнсіз істерінің жазасын алады.
«Нәміл» сүресінің 73-74-75 аяттары:
«وَإِنَّ رَبَّکَ لَذُو فَضْلٍ عَلَى النَّاسِ وَلَـکِنَّ أَکْثَرَهُمْ لَا یَشْکُرُونَ»، «وَإِنَّ رَبَّکَ لَیَعْلَمُ مَا تُکِنُّ صُدُورُهُمْ وَمَا یُعْلِنُونَ»، «وَمَا مِنْ غَائِبَةٍ فِی السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ إِلَّا فِی کِتَابٍ مُّبِینٍ»
Күдіксіз, Раббың, әлбетте адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ олардың көбі шүкір қылмайды. (73) Сөз жоқ, Раббың әлбетте олардың көңілдеріндегіні де, көрнеуге шығарғандарын да біледі. (74) Жер-көкте ашық Кітапта болмаған ешбір көмес нәрсе жоқ. (75)
Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар былай дейді: «Егер Құдай сендерді жазалауға асықпаса, бұл оның осалдығы мен қауқарсыздығының себебі немесе қапылдығы мен ұмытшақтығына байланысты емес. Керісінше, Алланың пенделеріне оралу мен тәубеге келу үшін берген мейірімі мен рақымына байланысты. Бірақ, өкінішке орай, олар Алланың бұл үлкен рақымына назар аудармай, оған шүкіршілік білдірмейді. Өткенді түзетудің орнына өздерінің теріс істерін жалғастырады».
Бәлкім, зұлымдар да Құдай олардың істерінен хабардар емес, олардың қастандықтары мен қауіпті ойларын білмейтіндіктен оларға қарсы әрекет етпейді деп ойлайтын болар. Олардың іштеріндегі ғана емес, сонымен қатар жаратылыстағы барлық заттар мен жаратылыс иелерінің іштеріндегінің барлығы Құдай үшін белгілі. Еш нәрсе оның назарынан жасырын емес. Себебі жаратылыс жүйесінде Ләухүл-Махфуз бар. Ол Пәруәрдігердің шексіз ғылымы. Әлемнің барлық нәрсесі сонда анық та айқын түрде жазылған.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Алланың берген мұрсатының қадірін білейік. Оны ісіміздің дұрыстығының және жазаға лайық болмауының себебі санамай, тәубе мен өзіміздің өткенімізді түзету үшін қолданайық.
2.Құдай барлық нәрсенің көмесі мен көрінеуінен хабардар. Құдай аспандар мен жердің ғайыбы, адамның жасырын істері, қияметтің болатын уақыты мен басқа да сырлары мен құпияларын біледі.
3.Сонымен қатар жаратылыстың барлығы Оның бақылауында және оның кітабына тіркеліп, есебі алынатын болады.
4.Іс-әрекеттеріміз бен қылықтарымызды түзету қажеттігімен бірге ниеттеріміз бен түрткілеріміз де түзетуді қажет етеді. Басқаларға жамандық ойлаудың орнына оларға жақсылық тілейік. Себебі Құдай біздің ішкі сырымыздан хабардар. Соның негізінде ол бізге өзінің рақымы мен мейірімін түсіретін болады.